ХХ ғасырдың ортасындағы қазақ қызының мөп-мөлдір бейнесі. Көзге бірден оттай басылады, көңіл жібітеді. Әйнектен түскен күннің сәулесіне арқасын тосқан бойжеткеннің бітім-болмысына қарап, сол кезеңдегі қыз-келіншектердің образын көруге болатындай. Бұл қазақ бейнелеу өнеріне ерекше мәнер алып келген ғажайып суретші Сабыр Мәмбеевтің еңбегі.
1958 жылы жазылған картина автордың елеулі шығармаларының бірі ретінде жоғары бағаланады. Ол әрбір туындысына шынайы сезімін қосып, алдын ала болжауға болмайтын түстердің үндестігі мен мәнерлі үйлесімділігін береді. Бұдан композициясындағы қарапайым форманың анықтығын көреміз.
«Терезе алдында тұрған қыз» картинасы гүл мен қыздың арасындағы байланыстан бастау алып тұр. Гүлдің күлтесі мен арудың көйлегі бір түсті. Автор құдды гүл тағдырлы қыз ғұмырының шуақты сәтімен, балауса шақтарын кенеп бетіне құя салғандай. Қолымен кеудесін басқан арудың ұяңдығы мен тазалығы байқалады. Шығарма жанды секілді.
Шынында бұл суреткердің портрет жанрындағы ерекше тәсілі. Кейіпкерді форма ретінде беріп, оның әрекетін бояу күшімен шешіп отырады. Содан да болар, бұл туынды өзінше бір ерекше қайталанбас сезімге бөлейді.
Бақсаңыз, қылқалам шебері эмоциялық һәм лирикалық сезімін, философиялық мәселелерді алдыңғы қатарға қояды. Көркемдік шешімі түс арқылы динамикалық қозғалыс жасап, түсінуге жеңіл жол ашады.
Сабыр Мәмбеев қазақ бейнелеу өнерінде болып жатқан өзгерістерге, алдыңғы буын тарапынан эстетикалық тәрбие мен рухани сезім қосқаны анық.