Отандық зерттеушілер шетелдіктер «рекордын» жаңартты
Бұрын Қызылорда өңірінде күріштің қауызы өртелетін. Одан шыққан түтін ауаға таралып, зиянды химиялық зат бөлетін. Ал қазір қызылордалық ғалымдардың арқасында Сыр маржанынан шыққан қалдықты да зиянсыз өңдеп, одан пайдалы өнім ала аламыз. Бұл туралы бізге химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов айтып берді.
«Қызылорда облысында жылына 500 мың тоннадан астам күріш жиналады. Одан шамамен 100 мың тонна күріш қауызы қалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын күріш қауызын қала сыртындағы полигонда өртейтін. Қалдық жанғанда майда дисперсті кремний диоксидін бөледі. Бұл – көзге көрінбейтін, ауада таралатын зиянды химиялық зат. Аталған зат ине түрінде кристалданып, полигонға жақын аумақта тұратын тұрғындардың өкпесін зақымдайды, сөйтіп адамдар емі жоқ силикоз ауруына шалдығады. Сол себепті соңғы уақытта күріш қауызын өртеуге тыйым салынды», дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуына қарағанда, содан қалдықты құрамажемнің құрамына қосымша қосып жіберетін болған. Жануар жегенімен, қорыта алмай, шайналған күйінде ағзадан шығарады екен. «Бұл – жай ғана жануар мен жем алушыны алдау. Біз осы мәселені пайдалы шешудің жолын іздедік. Шетелдік ғалымдардың еңбегіне көз жүгіртіп, күріш қауызынан кремний диоксидін алудың тиімді жолын қарастырдық. Бірақ біздің технология шетелдік ғалымдардың жобаларына қарағанда әлдеқайда жетілдірілген», дейді Н.Аппазов.
Жас профессор өзінің ғалымдар тобынан тұратын командасымен бірлесіп әзірлеген технологияның ерекшелігі – күріш қауызынан бірнеше минутта ғана кремний диоксидін алу. Шетелдік ғалымдардың тәжірибесінде күріш қалдығындағы кремнийдің өзін, органикалық бөлігін қалдырып, бейорганикалық қоспалардан ажырату үшін қышқылдық өңдеу жүргізеді. Әдетте, мұндай өңдеуге тұз қышқылын қолданады. Бұл бірнеше сағатты алады. Отандық зерттеушілер мұны микротолқынды сәулелендіруге көшірген. Осылайша, жоғары температурада өңдеу арқылы кремний диоксидін алды. Соның нәтижесінде олар қышқылдық өңдеу процесін санаулы минутта ғана жүргізе алатын жағдайға жетті. Ал жұмыс уақытын қысқарту онымен айналысып отырған ғалымның да, техниканың да қуатын үнемдеуге септеседі.
«Шетелдік ғалымдардың зерттеулерінен көргеніміздей, олардың ешбірі 100 пайыз таза кремний диоксидін ала алмаған. Ең жоғары жетістігі 99,8 пайыз болды. Ал біз 100 пайыз таза кремний диоксидіне қол жеткіздік. Бұған жоғарыда айтқандай, өзіміз ойлап тапқан оңтайлы әдістің септігі тиді. Бұл неге қажет, қайда қолданылады? Оқырманды осы сұрақ мазалайтыны анық. Таза кремний диоксидін ІТ-технологияға қажетті оптоталшықтар жасауға қолданылады. Ал оптоталшықтар жылдам интернет үшін қажет. Сондай-ақ таза кремний диоксидінен таза кремний алуға болады. Кремний – күн энергетикасына таптырмас қосылыс. Кремний диоксидін, бұдан бөлек, құрылыс материалдарын дайындауда, өте жоғары тазалықтағы кварц шынысын жасауда, косметикада және т.б. пайдаланады», дейді Н.Аппазов.
Негізі құмның құрамынан да кремний диоксидін алуға болады. Бұл – бұрыннан бері қолданылып келе жатқан әдіс. Әсіресе кварц құмы өте таза кремний диоксидінен тұрады. Бірақ ғалымның айтуынша, кварц құмы әртүрлі кальций, алюминий, темір секілді қоспалардан тұрады. Мұндай қоспалардан таза кремний диоксидін бөліп алуға тым көп шығын кетеді. Қанша шығын шықса да, осыған дейін жасалған тәжірибелерде әліге дейін жоғары тазалықтағы кремний диоксиді алынған жоқ.
Жетекшісі профессор Н.Аппазов бастап, шәкірттері – химия PhD Нұрғали Ақылбеков пен Рахметулла Жаппарбергенов, Рахымжан Тұрманов, Динара Ниязова, Индира Еспанова секілді магистрлар, Баурат Базарбаев, Ақерке Молданазар сынды жоғары білімді жас мамандар қостаған зерттеушілер тобы аталған істе шетелдік ғалымдар «рекордын» жаңартты. Шыны керек, көптеген талантты, білікті маманды білеміз, соңында шәкірті жоқ. Бұл – да бір кем дүние. Сондай кемдіктің орнын толтырып жүрген кейіпкеріміз Н.Аппазов шәкірт тәрбиелеуге асқан ыждаһатпен қарайды. Ғалымды арнайы таңдап, оқуға түскен студенттері соның дәлелі болса керек. «Химиялық технология» мамандығында оқитын Қанжар Сәкен мектепті ерекше аттестатпен бітірген. Сондықтан онда еліміздің кез келген университетіне грантқа түсуге мүмкіндік болды. Бірақ ол әртүрлі медиа ресурстарынан Н.Аппазовтың еңбектері жөнінде оқып, нәтижесінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі профессордан тәлім алуды таңдаған.
«Қанжар ЖОО-ға түскен соң зертханалық жұмыстарға қалмай қатысты. Қазір 3-курста оқиды. Десек те осы салада өзін қалыптастырған кейбір ғалымдардан да жоғары нәтиже көрсетіп үлгерді. 20-дан аса ғылыми еңбегі бар, әртүрлі ғылыми конференциялар мен конкурстардан жүлдесіз қайтпайды. Болашағынан зор үміт күтемін. Жақында Алматыда «Ғылым және бизнес» атты халықаралық конференция өтті. Конференция аясында студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына конкурс жарияланды. Сол сайыста осы кремний диоксидін алу туралы ғылыми баяндама жасап, 1-орынды жеңіп алды. Ұстаздың негізгі міндеті – шәкірт даярлау. Қазір, мысалы, біз 40 жаста білгенімізді 20 жасар студенттер үйреніп отыр, олар біздің жасымызға жеткенде әлдеқайда үлкен жетістікке жетеді. Болашаққа салынған ең зор әрі табысты инвестиция дегеніңіз осы емес пе!» дейді Н.Аппазов.
Нанотехнологияға негізделген үнемді шам
Заман жаңарған сайын адамзат алдындағы маңызды міндеттер мен өзекті мәселелер де өзгеріп отырады. Ал қазіргі заманда электр энергиясын үнемдеу күн тәртібінен түспей тұр. Электр қуаты қымбаттап барады, мұның да себебі – тапшылық. Осы мәселені шешудің жолдарын отандық жас ғалымдар да зерттеп жүр. Солардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) ғалымдары да бар. Олар энергия үнемдегіш шамның жаңаша үлгісін ойлап тапты. Аталған жобаның жетекшісі, физика-математика ғылымының кандидаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мерлан Досболаев жаңа үлгінің ерекшелігіне тоқталды.
«ҚазҰУ-дың Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы плазма физикасы мен техникасын зерттеумен айналысады. Плазманы әртүрлі жағдайда алуға болады. Ең қолайлы зертханалық плазма газдық разрядта алынады. Газдық разряд дегеніміз – газдық ортамен электр тоғының өтуі. Осы кездегі пайда болған газдық разряд плазмасы жарық береді. Біз разрядтың жарық беру қарқынын жоғарылатып, жаңа үлгідегі электр үнемдегіш шамдарын жасадық. Газдық разряд плазмасының түрлі физикалық қасиеттерін зерттеу кезінде құрамына микро, нанобөлшектер енгізгенде олардың жарық беруі бірнеше есе артатыны анықталды. Сөйтіп, нанотехнологияға негізделген газдық разрядты шамдардың жаңа нұсқасын жасау туралы ой пайда болды. Бірнеше халықаралық ғылыми журналдарда мақалалар жариялап, кейін елімізде осы жаңалығымызға патент алдық. Қазір «Ғылым қорының» гранты арқылы осы жобаның өндірісімен айналысып жатырмыз», дейді кейіпкеріміз.
М.Досболаевтың айтуынша, бүгінде кеңінен қолданылып жүрген жарықдиодты шамдардың тиімді жұмыс істеуі үшін қымбат технологиялар қажет. Қазір дүкен сөрелерінде тұрған мұндай шамдардың көбі арзан материалдардан дайындалған, ал сапалысы қымбат тұрады. Отандық ғалымдар әзірлеген шамдардың бағасы одан әлдеқайда қолжетімді. Бұл шамдарда бұрынғыдай таза сынаптың орнына амальгамма қолданылады. Амальгамма дегеніміз – аз ғана сынаптың басқа металдармен қосындысы. Осылайша, газдық разрядтың құрамына еніп, жарық спектрін өзгертіп, оның қарқынын арттырады.
Ашық түрдегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасының директоры Мұхит Мұратов қазірдің өзінде 50 мың дана шам шығарылғанын, сатуға дайын екенін жеткізді.
«Ғылым қорының» грантымен шамдарға қажетті шикізат алдық. Шикізатты пайдаланып, 4 түрлі формадағы, сапасы бірдей 50 мың дана өнім дайындадық. Шамдарды сатуға талап ететін сертификатқа да қол жеткіздік. Енді сатылымға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс дүкендеріне өзіміздің тиімді өнімімізді ұсынып отырмыз. Осыған қоса мемлекеттік сатып алуға қатысу да көзделген. Негізі қазір көп жерде орнатылған, көзге қатты әсер ететін жарықдиодты шамдар 5 мың теңгеден жоғары тұрады, ал біздің университет ғалымдары әзірлеген шамдар 300 теңгеден басталады», дейді М.Мұратов.
Елімізде халық әлі де жарықдиодты шамдарды қолдану тәртібін біле бермейді. Оған мұндай шамдарды бөлек жинайтын арнайы қоқыс жәшіктерінің қойылмауы себеп болып отыр. Ал шынысы шағылған жарықдиодты шамдардан бауыр, бүйрек, ас қорыту жүйесін зақымдайтын, жерге немесе суға түсіп, табиғатқа үлкен қауіп төндіретін улы заттар бөлінеді.