Өнер • 27 Қаңтар, 2022

Нұрғали Нүсіпжанов: Қай заманның да тіршілігіне әділет тән болса керек

1456 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Нұрғали Нүсіпжанов десе, «Сарыжайлау», «Теріскей», «Өз елім», «Құстар», «Асыл әжем», «Маралдым» секілді иісі жұпар аңқы­ған, иірімі терең, ерекше мәнерлі әндер құлағымызға бірінен соң бірі құйыла кетеді. Әрқайсысы әнұрандық қуатқа ие, әр қазаққа таныс осы әндердің Нұрғали Нүсіпжановтың болмысымен қабысып кеткені сонша, әнді әншіден, әншіні әндерінен ажырату мүмкін емес.

Нұрғали Нүсіпжанов: Қай заманның да тіршілігіне  әділет тән болса керек

. Кейде тіпті «жарты ғасырға жуық жасап келе жатқан осынау әсем әуен Нұрғалидай әншісіне кездеспегенде, тағдыры әлдеқандай болар еді?», деп ұлы композиторлардың өлмес туындыларына ұзақ өмір сыйлаған әнші талантына құрметің тіпті арта түседі. Әнді қазақтың кең жазира даласының қызылды-жасылды гүлдеріндей түрлендіріп, әрлендіріп, нәрлендіріп шырқаған Нүсіпжановтың дауысы музыка мәдениетіндегі биік деңгейдің өлшеміндей өнер тарихында мәңгі қалатыны сөзсіз. Жақында ғана 85 жасқа толып, сахнада жүргеніне 65 жыл толған мерейлі белесін атап өтуге әзірленіп жүрген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжановтың ән туралы айтқан әңгімесінің әсері тіпті бөлек. 

– Сіз­дің ескі әндеріңіздің өзі ең жас тыңдаушының құлағына жа­ғымды естілетін өміршеңдігін жоғалт­пай келеді. Сіз ән айтамын деп үлкен сахнаға шыққан тұста таланты бірінен-бірі асқан мықты әншілер көп еді, ортасынан ойып тұрып өз орныңызды белгілеу де оңайға соқпаған бо­лар. Бағыңызға қарай, ең мық­ты композиторлар сізге арнап ән жазды. Бүгінгідей шымыр шу­мақ, мөлдір музыка, таза дауыс­­қа сусап отырған кезеңде көмескі тартып бара жатқан «ақын – композитор – әнші» дей­­тін шығармашылық үштік одақ дәстүрін қайта жаңғырту мүмкіндігі бар ма?

– Композитор, ақын, әнші, осы үшеуінің бірлігінен құрылатын шығармашылық одақ дәстүрі сирек те болса бүгінгі күні де кездеседі. Бірақ ән тауарға айналған заманда, табиғатына, талантына сай келмесе де, ақысын кім көбірек төлесе, ән сол орындаушының қанжығасына бөктеріліп кете барады. Бірін-бірі ыммен түсінетіндей жағдайда жұмыс істеген біздің арамыздағы шығармашылық достық өзімізбен тұйықталатын болар. Нота – әндегі әріп, бұған қоса, көңілдің иірімі деген болады. Ол иірімді нотамен белгілеу мүмкін емес. Оны әнші тек тірі дауыспен, дауыс ырғағымен ғана жеткізе алады. Композиторлардың мені жақсы көргені олардың әнін кеңірек, тереңірек түсінгендігімнен шы­ғар. Жүрегін ән кернеп, жарып шығатын кезде Нұрғиса ағам күн демей, түн демей шақырып алатын. Такси ұстап, жеделдетіп же­­тіп барсам, композитордың жа­нында не Қадыр ақын, не Тұман­бай аға отыратын. Нотаға түс­кен әуенді мен бірден рояльмен орындап беремін. Дауысты-дауыс­сыз дыбыстың буынмен үйле­сім табуы, әннің ырғағы, қай тұсы­ның қиыспай тұрғаны, сөзімен үйлесім таба алмай тұрған жері алақанға салғандай айқын көрінеді. Менің әндеткеніме қарай Қадыр, Тұманбай ағалар қолма-қол ән сөзін әуенге қарата қайта-қайта өңдеп жатады. Ағаның бетіне тіке қарамайтын ауыл тәрбиесімен өскендіктен «мына жеріңіз ән ырғағына келмейді» деп айтуға ұяламын. Бірақ ұялсам да, кейде басымды қасып қойып, «жап-жас болып, бірнеше рет жөндетіп, сіздерді қинап қойдым-ау», деп қысыла тұрып өз түзетуімді айтуыма тура келеді. Сондай сәттің бірінде Қадыр ағам: «Ей, Нұрғали, осы ән қазақ халқына қызмет ететін болса, мың рет түзетуге дайынбыз» дейтін еді жарықтық. Ұлы классиктердің өнер алдындағы, халық алдындағы бұдан асқан адалдығы мен жауапкершілігі келер ұрпақтың бойында қайталана ма, жоқ па, мен білмеймін.

– Әнші ретіндегі кәсіби қы­рыңызды Қазақ радиосын­дағы музыкалық редактор, бас редактор деген қызметіңіздің тіпті жетілдіре түскенінен хабарымыз бар. Қызметіңіздің бір қыры журналистикамен байланысты болғандықтан эфир тазалығы үшін аз еңбектенген жоқсыздар...

– Мен радиоға қызметке 1966 жылы келдім. Сол кездегі радио-телекомитеттің басшы­сы Кенжеболат Шалабаев үкімет­тік концерттерден өнерімді бай­қап жүреді екен, «қазақша тілің жатық, бізге тілді мүлтіксіз бі­ле­тін қызметкерлер керек», деп жұ­мыс­қа шақырып еді. Ха­лық­­тың риза­лығына бөле­ген ән­шілік ба­­ғым­ды радио ашты де­сем, қателеспеймін. Ра­дио­ның жанында жеке кәсіби эстра­да­­л­ық-симфониялық оркестрі бол­ды. Онда Ділшат Мұсабаев, Ве­не­ра Қармысова, Люция Төлешова, Зейнеп Қойшыбаева, Лаки Кесоглу сияқты әншілер жұмыс істеді. Алғашында 4-5 адам отыратын редакцияны 14-15 қызметкерге дейін көбейтіп, халық музыкасы, эстрадалық әндер, камералық музыка, шетел әндері секілді бөлім­дер ашып, осы салаға тікелей жауап беретін кәсіби білімі бар маман­дармен толықтырып, оларға ба­ғыт-бағдар беріп, жұмысты ұйым­дастырып отырдық. Қазақ ра­диосының халық алдындағы жауапкершілігі, рөлі өте үлкен болды. Халық бізге имандай сене­тін. Әлдеқандай ән төңірегінде пікірталас туа қалғанда, «сен қа­зақ радиосынан естімеп пе едің, ол ән былай айтылып еді ғой», дегенде ой, сөз қайшылығы сол жерден қаңтарылатын. Апта са­йын халықтан мың-мыңдап хат келетін. Тыңдарманның бірауыз сөзін жерге тастамай, сол хат­тың әрқайсына тиянақты жауап беретін едік. Эфирге шығатын әр­бір ән Композиторлар одағы­ның, Жазушылар одағы­ның, консерваторияның, филармония­ның 7-8 мықты маманынан құрал­ған көркемдік кеңесінің сүзгісінен өтетін. Бұл көркемдік кеңес «осы әнді халықтың алдында орындауға бола ма, жоқ па?», деген жалғыз сұраққа сараптама жасайтын ең әділетті кеңес еді. Өкінішке қарай, бұл күнде мұндай жұмыс тәртібінің бірі де жоқ. Бұл «кешегі кезең керемет еді, бүгінгі күніміз нашар», деген сөз емес, тек қай заманның да тіршілігіне әділет тән болса керек. Радиодан кейін музыкалық редактор деген жұмысымызды телевизияға барып жалғастырдық, онда да осы мақсатымыздан жаңыл­ғанымыз жоқ. Бұл миллион­даған аудиторияның аузы ашылып өзіңе қарап отырғанын сезін­геннен туған үлкен мәдениет пен жауапкершіліктің жемісі еді. Ал қазіргі егемендік алғаннан кейін­гі еркіндікті кей бауырлар ойына келгенді істеу деп ұғады. Еркін­дік деген жақсы ғой, бірақ сол ер­кіндіктің өзі елге деген сүйіс­­пен­шілікпен бірігіп, тұтасып жатса, ілтипаттан, мәдениеттен туын­­дап жатса, тіпті ғанибет болар ма еді?..

– Сіз айтып отырған көркем­дік кеңес те, жауапкершілік те келмеске кетті ғой, бірақ тым бол­­мағанда музыкалық мәде­ниет­ке қайта орала аламыз ба осы біз?

– Бұл сұрақ үнемі менің де көкейімде тұрады. Эфирге шы­ғатын музыканың сапасына жауап беретін, халықтың ойынан шығатын, талабын орындайтын заман енді келді ме деп ойлап отырмын. Әр адам өз ісін кәсіби білікпен жоғары деңгейде атқарса, өзіне деген талабы күшті болса, көп кемшілікке жол берілмей, бар дүние өз орнында тұрар ма еді? Консерваторияда оқыған жеті жылымды есептемегенде, үлкен сахнаға шыққаныма биыл 65 жыл болады. 65 жыл аз уақыт па? Халықтың ойынан шығу үшін өнер адамына кәсіби біліммен бірге, адамгершілік, ізденіс, талап, жауапкершілік дейтін толып жатқан қасиет, ішкі дайындық керек. Опера театрында екі жыл жұмыс істегенімде, Қ.Байсейітов, Қ.Жандарбеков, М.Ержанов, Ғ.Құр­манғалиев, Б.Төлегенова, Р.Бағ­ланова секілді өнер майталмандарынан үйренгенім көп болды. Бұл саңлақтармен күллі Одақ көлемін бірге араладық, шетелдік гастрольдерде сапарлас болып, бірге концертке шықтық. Мысалы, Роза Тәжібайқызының ән айтқандағы дикциясы қандай еді! Сыңғырлаған үнінің тазалығына ешбір асыл теңесе алмас, әр сөзі маржандай мөлдіреп, жүрегіңді жылытып, елжіретіп жіберетін. «Бұлбұл» атанған Бибігүл апайдың мәнерін тілмен айтып жеткізу мүм­кін бе?! Ермек Серкебаев ту­ған жер, Отан туралы әндерін шыр­қағанда кеудеңде мақтаныш, пат­риот­тық рух оянатын. Музыка­лық мәдениет деген, міне, осы. Әр әншіден осы тұлғалардың әнге деген құрметіндей құрмет іздеймін, амал не, ән де, әнші де бір кезеңдік болып, даңққа бөлене алмай, қысқа мерзімдік дақпыртымен қалып барады.

Теле-радиода істеген мүмкін­дігімді пайдалана отырып, Құр­ман­бек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Асқар Тоқпанов, Кенен Әзірбаевпен сұхбат жүргізіп, тірі дауыстарын таспаға жазып алып, өзіме жеке сақтап қойған едім. Уақытпен бірге қымбат қазынаға айналатын тарихи жәдігер ретінде тозбайтынына сенемін. 7000-нан артық кітабым сақтаулы тұр. Мақтаншақ емес едім, бірақ менің кейбір мақтаулы жазушы достарымда да кітаптың мұндай мол қо­ры жоқ. Бір музейге жәдігер болатындай құнды мұра менде жетеді.

– Композитордың бәрі­не Шәм­ші мен Нұрғиса ағала­ры­мыздың бағы бұйыра бермесі анық, талантты, атақты бола тұра, насихаты кем болып, атау­сыз қалып бара жатқан композиторлар да бар. Еске алуы кемшін болып, «ескерусіз қалып барады-ау», деп кімдер үшін қынжыласыз?..

– Еңбегі аз ба, көп пе, ел игілігі үшін қалтқысыз қызмет етіп, соңына сүбелі мұра қалдырған жақсыларымыздың ешқайсысын ескерусіз қалды­руға хақымыз жоқ. Мысалы, көрші Ресей бір жақсысы өмірден өт­се, жасаған еңбегін айтып, қал­дырған мұра­сын түгендеп, кісілігін де, пенделі­гін де көрсе­тіп, тұтас хабарлар түсіріп, де­рек­ті фильм дайындап, жан-жақты қырынан танытып жатады. Осы мәселеге келгенде біз салқынқандылық таны­тып, самарқау қимылдаймыз. Менің де Мыңжасар Маңғытаев деген өте сауатты, мықты досым болып еді. Карантиннің кесірі тиіп, біртуар композитордың 80 жылдығы өз дәрежесінде атал­май қалды. Архивімде Мыңжасар досымның ел естімеген керемет әндері бар еді, сәтін күткен сол ән­дерді көрерменге тарту ету – парызым.

Мен – бақытты әншімін. Нұр­ғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев сияқты мықты композиторлардың жеке әншісі болдым. Олардың болмысы әннен, әуеннен тұратын. Күн сайын жаңа ән жазатын. Жарыққа шықпай қалғаны жоқ, көркемдік кеңестен бірі болмаса, бірі өтеді. Асыл азаматтар өзегін жарып шыққан өлмес әндерінің кіндігін кесуді маған тапсыратын. Консерваторияда алған білімнен гөрі өмірден алған білім мен осы ағаларымнан үйренген өнегенің орны өзгеше болып тұрады. Менің санамда, жүрегімде олар өлген жоқ. Бұл композиторлардың кез келген әнін әр қазақ күні бүгінге дейін рахаттанып отырып тыңдайды. Мұндайда көзкөргендердің көңі­лін мұң басады, көрмеген көрер­меннің өзі нағыз әннің нәрін жұтып, хас өнердің қуатын сезіне­ді. Халыққа деген махаббаттан туған әндер – мәңгілік. Бұл әндер ешқашан ұмытылмақ емес, ғасыр көкжиектерінен көрінбей, көмескіленіп қалмайды, қазақтың өзімен бірге әлі мың жасайды. Мен соған сенемін.

– Бірнеше кинотуындыдан сіз орындаған әндерді естіп жаңа­лық ретінде қабылдап отырмыз. Киноға қалай шақырылдыңыз?

– Рас, «Біздің Ғани» фильмінде менің орындауымдағы ән пайдаланылды. Мен ән айтамын, балалар арбаның үстінде келе жатады. Өте әсерлі кадр. Оқиға өрбуіне кедергі жасамай, керісінше, фильмнің мазмұнын ашып тұр. Фильмнің музыкасын Нұрғиса Тілендиев жазған болатын. Нұраға екеуміз 51 жыл дос болдық. Осы жылдардың 35-40 жылында жазылған әндердің бәрін тегіс мен орындадым. Н.Тілендиев «Қыз Жібектен» бастап, бірнеше маңдайалды фильмдеріміздің му­зыкасын жазды. Өнерімді сый­лағаны, бағалағаны болар, тек концерттер мен сахналарда ғана емес, ол кісі мені кино дейтін өнердің үлкен саласына да араластырып, кейбір фильмдегі жаңа әндерін менің орындағанымды қалайтын.

– «Нұрғиса Тілендиев «Оты­рар са­­зы» орекестрімен ән орын­да­ғысы келетін әншілердің көп бол­ғанына қарамастан, «мен» деген марғасқалардың өзін ән шырқатпақ түгілі оркестрдің маңайынан да жүргізбеген» деп ел аңыз қылады. Тіпті оркестр құрамындағы музыканттардың бірі нотаны дұрыс ала алмай, әуенді бұзса, ілесе алма­са, ке­шіре қоюы екіталай десе­ді. Мі­незі күрделі өнер иесінің сіз­ді алабөтен жақсы көріп, «Адалым» деп ат қойып, ай­рық­ша қадірлеу сыры неде?

– «Ұлттық» мәртебесі бар оркестрде кем дегенде 60-70 адам отырады. Нұрағаңның дирижер ретінде есту қабілетінің мықтылығы сондай, сол алпыс адамның біреуі байқамай басқа бір нотаны басып қойса, жақ еті жыбыр етіп, сол адамға жалт қарап, жанарымен жерге тығып жібере жаздайтын. Иә, ашуланса, арынын тежеу де қиын болатын. Әртістің атағына, атына қарамастан «бар, қолыңнан келетін шаруаңды істе» деп қуып шығуға дейін баратын. Кімнен болса да абсолютті кәсібилікті талап ететін. Бұл талапты әншілер жақсы білетінбіз, сондықтан әр репетицияға атүсті қарамай, әзірленіп баратын едік. Оркестрге орындаушы болып келген адам аса мұқият болуға тырысатын. Жазылған дайын дүниені қисайтып айтып, қиянат жасауға болмайды. Өйткені ол музыканы еріккеннен жазған жоқ, әуен оңайлықпен тумайды. Тілен­диев – ерекше жаратылған тұлға, айта берсем, қырын да, қасие­тін де айтып тауыса алмас­пын.

– «Адалым» деп сізді қапысыз танығаннан кейін айтқан болар, шынында да, өтірік айтқан адам емессіз бе?

– Өтірікті жаны мұрнының ұшына келген арты қуыс, рухы әлсіз адам ғана айтады. Өтірік айт­қан жерім жоқ. Шамам келгенше өзімнің де, әннің де, тыңдарман елімнің алдында да адал болдым. Нұрғиса аға да мен секілді әкеден жалғыз туған адам. Екеуміз тағдырласпыз. Шетелге ұзақтау мерзімге іссапарға шыға қалғандай болсақ, құшақтасып, жылап көрі­сіп, шұрқырасып табысатынбыз. Кейде аз уақыт жолығыспай қалсақ, «Нұрғаш, келіп кетші» деп шақырады. Төбем көрінгеннен «Отырар сазы» орындайтын ме­нің әндерімнің музыкасымен кернейлетіп қарсы алып, төрт-бес әннің әуенін айызы қанғанша орындатып, соңында «Маэстро» деп оркестрді тік тұрғызып, ма­ған сәлем салғызатын. Өзі де құ­ша­ғын жайып «Жалғызым-ау, сағындырып қайда жүрсің, Адалым-ау» деп маған қарай ұмтылғанда, елжіреген қуанышым жүрегіме сыймай, толқын болып кеудемді тепкілей жөнелетін. Мұндай сәттерде адуынды мінездің ізі де қалмай, үзілгелі тұрған мөлдір тамшыға ұқсап кетуші еді. Жалғыздығымыз бар, өнерге деген таза көзқарасымыз бар, бәрі астасып, іштей ұғынысуымыз көп сөзді керек етпейтін еді. «Жалғызым», «Адалым» деген екі ауыз сөзде кітапқа сыймайтын мазмұн жататын. Қарым-қатынасымыз ағалы-інілі адамдардай қалтқысыз болды. Ойынан шығуға, шамам келгенше, ойына ой қосуға тырыстым. Осыны Нұрағам да жақсы түсінді.

 Шәмші ағамен де достығым осылай болды. Ол кісі сахнада орындалмаған, сиясы кеппеген су жаңа әндерінің соңғы нүктесін қоя сала бізге, Қазақ радиосына алып келетін. «Нұрғаш, үлкен аманат арқалаған әнімді өз қолыммен тапсырайыншы деп әкеп тұрмын» деп нота жазылған қағазды қолыма ұстатып жатып: «сені көргім келді ғой», деп ақырын ғана сыбырлап қоятын қайран ағам. Композиторлар одағын басқарған, менің министрім болған Еркеғали Рахмадиев ағам да кездескен жерде «Тілендиевің бар, Қалдаяқовың, Бейсеуовің бар, білемін, ал менің әндерімді қашан орындайсың?», деп көңіл базынасын жасырмай айтып қалатын. Бірде Еркеғали аға «Айналайын, Нұрғали! Осы әнімді өзің орындасаң» деген тілдей қағаз жазып, нотаға түсірілген бес-алты әнін Одақтың хатшы қыз­меткерінен беріп жіберіпті. Ол хат менің архивімде әлі сақтаулы тұр.

– Аға, сізге дәстүрлі са­уал қоя­йыншы: сізге әннің сөзі маңыз­­ды ма, әуені ме?

– Әр әннің шығу тарихы бар десек, оның тағдыры да болады. Әннің өзегі – сөзі. Әнші де, композитор да тыңдап отырған адамға әсер ететін, жүрегіне жететін му­зы­ка жазуды мұрат тұтқанда, ал­­ды­мен мәтін сөзіне маңыз бе­реді. Ән үшін жауапкершілікті шығармашылық одақтағы үшеу бірдей арқалайтынын сөз басында айттым. Автор айтарын айтты, ал композитор оны қалай жет­кізеді? Менің білуімде, «осындай тақырыпта өлең жазылса» деп көп жағдайда композиторлар ақынға тапсырыс беретін. Нұрағамның Мұқағали, Қадыр, Тұманбай ақындарды жанынан тастамай, жұмыр әнге айналғанша бірге жұмыс істеуі сондықтан. Фи­лармониядағы кабинетіме Нұ­ра­ға­м­ның қылқалам шеберінің шабытынан туған қолын сермеп тұрған мінезді портретін іліп қойдым. Ілгім келсе, басқа да ұлы тұлғалармен иық түйістіріп түскен суретім жетеді, бірақ мен жұмысқа келіп-кеткенде, осы суреттен ағамды көргенде ол маған жол сілтеп, өмір сүруге, өздерінен қалған өнерді дәріптеп, дамытуға тапсырма алып тұрғандай сезімде боламын.

– Сіз сонау жасырақ кезіңізде қол жеткізген Комсомол жас­тар сыйлығынан бастап, Қа­зақ­­станның халық әртісі, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты се­кіл­ді бірқатар марапаттың иесі­сіз. Осылардың ішінде сіз үшін маңыздысы қайсысы? Бәл­кім, біз білмейтін бұдан да баға­лырақ сыйлығыңыз бар болар...

– Бұл марапаттың бәрі де азды-көпті еңбектің жемісі ғой. Өз басым ұстаздық қызметімді бәрінен жоғары қоямын. Профессор деген атақты алған соң шәкірт алдында парасат деңгейіңді көрсетіп, сол үдеден шығуға тырысу керек. Өнерімді бағалап, сенім артып сыйлаған соң менің де бұған жауапкершілікпен қарағаным жөн болар. Сахнада орындаған әнімді сүйіп, халықтың шын көңі­лімен құрметтегені, мен үшін марапаттың ең биігі. Атақ пен абыройды сұрап алсаң, ебін тауып сатып алсаң, ол қулықты да сенен гөрі халық жақсырақ біліп отырады. Сондықтан адалдық бәрінен жоғары тұрады.

– Соңғы рет сахнаға қашан шықтыңыз, аға?

– Шүкір, аттан әлі түскем жоқ, сахнадан сырт қалғам жоқ. Елге коронавирус деген пәлекет келгелі жоспарлаған гастроліміздің тоқтап қалғаны болмаса, шағым айтуға құқым жоқ. Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрімен 30 жылға жуық жұмыс істедім. Қазір Жамбыл атындағы филармонияның әншісімін. Мұнда да Н.Тілендиев өз қолымен құрған «Отырар сазы» оркестрімен жұмыс істеймін. Іргелі екі ұжымның арасында он жылдай «Қазақконцертте» жұмыс істеп, «Жазира» атты ұлт аспаптар ансамблін құрдым. Сонда менің бар өмірім сахнада ғана өтіп келеді.

– Сізге біз әнші деп қана қа­рай­мыз, ал сіздің ескерілмей, елен­бей келе жатқан ерлік-ер­мек­теріңіз де бар екен. Бағбан екен­сіз. 12 гектар жерге бақ егу – үл­кен еңбек. Осы бақтың жайын білетіндер сіздің суретшілік, сәу­летшілік қырыңызға да сүйсі­ніп жатады...

– Алматы мен Талдықорған­ның арасындағы Кербұлақ дейтін ау­дан­ның «Доланалы» деген ауы­лы менің туған жерім. Алматыда оқып жүрген студент кезімде 1-курсты аяқтай сала, каникулда жүріп аяғыммен илеп, саманнан кірпішін құйып, келесі жылы әке-шешемнің жинап қойған ақшасына шатырын алып, тап ертегідегі құстың ұясындай шағын әрі әдемі үй тұрғызған едім. Бір кірпіші мүжілмей, бір сынық сылағы түспеген күйі сол үй әлі тұр. Мен 3-класта оқып жүргенде «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп әкем екеуміз ал­ма ағашын отырғыздық. Жалпы, ал­ма ағашының ғұмыры 30-40 жылдан аспайды. Мен кеше 85 жас­қа толдым, ал менің он жасымда отырғызылған сол алма ағаш­тарының жемісі әлі төгіліп тұр. Алмалары ірі-ірі, ауылдағы бала-шаға, бауырларым қызығын көріп отыр. Былтыр ауылға арнайы барып алғысымды айтып, бағымның 75 жылдық қуанышын атап өтіп келдім.

Ауылдағы әкім-қара ағайынмен келісе отырып, 12 гектарға бақтың жобасын әзірлеп, Алматыдан Же­тісу жерінде өсуге бейім бірқа­тар ақ қайың, терек секілді ағаш түрлерін, долананың бірнеше сор­тын, ал бақ ішіне алма, алмұрт ағаш­тарының түрлі сорттарын са­тып алып, апарып ектік. Алдын ала сызбасын жасап, ағаштарды осы схемаға сай орналастырдық. Қасиетіңнен айналайын Жетісудың түгін тартса, майы шығатын құнар­лы топырағына шыбық шаншысаң, мәуелі бәйтерекке айналып сала береді ғой, қалай ғана сүймейсің, қалай ғана табынбайсың? Бұл бақты егудегі мақсатым, ауылымның адам­­дары, өсіп келе жатқан балалар жемісін жеп, көлеңкесін саялап, игілігін көрсін деген ниеттен туды. Әттең, дер кезінде жетпеген су тапшылығына байланысты біраз ағаштарым қурап қалды. Алайда жерсініп, тамырын тереңге тартып, бойлап өсіп келе жатқан бағымды көріп, көңіл тоғайтамын. Мың шүкір.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,