Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әйтеуір әлгі әшкере болған жемқорлықтың қара тізімінде Павлодар облысы жоқ. Десе де, ұсақ шаруашылықтардың өзіне тиесілі қаржыны ұзақ күтетіні секілді мәселелер бұл өңірді де айналып өткен жоқ. Мәселен, Май ауданындағы «Бейсен» шаруа қожалығының басшысы Нұрлыбек Байғалиев субсидия алуға ынтасы жоғалғанын айтып отыр.
– Ақша ешқашан артықтық етпейді ғой. Қой шаруашылығымен айналысып жүргендіктен сол бағыттағы субсидияларға қол жеткізуге тырысып көрген едім. Алайда көсе-көлденеңдеген талаптардың көптігінен қолымды бір-ақ сілтедім. Ережеге сай, қойдың әрқайсысына электронды сырға тағу керек екен. Өзге де машақаты аз болған жоқ. Есептеп қарасам, талаптарды орындауға кеткен шығын субсидияның қаражатымен бірдей. Уақытымды сарп етіп, шығындалып құжат жинап сандалғанша, демеуқаржыдан бас тарту әлдеқайда тиімді емес пе? Бұл – барлық шаруаға ортақ мәселе. Бұрын асылдандыру бағдарламасы шеңберінде әр ірі қараға 18 мың теңге субсидия қарастырылып, қаражатқа еш қиындықсыз қол жеткізетін едік. Жыл сайын ережелер өзгеріп, шаруалардың жүйкесін жұқартқаны рас. Айтпағым, субсидиялардың талаптары жеңілдетілсе екен. Мемлекеттік қолдау ешқандай қиындықсыз діттеген жеріне жету керек, – дейді шаруашылық басшысы.
Соңғы жылдары фермерлер субсидия алу үшін өтінішті Qolday.kz порталы арқылы тапсырып жүргені белгілі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашев алғашқыда жүйе дұрыс жұмыс істемей, жиі істен шығып жүргенін жасырмады.
– Бұған дейін өтініш қағаз жүзінде қабылданып келді. Ол уақытта шаруалар аудан орталығына, тіпті облыс орталығына қатынауға мәжбүр болатын. Оның бәрі уақыт пен шығын ғой. Бүгінде үйде отырып-ақ өтініш қалдыра алады. Бастысы, электронды цифрлық қолтаңба қажет. Ғаламтор мәселесі қолбайлау деуге келмес. Қазір интернет тарататын көптеген қондырғы бар. Артықшылығы сол, қаражат бөлудің ашықтығына қол жеткізілді. Шаруалар сайттан кімнің өтініш бергенін, кімге қанша ақша берілгенін, кезектің сақталуын және өзге де маңызды ақпараттармен таныса алады. Кейде күніне 50-ден астам өтініш түседі. Жүктеме көп болғандықтан, портал уақытша істен шығуы мүмкін. Кейбір жағдайда әлі күнге дейін өтінішті толтыру кезінде ақпараттар толық қамтылмайтынын атап өткен жөн. Бұл – өтінішті қанағаттандыру процесін тежеп, сәйкесінше қаражаттың кешігіп түсуіне алып келмек. Қазір шаруалар субсидия алу үшін ақпараттық-талдамалық жүйе, төрт түлікті бірдейлендіру жүйесі сияқты 4 бірдей бағдарламадан хабардар болуы талап етіледі. Ұсақ шаруалар тасада қалып қояды деген пікір дұрыс емес. Шаруаларға барынша мұқияттылық танытқан абзал, – дейді Н.Мақашев.
2021 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барлық деңгейдегі бюджеттерден 30,1 млрд теңге қаражат бөлінген. Атап айтсақ, инвестициялық салымдарға – 9,8 млрд теңге, мал шаруашылығын дамытуға – 7,7 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына – 4,4 млрд теңге, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға – 4,4 млрд теңге, қайта өңдеу кәсіпорындарының шығындарына – 759 млн теңге.
Сонымен қатар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрылымдық бөлімшелері де несиелер үлестірді. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында былтыр азық шығындарының құнын арзандату 1,5 млрд теңге сомасында субсидияланған. Оның 1 млрд теңгесі мал шаруашылығына бөлінген субсидиялар шеңберінде қайта бөлінсе, ал 500 млн теңге облыстық мәслихат сессиясының шешімімен жергілікті бюджет есебінен қарастырылған. Нәтижесінде, өткен жылдың соңында 700-ден астам ұсақ шаруашылық қаржылай қолдауға ие болған. Биыл субсидия ретінде үлестірлетін қаражат мөлшері көбеймесе, азаймайды деп сендіруде салаға жауапты мамандар.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасында субсидиялау ісіне ерекше мән берілуде. Алдағы бесжылдық жоспарда да нақты өзгерістер енгізіліп, демеуқаржыны үлестірудің тиімді жолдары бекітілмек.
Оралхан ҚОЖАНОВ,
журналист
Павлодар облысы