Әдебиет • 01 Ақпан, 2022

Америка Әуезов көзімен

5205 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ағылшын тіліне ау­да­рылған алғашқы қазақ жазушысы Мұхтар Әуе­зовті Америкамен не бай­ланыстырады? Әри­не, жолсапар. Әуе­зов 1960 жылы Кеңес жа­зушыларының делега­циясы құрамында Аме­рика Құрама Штат­тарына барады. Бұл са­парға жазушы Л.Лео­нов, О.Гончар, С.Щи­пачевтермен бірге ат­тан­ған. Жазушы мұхит­тың арғы бетіндегі Ва­шингтонда, Нью-Йоркте, Калифорнияда, Лос-Анжелес пен сол штаттың Фресно граф­тығында, одан кейін Аризона штатының орта­лығы Феникс қаласында, қайтарда Бостон шаһа­рында бірнеше күн бол­ған. Бір айлық сапардың нәтижесінде «Америка әсерлері» атты жолжазба естелігі жазылды. Әлқисса.

Америка Әуезов көзімен

Ол дәуір халықтар досты­ғы­на ерекше көңіл бөлініп, көркем аударма қолға алынып, әдебиеттегі идеялар ар­қы­лы адамзаттық ақыл-ой қозғалысы алабөтен алға жылжып, нәтижесін көрсет­кен кезең болды. Сонда сәті түсіп, Мұхтар Әуезов 1955 жылы алғаш рет, 1961 жылы екінші рет Үндістанға, 1956 жылы Чехословакияға, 1957 жылы Жапонияға, 1958 жылы Германияға, 1960 жылы Аме­рикаға сапар шеккен еді. Сол уақытта әр мемлекеттен жазылған жолжазбалар өз­ге тілдерге, тіпті орыс тілі­не аударылмай жазушы мұ­ра­ғатында мұрты бұзылмай жар­ты ғасырдан астам уақыт жатты. Кейін суреткердің 100 жылдық мерейтойына орай шығарылған елутомдық толық жинағының 38-ші томында толық мәтіні алғаш рет қазақ оқырмандарына жол тартқан болатын.

Соның бірі «Америка әсер­лері» Әуезовтің биылғы – 125 жылдығына орай Қа­зақ­­стандағы Америка елші­лігінің қолдауымен алғаш рет ағыл­шын тіліне аударылып, әлем­дік руханиятқа жол тартты. Америка елшілігінің баста­масымен жарық көрген бұл жинаққа М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­ти­туты «Әуезов үйі» ҒМО-ның бас ғылыми қызметкері, филология ғы­лым­дарының докторы, про­фессор Гүлзия Пірәлі мен осы орталық директоры, филология ғылым­дары­ның кандидаты Диар Қонаевтың «Америка-қазақ жазушысының көзімен» атты ғылыми зерттеу еңбегі, жазушымен сапарлас бол­ған украин жазушысы Олесь Гончардың «Жарық жұл­дыз» естелігі һәм Мұхтар Әуезовтің «Америка сапары» мен «Америка әсерлері» атты сапарнамалары, «Маршрут және мерзім» атты жазушы жүріп өткен жол ізімен түсірілген жазба-карта жа­рия­ланған. Айта кетейік, бұл ең­бектер екі тілде беріліп отыр.

Суреткердің әр жазуынан анық сезілетін «мың бояудың той-тоғысы» «Америка әсер­лерінде» де байқалады. Автор бөтен елдегі көргендері мен көкейіне түйген жақсы әсер­лері, күнделігіне жазылған штрих­тар, қиялға қанат бі­тір­­ген ғажайып көріністер, кез­де­сіп, сұхбаттасқан жандар­мен болған жүрекжарды әң­гіме­лер, ол елдің бізге бей­мә­лім жұмбақ өмірлері мен тари­хы, мәдениеті мен әдебиеті ту­­ра­­сында тол­ға­нады. Жазу­шы­­­ның науқас­тануына бай­­­­л­а­­нысты жол­жазбаның екінші бөлімі жа­зыл­май қал­ған. Ал бірін­ші бөлімі алғаш рет «Социа­листік Қазақ­станда» 1960 жылы 24 сәуір күні жарияланды.

Жаңа жинақты ағылшын тіліне аударған әрі алғысөз авторы Деннис Кин: «...Қазақ даласы туралы тарихи әде­бие­­тіндегі егжей-тегжейге эн­­­цик­лопедиялық назар аудару­мен танымал жазушы Дис­­нейленд сапарларын мұ­қият жазып, болашақта Ди­с­ней зерттеушілері үшін ресурс бола алатын жазбалар жа­­са­ды. Бұл жазушының кез кел­ген бақылауына, қы­зы­ғу­шы­лығына және импуль­сіне түсініксіз көзқарас бол­ған­дық­тан, «Америка сапары» бұл жарияланымдағы ең қы­зық­­ты құжат болуы мүм­­кін. Ол мұнда алғаш рет ағыл­шын тілінде шығады», деп атап өтеді.

Әуезовтің өз көзімен көріп, көкейіне түйген сол ке­зең­нің қоғамдық, саяси, ру­ха­ни ахуалдары, әлемдік өр­ке­ниетте өзіндік орны бар бір­неше алып мемлекет­тер арасындағы мәдени, ғылы­ми, әдеби диалогтердің болуына тікелей түрткі болып, халықтар достығына дәне­керлік еткен сапарлары жайлы жазушылық пікір-пайымдары оқырман үшін тың тақырып. Әуезов көрген Америка бүгін­де сан құбылып, өзгерсе де сол уақыттағы жазушылық әсерлердің өзіндік бір шы­найылығы бардай.