Аймақтар • 24 Қаңтар, 2022

Шоғырланған тұтынушы шағын өндіріске сеп

297 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Урбандалудың жылдам жүруі еліміздегі әлеуметтік мәселелердің асқынуына әкеліп отырғаны белгілі. Бұл – терең зерттеп, кеңінен зерделеуді қажет ететін тақырып. Біз бұған әлі ораламыз. Ал әзірге осы мегаполистер мен тірек қалалардың маңына жаппай шоғырлану үрдісі отандық азық-түлік қауіпсіздігіне қаншалықты ықпал етіп отырғаны жайында айтпақпыз.  

 

Шоғырланған тұтынушы шағын өндіріске сеп

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»

Бүгінде қала тұрғындарының тамақ өнеркәсібінің өніміне деген сұ­ранысы да мейлінше өсуде. Оған мы­сал­ды алысқа бармай-ақ, Алматы қаласы мен мегаполис маңындағы елді мекендер тұрғындарының тұтыну көле­мінен-ақ келтіруге болады. Бұған дейін Алматыдағы азық-түлік нарығына құ­йы­латын нақты ақшаның айлық үлесі миллиондаған доллар көлемінде екендігі айтылатын. Және осы қаржының үлкен бөлігі сырттан келетін тауарларға жұм­салады екен. Ал қала мен қала маңын­дағы өндіріс орындары тұтыну нары­ғындағы сұраныстың 60 пайызын ғана қамтамасыз етуге қауқарлы еді. Тағы бір ескеретін жағдай, бірнеше жылға созылған пандемия шектеулері мен карантин кедергілері сыртқы нарықтан енетін тауар ағынын шектегені рас. Демек тұтынушылар­дың талабын қана­ғат­тандырудың негізгі салмағы отан­дық өнеркәсіпке ауғаны анық. Бы­лай қарасаңыз, бұл – қолдайтын, тіпті қуа­натын-ақ жағдай. Бірақ ұзақ жыл­дар бойы отандық агроөнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының қалыпты даму жолына түспей келгені және тұтас­тай алғандағы ішкі жеңіл өнеркәсіп өнім­дерінің жоққа тән болуы бұл мәселеде бізді жерге қаратып отыр.

Осы жерде белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменовтің Алматының азық-түлік белдеуіне қатысты үнемі айтып келе жатқан пікіріне құлақ асқан жөн. Эконо­мист мегаполистің өз ішінде де халық тұты­натын тауар шығаратын, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс ошақтары жеткілікті деп санайды. Алайда олардың өндірістік қуатын то­лық іске қосуға белгілі бір топтар мүд­делі бол­май отырған көрінеді.

– Соның салдарынан қала нарығы ұзақ жылдар бойы сырттан тасымалданатын азық-түлікке тәуелді болып келді. Бұл жерде өндірісті өркендету мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірден-бір жауапты Үкімет мүше­лерінің өзі сыртқы ойыншылар мен ішкі делдалдардың лоббиіне айналып отырғанын да ашық айтып келеміз. Мүмкін, енді жағдай оңалар, – дейді белгілі ғалым.

Жалпы, Алматы қаласын азық-түлік өнімдерімен қамту бойынша тек сыртқы нарыққа, яғни импортқа тәуелділік басым деген пікірмен келіспеуге де болады. Өйткені қазір мегаполисті халық тұ­тынатын тауармен қамтуда Алматы мен Жамбыл облыстарының үлесі қо­мақ­ты. Әсіресе Жетісудағы жеңіл өнер­­кәсіп, оның ішінде тамақ өнер­кәсібі қаланы тұрақты қамтамасыз ету­ші ретінде берік орнықты. Мәселен, қала тұрғындары күн сайын тұтынатын ет және ет өнімдері, сүт, жұмыртқа, қант, жарма өнімдері негізінен қала маңын­дағы аудандарға тиесілі шағын және орта өндірістің өнімі екені анық. Екін­ші жағынан алғанда, Алматыны азық-тү­лікпен қамтамасыз ету өте жауап­ты міндет болғандықтан, азық-түлік белдеуіне кіретін аудандардағы өнер­кәсіптің дамуына мемлекет те мүдде­лі. Ал қаладағы дайын өнімге сұраныстың жоғары, тұрғындардың тұтынушылық қабілетінің орасан болуы өндіруші үшін эко­номикалық пайда екені даусыз. Демек бұл жерде тұтынушы мен өндірушінің мүд­делері тоқайласып, ортақ нарықты құ­райтыны сөзсіз. Соның бір көрінісін Ал­маты облысы аумағындағы шағын өн­ді­­рістер­дің өнім шығару қабілеті артып отырға­нынан байқауға болды. Тіпті бұған дейін өндірісі жолға қойылған ша­­ғын зауыт­тардың қатарын жаңадан ашыл­­ған өндіріс орындары толықтырып жатыр.

Мысалы, жақында Қапшағай қала­сында жылына 2 500 тонна өнім шыға­ратын жылыжай ашылды. 4 га алаң­ды алып жатқан алып кешенді іске қосу үшін 3,5 млрд теңге инвестиция тар­тылған екен және 70 адамға тұрақ­ты жұмыс бермек. Жалпы, былтыр Қап­шағай қаласындағы өнеркәсіп өнімі­нің көлемі 107,4 млрд теңге болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойын­ша да өндірілген өнімнің құны 21,3 млрд теңгеге жетті. Ал алынған нақты өнім­нің негізгі тұтынушысы Алматы қаласы болып отыр.

– Біздің Қапшағай қаласында өнер­кәсіп те, ауыл шаруашылығы да қатар өркен­деп келеді. Қазіргі кезде 325 ша­руа­­шы­­лық жұмыс істейді, егіс алқа­бы 13 мың гектардан асты. Ауыл шаруа­шылығын­дағы жалпы өнім көлемі – 22,6 млрд теңге. Бұл алдың­ғы жылмен салыс­тырғанда 1 млрд тең­геге артық. Жақында «LSTAгро» жылы­жай кешенін аштық. Соның нәти­жесінде Қапшағайдың экономикасына 3,5 млрд теңге тартылды. Заманауи ны­сан жергілікті тұрғындарды ғана емес, Алматы сияқты үлкен нарықты да сап­алы отандық ауыл шаруашылы­ғы өнім­дерімен қамтамасыз етуге үлесін қо­сады, – дейді Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев.

Сондай-ақ аймақтағы тұтыну нары­ғының сұранысын қанағаттандыруға мегаполиске жақын Жамбыл ауданының шаруалары мен өндірісшілері өз үлесін қосып отыр. Жақында ауданда жыл са­йын 1,4 млрд теңге көлеміндегі дайын өнім шығаратын зауыт ашылды. Онда бөтелкедегі ауыз су мен табиғи шырын өндірілмек. Жобаның құны – 372,1 млн теңге. Зерделеу үшін жергілікті нарыққа 12 600 дана ауыз су мен табиғи шырын өнімі шығарылған. Ал не­гіз­гі тұтынушылар қатарында мегаполис тұрғындары тұр. Бұл өз кезегінде аудандағы өндірістің алға жылжуына ықпал етіп отыр. Мәселен, былтырғы 10 айда аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15 млрд теңгені құрады. Ал шағын және орта бизнес саласында 8 626 нысан жұмыс істейді. Бұл – экономикалық белсенді халықтың 15 пайызы немесе 14 мың адамның нәпақасы осы бағыттан бұйырып тұр деген сөз. Табыс та жаман емес. Өткен мерзімде Жамбыл ауданы бойынша шағын бизнестен түскен таза пайда 35 млрд теңге шамасында. Ал аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 20,2 млрд теңгеге жеткен.

Қазіргі өлшем бойынша әлеуметтік маңызды азық-түліктің тізіміне 19 түрлі тауар кіреді. Осы тауардың 17 түрі Алматы облысында өндіріледі. Ендігі мақсат – Алматы қаласы мен облыс тұрғындарын бағасы қолжетімді азық-түлікпен қамту. Бұған өңірдегі шаруалар мен өндірісшілердің қауқары жетеді деген сенім бар. Мемлекет тарапынан қолдау да жоқ емес. Оның ішінде баға саясаты мен қосымша шығындарға әсер ететін факторларды реттеуге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет кірісіп те кетті. Ал оның нәтижесін уақыт көрсетеді.