Қоғам • 01 Ақпан, 2022

Жалға алу құны неге өсті?

1036 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан пәтерді жалға беру бағасының қымбаттауы жөнінен 107 елдің ішінде 82-орынға тұрақтаған. Еліміздегі аренда бағасы 303,85 долларды құрады. Бұл туралы energyprom хабарлайды.

Жалға алу құны неге өсті?

Баға неге өсті деген сауалға сәл кейіні­рек жауап береміз, әзірге мы­на бір қызық деректерге назар аударайық. Ең қымбат үйлер Гонконг, Сингапур және БАӘ-де екен. Ал ең арзаны – Непалда. ТМД елдерінің ішінен Қазақстаннан да арзан арендалық баспананы 266,3 долларға Әзербайжаннан табуға болады. Ресейде айлық жалдау бағасы – 412,5, Арменияда – 396,74, Украинада – 366,11, Өзбекстанда – 322,27, Беларусьта – 306,17 доллар.

2021 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда жайлы жабдықталған тұрғын үйдің арендалық төлемі бірден 17,5 пайызға қымбаттап,
1 шаршы метрі 1,9 мың теңгеге жеткен. Ірі қалалар арасында қатты қымбаттау Алматыда байқалады – бірден 40,6 пайызға өскен. Анти­ли­дерлер қатарынан Оралды (+32,5 пайыз) және Шымкентті (+31,3 па­йыз) көреміз. Ең төменгі жылдық өсім Таразда (+5,5 пайыз) байқалады.

«Тұрғын үй арендасының ең жоғарғы бағасы елордада байқалады: шаршы метрі – 3,7 мың теңге. «Қымбат» қалалар ішінде Алматы (3,3 мың теңге), Ақтау (2,4 мың теңге) қалалары бар.

«Арендалық бағаның өсімі көп­теген факторлармен, соның ішін­де жылжымайтын мүлік нары­ғын­дағы сату құнының өсуімен байланысты. Аренда сегменті мен тұрғын үй сатылымы тығыз байланысты. Үй сатып алуға деген жоғарғы сұраныс және 2021 жылғы баға қымбатшылығы аренда сегментіндегі ұсынысты «шайып» жіберді. Пәтер бағасының өсіп жатқанын пайдаланып көп­теген арендалық баспана иелері пайда табу үшін үйлерін сатылымға шығарды. Ал сатқысы келмегендер аренда бағасын көтерді. Сөйтіп, табыстылықты сақтап қалуға және оны ұлғайта түсуге әрекеттенді», дейді тұрғын үй саласының тәуелсіз сарапшысы Анна Шацкая.

Сарапшының айтуынша, үй сатып алуды жоспарлап, бірақ баға өсуіне байланысты бұл жоспарын кейінге қалдырып, пәтер жалдап тұруға көшкен азаматтар да сұраныстың өсуін туғызды. Ондай жағдайда ұсыныс жасаушылардың да (аренда иелерінің) қымбат бағамен саудаласуға тырысатыны белгілі. Әрине, аренданың қымбаттауына бұдан өзге де экономикалық себептер көп. Соның қатарында – тұғырынан түспей тұрған инфляцияны, карантин шараларының әлсіреуін, оқу мен жұмыстың дәстүрлі форматқа ора­луын атай аламыз. Оның үстіне 2020 жылы локдаун салдарынан кірісінен айырылған жалға берушілер соның орнын толтыру үшін де бағаны оңды-солды өсіріп жіберді.

Бірнеше күн бұрын Үкімет үй кезе­гінде тұрған азаматтардың арен­далық ақысының жартысы төле­нетінін мәлімдеді. Бұл мақсатта 50 млрд теңге қарастырылған. Ин­дус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, әкімдік кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар мен аналар, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар (29 жастан аспаған) осы көмекті алады. Сондай-ақ көмек алушыда Қазақстан Республикасының азамат­ты­ғы болуы және отбасының әрбір мүшесінің соңғы алты айда­ғы та­бысы ең төменгі күнкөріс дең­ге­йінен (2022 жылы 36 018 теңге) ас­пауы қажет. Министрліктің есеп­те­уінше, елімізде ондай азаматтар саны 70 мыңға жуықтайды.

Дегенмен сарапшылардың бір шоғыры 2022 жылы тұрғын үй нары­ғында жылымық пайда болуы мүмкін деп болжайды. Қазақ­стан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің айтуынша, жылдың екінші жартысында пәтерге деген ажиотажды сұраныс біршама бәсеңдейді.

«2022 жылдың 1 сәуірінен бас­тап БЖЗҚ-дағы артық ақшаны мерзімінен бұрын алуға байланыс­ты жаңа шектің белгіленуіне орай баспана нарығындағы ахуал біраз тұрақ­талады. Зейнетақы ақшасы есебінен тұрғын үй жағдайын жақ­сарт­пағандар мұны 1 сәуірге дейін істеуге тырысады. Мамыр айы­нан бастап нарық, әсіресе эконом санатындағы сегмент қайта жаңа­рады. Ай көлемінде 1-2 пайызға тө­мен­дейді. Ал жайлы, бизнес және элит санатындағы тұрғын үйлер бағасы инфляция деңгейіне орай өзгермек», дейді ол.