Қысқы спорт • 29 Қаңтар, 2022

Бейжің-2022: Қазақстан құрамасы олимпидалық қалашықтарға орналасты

806 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық командалар Қытайға жетіп, Олимпиадалық қалашықтарға сәтті орналасты, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Бейжің-2022: Қазақстан құрамасы олимпидалық қалашықтарға орналасты

Қысқы Олимпиада ойындары үш кластерде, атап айтқанда, Бейжің, Чжанцзякоу және Яньцинь аймақтарында өтеді. Мұз айдынындағы барлық жарыс Бейжіңде өтеді. Қытай астанасындағы Олимпиадалық қалашықта конькимен жүгіру және шорт-тректен Қазақстан құрамалары орналасты. Олимпиадалық картадағы ең алыс аймақ – көрші Хэбэй провинциясында орналасқан таулы Чжанцзякоу болды. Онда фристайл-могул, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы жарысы және шаңғы қоссайысы бойынша құрама командалар жайғасты. Ал Янциньде тау шаңғысының спортшылары орналасты. «Бейжіңге келіп, міндетті ПТР сынақтарынан өткеннен кейін бірден Олимпиадалық қалашықтарына бардық. Бейжің мен Чжанцзякоу арасындағы жол 3 сағатқа созылады. Біздің фристайл-могул, трамплиннен шаңғымен секіру және шаңғы қосайысы құрама командалар осында болды. Басқа командаларды күтеміз. Бәрі ойдағыдай. Мұнда күн ашық болғанымен, суықтау. Ал спортшылардың көңіл күйі бірқалыпты, жақсы.

Біздің қалашыққа орналасуымыз Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бахтың Олимпиадалық қалашыққа сапарымен тұспа-тұс келді. Ол спортшылармен тілдесіп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Олимпиада ойындары – кез келген спортшының өміріндегі өте маңызды оқиға. Бұл кездесу біздің спортшыларды бұрынғыдан да қанаттандырып, шабыттандырды деп ойлаймын», деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ұлттық шаңғы қауымдастығының бас хатшысы Асқар Валиев.

Кездесу барысында олимпиадалық дәстүр де сақталып, ХОК басшысы спортшылармен естелік төсбелгілерімен алмасты.

«Олимпиадалық қалашыққа келгендегі сезімім ерекше, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда барлығы өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Командамыз да өз кезегінде бұл стартқа тас түйін дайын. Жан-жақты, психологиялық және физикалық тұрғыдан дайындалды. Алғашқы күні-ақ ХОК басшысы Томас Бахпен ​​кездестік. Ол маған бір-екі символдық сұрақ қойып, көңіл-күйімді, қобалжу бар-жоғын сұрады. Сондай-ақ, әрине, сәттілік тіледі», деп бөлісті фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының мүшесі Анастасия Городко.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының спортшылары арасында жарысқа бірінші болып могулшылар шығады. Могул бойынша іріктеу жарыстары Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына дейін, 3 ақпанда өтеді.