Экономика • 24 Қаңтар, 2022

Зардап шеккендерге қаржы секторы қандай қолдау көрсетеді?

578 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дәл қазір елде болған төтенше жағдайдан зардап шеккен барша азаматқа айрықша қолдау аса қажет. Мемлекеттік органдардың да тізе қоса қимылдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар кезі – осы сәт. Дүрбелең кезінде қаншама кәсіпкер мен қарапайым азаматтың кәсібі мен жұмысы тоқтап, табыстарынан айырылды. Бүлік салдарынан шағын бизнестің тауарлары мен нысандары бүлінді. Енді олардың етек-жеңіп жинап, қалыпқа келуіне әуелі ақша, сосын уақыт қажет. Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы оқиғадан зардап шеккендерге кең көлемді қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. 

 

Зардап шеккендерге қаржы секторы қандай қолдау көрсетеді?

Елдегі қаржы ұйымдарының екі тізгін, бір шылбырын қолға ұстаған агенттік екінші деңгейлі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен келісе отырып, кредит мен микрокредиттің бар­лық түрі бойынша төлем­дерді кейінге қалдырудың бірың­ғай тәртібін қабылдады. Қаржы­лық қызметтерді тұтынушы­лар­дың құқықтарын қорғау депар­таментінің директоры Алек­сандр Терентьевтің айтуынша, кейінге қалдыру мүмкіндігін барлық зардап шеккен заңды және жеке тұлғалар төтенше жағдай енгізілген күннен бастап 3 ай ішінде пайдалана алады.

– Қарыздар мен микрокредиттер бойынша кейінге қалдыру кезеңінде барлық банк пен МҚҰ тұрақсыздық айы­бы, айыппұл мен өсімпұлдар есептемейді, сондай-ақ мерзімі өткен пайыздық сыйақыны ка­пи­тал­дандыруға жол беріл­мей­ді. Бұдан басқа, кредиттерді өтеу мерзімін өткізіп алуға жол беріл­ген және мерзімін кейінге қалдыру қарыз алушының кре­диттік тарихын нашарлатуға және ол туралы кредиттік бюро­ға теріс ақпарат беруге негіз емес. Кейінге қалдыруды алу үшін қарыз алушы кез келген қол­­жетімді байланыс тәсілі­мен не­месе кредитордың бөлім­ше­сіне өзі бару арқылы еркін нысанда өтініш жазуы қажет. Бұл – 2020-2021 жылдары пандемия кезеңінде берілген кейінге қалдыру үшін қолданылған өте қолайлы тәртіп. Осы кезеңде 2 млн-нан астам азамат­тың немесе қарыз алушы жеке тұл­ғалардың 33,8%-ы кейінге қал­дырылған төлемдер бойынша 270 млрд теңгеден астам соманы төлеуді кейінге қал­дыр­ды. Барлық зардап шеккен қарыз алушыларға кредиторға жү­гінуге жеткілікті уақыт беріл­ді – өтініш 3 ай ішінде, яғни 2022 жылдың 5 сәуіріне дейін берілуі мүмкін. Бұл ретте, өтініш берілген күнге қарамастан, кредит бойынша кейінге қалдыру төтенше жағдай енгізілген күннен бас­тап ұсынылатын болады, – деді А.Терентьев.

Оның айтуынша, жаппай тәртіп­сіздіктен зардап шеккен биз­несті аяғынан қайта тұрғы­зуға ұзақ уақыт кетеді. Сондық­тан несие беруші мен қарыз алушының келісімі бойынша төлем­дерді кейінге қалдырудың 3 айдан артық мерзімі белгіленуі мүмкін. Ал төлемдерді кейінге қалдыру мерзімі біткен соң, не­сиені бәрібір өтеуге тура ке­леді. Бұл орайда агенттік тө­лемді өтеудің екі нұсқасын ұсынады.

«Кредитті өтеу мерзімінің соңына дейін бұрын кейінге қал­­ды­рылған төлемдерді бір­кел­кі бөлу түрінде немесе кре­дит бойынша ағымдағы төлем­дер­дің мөлшерін сақтау үшін қа­рыз мерзімін ұлғайту. Кредит­тік ұйым­ның қарыз алушы­мен келі­сімі бойынша өзге кесте бел­гі­ленуі мүмкін. Несиені ке­йін­ге қалдыруға байланыс­ты несие алушылардың құқық­та­рын қорғау бойынша 2 ма­ңыз­ды шарт қарастырылған: кре­дит­тік ұйымдар қарыз алу­шы­лардан кредит бойынша кейін­ге қалдырылған операциялар, өтініш­тер бойынша ешқан­дай ко­миссия мен өзге төлемдер ал­май­ды. Қарыз алушылардың та­лап ету жұмыстарын, оның ішінде мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарламалар жібермейді», деп атап өтті спикер.

Айтылып отырған талаптар мен мүмкіндіктердің іске асырылуын агенттік өзі қадағалайды. Егер кредитор негізсіз бас тарт­қан жағдайда, қарыз алушы­лар агенттікке жүгінуге құ­қылы. Әрбір өтініш бойынша қар­жы­лық қызметтерді тұтыну­шы­лардың құқықтарын қорғау үшін дереу қадағалау ден қою шаралары қабылданады. Ведомствоның call-орталығына жұмыс күндері сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін, +7(7272) 371 000 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Сондай-ақ қазіргідей қиын-қыстау шақта көпшілік сақ­­тан­дыру компанияларынан жәр­дем күткен. Алайда ол үміт­тері ақтал­маған сыңайлы. Өйт­кені компаниялар елде бол­ған ахуалды саяси процесс нә­ти­жесінде туындаған оқиға деп бағалап, көмек қолын созу­дан бас тартқан. Қаржылық қыз­мет­терді тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау депар­таменті директорының орынбасары Ернар Оразбаев сақтан­дыру компанияларының да агент­тік қарауына кіретінін, сон­дық­тан олар көмектен бас тартса, аза­мат­тардың компания үстінен агенттікке шағымдануға құқығы бар екенін айтады.

«Орталық кеңсе Алматыда орналасқан, өңірлік өкілдер басқар­масы әр облыс орталық­тарында бар. Біз өтінішті қарап, қажет болса құжаттамалық тексеру жүргізіп, кейіннен қоры­тынды жауабын шағым беру­шіге жауап ретінде ұсынамыз», дейді Е.Оразбаев.

Көпті алаңдатқан тағы бір сауал – өртенген автомобильдер мәселесі. Бір Алматының өзінде жүздеген көлік отқа оран­ды. Олардың басым бөлігі несиеге ресімделген көліктер. А.Те­рентьевтің айтуынша, бар­лық көлік сақтандырылған, сон­дықтан бұл мәселені де агент­тік өзі қадағалайды. Тиісті төлем жасалмаған жағдайда сақтан­дырылған тұлға сақтан­дыру омбудсменіне, сондай-ақ агенттікке жүгіне алады деп атап өтті ол.

Арнайы брифинг барысын­да ақшаны елден шығару мәсе­­ле­сі де ұмытылмады. 11 қаң­­тар­да Мәжілісте сөйлеген сөзін­­де Президент осы түйткілге ай­рықша тоқталып, елден ақша­ның заңсыз шығарылмауын тапсырған еді.

– Президенттің капиталды елден заңсыз шығаруды бақы­лау және жолын кесу жөнін­дегі тапсырмасын орындау шең­­берінде Ұлттық банктің, Қар­­жы­лық реттеу агенттігінің, Қар­жылық мониторинг агенттігінің халық­а ралық төлемдер мен ақша аударымдарының орындалуын бақылауды күшейту тура­лы бірлескен бұйрығы қа­был­данды. Осы тетік аясында біз әр операцияда күмәнді белгі­лердің болуын қараймыз. Бүгінгі таңда банк салымшылары үшін тәуекелдер жоқ және банк клиенттерінің барлық қара­жаты толық сақталғанына назар аударғым келеді. «Банк құпиясы туралы» заңды ескере отырып, бұл жұмыс толық көлемде жүргізілгеннен кейін толық ақпарат ұсынылады, – деді А.Терентьев.

Сондай-ақ агенттік өкілі құқық қорғау органдарының әр жағдайды жеке қарайтынын, тәртіпсіздікке қатысы болған азаматтарға ешқандай қолдау жасалмайтынын да баса айтты.

«Несиені кешіру немесе қосымша көмек көрсету бо­йынша барлық мәселе жеке-жеке жүзеге асырылады. Егер адам белсенді қатысып, құқық қорғау органдарымен және сотпен бұл тәртіпсіздіктерге кінә­лі деп табылса, онда оған қол­дау шаралары көрсетілмей­ді. Біз әскери қызметшілер мен ІІМ қыз­меткерлерінің тізі­мін пысық­тадық, олар бойын­­ша тиісті жұ­мыстар жүргізіл­ді. Қазі­ргі уа­қытта Еңбек және халық­ты әлеу­меттік қорғау министр­лігімен заңсыз іс-әре­кет­терге қатыспаған аза­мат­­тық тұл­ға­лар бойынша тізім­дер­ді пысық­тап жатырмыз. Олар бо­йын­ша әскери қыз­метші­лер мен ішкі істер қыз­меткер­лері үшін көзделген іс-шара­лар жүргі­зіледі», деді ведомство өкілі.