Күн жылынса, коммуналдық қызметшілер жердің астан-кестеңін шығарып, құбырларды жөндеумен әлек болады. Бұл жұмыстардың қар түскенге дейін жалғасатынына екібастұздықтардың еті үйренген. Өкінішке қарай, жыл сайын жөнделуге тиіс көлемнің жартысы ғана орындалады. Жылу таратуға жауапты ұйым басшылығы «тариф құны төмен, сол себепті жөндеу жұмыстарына қаражат жетпейді» деп өздеріне шаң жуытқысы жоқ.
Екібастұз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Закарияновтың мәліметінше, шаһардағы жылу желілерінің ұзындығы 422,83 шақырымды құрайды. Оның басым бөлігі «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нің иелігінде (342,622 шақырым). Бүгінде аталған мекеменің балансындағы жылу құбырларының 85,98 пайызы тозған. «Түгі қалмапты» деп осындайда айтылса керек. Салдарынан жыл сайын жергілікті әкімдікке тұрғындар тарапынан арыз-шағым қарша борайды екен.
Мәселен, редакциямызға шағымданған қала тұрғыны Жаңажол Онашыбай 10 жыл бойы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосыла алмай жүргенін айтты. Жағалай орналасқан 15-ке жуық үйдің тұрғындарының жанайқайы да сол.
– Дружба, Жұмат Омашев және Воинов-интернационалистов көшелерінің тұрғындары инженерлік игіліктерден мақұрым қалдық. Қалада тұрсақ та әлі күнге дейін пеш жағамыз. Қысқы маусымда 20 тоннадай көмір тұтынамыз. Көмірдің үстінде отырсақ та, қара отынның бағасы жыл сайын қымбаттауда. Жылу электр стансаларының іргесінде тұрып, жылуға жарымай отырғанымыз өкінішті. Әкімдік жылу желісін үйдің ауласына дейін жеткізіп берсе, әрі қарай үйге өзіміз тартып алатын едік, – дейді Жаңажол Онашыбай.
Аталған жағдай бойынша қала басшылығына хабарластық. Олар бұл мәселеден хабардар екен. Жылу таратушы мекеме өкілдерімен бірге тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, мәселенің мән-жайына үңілген. «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Павел Мельничуктың айтуынша, тұрғындар жылу магистралін салуды сұрап отыр. Аталған көшедегі үйлер кезінде азаматтардың өз қалауымен әр жерде салынғандықтан, магистраль тарту тиімсіз.
– Өз тарапымыздан тұрғындарға тиімді жолды ұсынып отырмыз. Дружба көшесіне жақын орналасқан ХIV жылу магистраліне қосылуға мүмкіндік бар. Ол үшін көше комитеті құрылып, тиісті құжаттарды реттеуі керек. Тұрғындар қаншалықты жедел қимылдаса, жылуға соншалықты жылдам қосылады, – дейді П.Мельничук.
Үйлер мен жылу магистралін асфальт жол бөліп тұр. Бұл ретте қала билігі тұрғындарға тиісті жұмыстарды атқаруға техникамен көмектесуге әзір екенін жеткізді.
– Үй иелері магистраль мен үй ауласына дейінгі шаруаны тындыруға қол ұшын созуды сұрайды. Бұл іске бюджеттен қаражат бөле алмаймыз. Яғни заңға қайшы. Тұрғындардың қалтасына салмақ түсетінін түсініп отырмыз. Десе де ретін табуға болады. Жылу магистраліне қосылса, жыл сайын көмірге мол қаражат жұмсамайтын еді, – дейді М.Закариянов.
Екібастұздық зейнеткер Сара Мәуенова да жылу мәселесі қозғалса, елең ететін жағдайға жеткен. 23-шағын аудандағы жер үйде тұратын ол орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылуды асыға күтіп отыр.
– Отағасы 80-нен асты. Мен 74-темін. Мұны айтып отырғаным, қартайғанда бейнетіңнің зейнетін көргін келеді-ақ. Көмір илеп, тасуға шамамыз келмейді. Үйіміз жылы болса, жарық пен суымыз үзілмесе, бізге сол жетіп жатыр. Басқа ештеңе сұрамаймыз. Былтыр жылуға қосыламыз ба деп үміттенген едік. Болмады. Биыл мәселе оң шешімін тапса екен. Шағын аудан тұрғындарының тілегі сол, – дейді зейнеткер.
Қалалық құрылыс бөлімінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, 23-шағын ауданды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жобасы 2019 жылдың тамызында басталып, былтыр желтоқсан айында аяқталған. Бұл іске 784,1 млн теңге қаражат жұмсалыпты. Жобаға сәйкес 520 шаңырақ жылудың рахатын сезінуге тиіс. Жылу магистралі көшеге тартылғандықтан, тұрғындар әуелі жылу құбырын үйге дейін жалғауға тиіс. Мамандар шамамен 500 мың теңге мен 1 млн теңге аралығында қаражат қажет екенін айтып отыр. Кейін жылуға қосылу үшін «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нен техникалық шарт алу керек. Сонымен, іс те бітеді.
Біздің жазғанымыз екі мысал ғана. Күн сайын қала әкімінің сайтына келіп түсетін өтініштер қаншама?! Тіпті, жаз айларында да коммуналдық мәселелер бойынша арызданатын азаматтар аз емес. Өңірдің инженерлік желілер жүйесі жаңғыртылмай, шағымдардың азаюы екіталай. Бұл ретте моноқалаларды дамыту жобасына сәйкес Екібастұз қаласының коммуналдық жүйесі жаңа кейіпке енеді деген сенім мол.
Оралхан ҚОЖАНОВ,
журналист,
Павлодар облысы