Әдебиет • 24 Қаңтар, 2022

Қорғансыз қазақ рухы

2115 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік» деп басталатын «Арман­дастар» атты ән бар. Мақпал Жү­ні­сованың орындауында шыр­қалып келеді. Бір дәуірдің аспанын ұстап тұру деген, әрине, құдіреттің ісі. Десе де, осылай да шабыттың шырқауына шығып айтуға да бойыңа бір ақындық алапат күш бітуі керек шығар. Әнде айтылғандай, замандас­тар бір дәуірдің мөлдіреген аспаны болар я болмас, олар туралы жырлағанда қиял биігіне көтерілген ақын бойынан сезім алапаты туғаны анық.

 

Қорғансыз қазақ рухы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тура сол сияқты, бір дәуірдің ру­хын ұстап тұрған шығармалар бо­лады. Сол заманның шындығы, сезім­дері, ойы мен рухы, тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасы, тағдыр-таланы, бір сөзбен айтқанда, уақыттың үні тұра­ды бойында. Мәселен ол ән десек, қазақ тарихының ең бір азалы тұсынан сыр шертетін «Елім-ай» болуы мүмкін. Немесе 1916 жылдың зарынан шыққан «Самалтау» болуы да кәдік қой. Алайда қайсыбір заманның шындығын арқау еткен әнмен қоса, адамдардың тағдыры мен қоғамдық құбылыстың бәрін бойына сыйдырған шығарма болса, онда арнайы тоқталуға тура келеді. Әңгіме Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» романына ауғанда, осылай сөйлеуге тура келеді.

Шығарма шала туған баланың тағдырынан басталғанын былай қойғанда, автор оқырманға дүниеге келген сәбидің әкесін өзің ажыратып ал дегендей, жұмбақ қылып жасырады. Сол сияқты қазақтың басына да алмағайып заман төнген, аласапыранның алды-тұғын. Ел арасына патшаның әкімшілік жүйесі, болыстық келген. Болыстыққа талас, дау-дамай. Абайша жеткізсе, «Болды да партия, Ел іші жарылды», Дулат ақынша айтқанда, «ағайын араз болған соң, ел екіге жарылған» замана. Сондай алмағайыпта туған, әкесі балам деп мойындамайтын Мұса, болыстан қағажу көріп, астындағы атынан айырылған, есіміне жанама «жаяу» аты таңылған Жаяу Мұсаның автор көкейімізге түсіретін тағы бір есімі – қорғансыз қазақтың рухы. Автор сол кездегі идеологияға байланысты шығарманы қыспақтан өткізу үшін Боштай болысты қиянатшыл қылып көрсеткен, ол көркем шындық, автордың қиялы делік. Мейлі, тіпті солай жазса да, көркем қиыстырып отырып, шындықты айтып қойған болады. Шығарманың қуаты да осында деп білеміз. Өйткені зар заман ақынд­а­ры­на дейін ханның өзіне өктем сөйлеп, ақ-қарасын айтқан, «алмаға ат байлаған» жорық жыраулары жоқ. Өз үкіметі, ханы билеген заман келмеске кеткен. Қазақ даласындағы жыраулық рухтың оты басылған. Дүниеге сал-серілер келген. Халық баяғы қуатынан түгел ажырай қоймаған, заман мамыражай көрінгенімен, қазақтың еркі уысынан шығып кеткен. Жаяу сынды азат, еркін жан иелері таршылық қамытын кие бастаған. «Біржан сал» киносы басталып жатқандағы эпизодты еске түсіреді: даланың еркін ұлдары қызықтап қуып келе жатқан бөрісін бір топ орыстың офицері атып өлтіріп, сес көрсетіп кетіп қал­ғанындай. Адамзат баласында ұлт­тың жүрегінен өткен уақыттың мұн­дай суық сұры әуелі ақындардың көкірегін мұздатса керек-ті. Демек, Жаяу Мұсаның екінші аты – қазақ. Көрген құқайы, тартқан азабы, жа­саған қылығы мен істеген ісінің бәрі сондай ойларға жетелейді. «Ат­ты­дан жаяу жүріп кек аламын, жігіт­тер, шамаң келсе маған ұқса» деп өзі де айтады оны. Қанша қысас пен қу­ғын-сүргінді бастан кешірсе де, қайтпаған, қайсар рухы ширыға түс­кен жанкешті өнер иесі.

Елде еркін жүріп, айылын жимаған, именіп аяғын тартпаған Жаяу айдалып кете барады ғой. «Тек жүрсең – тоқ жүресің» деген қағидамен өмір сүрмеген, асау басы ноқтаға сыймаған өнер иесіне сор боп жабысқан да сол қасиеті. Шорманның Мұстафасының (болыс) ауылы үстінен ән шырқап өткенінен жазықты болып шыға келмей ме? Жергілікті дүмділермен кикілжің сол арадан туады. Тағы бір әңгімеде болыс кеңсесінің төріне ілінген ақ патшаның суретін «төрде тұратындай бұл кім еді?» деп жұлып тастап, жыртып, сындырғаны айтылады. Осындай ұсақ-түйектер жинала келе ақырында іс насырға ша­уып, Мұсаны жер аударып жібереді. Бәлен жыл жат елде айдауда жүреді. Бұрынғы досы, серігі Араппен сонда кездеседі. Романдағы Күнбөпе мен Араптың арасындағы сезім, Араптың көзсіз ерлігі, Шоқанның інісі Жақыптың қиянаты махаббат тақырыбын шиеленістіре түседі. Сеніскен досы жер аударған, серттескен ғашығынан айырылған Арап Жаяуды көрген бойда Күнбөпені сұрайды. Күнбөпенің аянышты өлімі кімнің де болсын өзегін өртер еді. Ішті қарып, жанарға жас үйірмей қоймас-ты. Жаяу оны серігінен жасырып қала алмайды. Онсыз да жазықсыз айдалып, жалғаннан жапа шеккен Арап «Күнбөпе өлген соң маған өмірдің керегі не?» деген екен. Бұл Араптың соңғы сөзі болатын. Жаяу ертесіне оянғанда Араптың өлі денесін құ­шақтап қалады. Ал өзіне көзі түсіп, ғашығы Арапты айдатып жіберген Жақыптың опасыздығына көнбей, түн ішінде ауылдан қашып шыққан Күнбөпе құтырған қасқырларға жем болады.

Жаяу Мұса үйінде жатып Шорман­ның Мұстафасы өлді деген хабар алғанда айтқан сөзі еске түседі. Өзі өмір бойы ұстасып өткен қас жауы Мұстафа. «Ұстасса ұстасуға, белдессе белдесуге жараған бір қазақ еді, енді маңайда ондай да адам қалмаса, маған да уақыт таяған екен» депті. Сөйтіп заманы ұсақтай берген қайсар қазақтың ірілігі бүгінде жаңадан басыла қоймайтын осындай ескі кітаптарда қалған сияқты көрінеді.