Қазақстан • 31 Қаңтар, 2022

Идеологиялық тірекке айналғаны жөн

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент партияның бағытында, саясатында өзгерістер болатынын ашық меңзеді. Бұл, әрине, көпшіліктің үмітін оятады. Рас, осыған дейін де Nur Otan қаншама іргелі істің басынан табылды. Бірақ кемшіліктер де болмай қалған жоқ. Иә, өңір-өңірде қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырды. Азаматтарды қабылдап, шаруасын шешпек болды. Бірақ бірді-екілі азаматтың болмаса, көбінің шаруасы шешілді дей алмаймыз. Неге? Себебі халық айтып отырған проблемалар – жүйелі проблемалар.

Идеологиялық тірекке айналғаны жөн

Оны түбірімен қозғамасаң, бетінен қалқып шешу қиын. Сосын сәнді кабинетте отырып өткізетін жиналыстар қаптады. Әрине, ондай жиналыс керек емес демеймін, керек те шығар. Бірақ кіл шенеунік, министрлер үстел басында бір-біріне жағымды сөз айтып, бір-бірін мақтап, сонымен жиын да аяқталады. Ал қарапайым халық тұрмыстық түйткілдермен бет­пе-бет қала береді.

Содан соң партияның басында отырған азаматтар бір-біріне мүлде сын айтпайды. Сын айтса, жау көреді. Сын де­ген жұмыстың түзелуі үшін айтылады. Сын айтылды ма, демек олқы соғып тұрған тұсын түзе де, әрі қарай жұмысты жал­ғастыра бер. Бұл жерде бас­қа қисын жоқ. Сондықтан пар­тия ендігі кезекте сынға дайын болуы керек, сыннан қорытынды шығара білуі керек деп санаймын. Сынды жаны ашығандықтан айтады.

Жаңарған партиямен тізе қосып жұмыс істеуге дайынбыз. Бұрын да жұмыс істеп келдік. Дегенмен енді жұмыс тактикасы өзгеруі керек деген ойдамын. Партия үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық қоғам өкілдерінің көзқарас, ұсы­нысына құлағын түрсе, бірігіп жұмыс атқарса, сөзсіз нәтиже болады. Өз кезегімізде біз де кәсіби тәжірибемізді, ақыл-кеңесімізді ұсынуға дайынбыз. Тағы бір айта кетерлік жайт, былтыр партия праймериз өткізді. Сонда шынымен елге жаны ашитын, қолынан іс келетін қаншама азамат соңғы тізімнен тыс қалды. Соңында партия үшін жүгірген, қайтсем елге пайдамды тигіземін деген білікті мамандардың сеніміне селкеу түсті, көңілдері соқпай қалды. Түңілді. Ендігі кезекте партия тарапынан мұндай әділетсіз әрекеттер болмайды, ел мен халық мүддесі әр кез бірінші орында болады деп сенеміз.

Партия елдің идеология­лық тірегіне айналуы керек. Эко­номика, бизнес мәселе­лері пар­тиясыз да шешіледі. Оны­мен ай­­налысатын Үкімет, салалық министрліктер бар. Меніңше, партия жұмысы бірінші кезекте идеологиялық мәселелерге бағытталғаны жөн. Nur Otan тізгінін ұстап отырған азаматтар кабинеттерінен шықса, халықты күтпей, өздері халыққа барса, мәселелерін тыңдаса, халықпен сол халықтың тілінде сөйлессе, мұң-мұқтаждарын ескеріп, шын пейілмен шешуге кіріссе деген тілек бар. Сонда ғана партияның тірлігі жанданады, жұмысына қан жүгіреді, халықтың сенімі оянады.

 

Серік САНАУБАЕВ,

Қарағанды облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры