Иә, оңай болмады. Серік пен Гауһария бүлдіршін қыздарын таңның елең-алаңынан қаладан тоғыз шақырым жердегі тауға жаттығуға апарады. Одан кейін сабақтан қалмау керек. Алғашқы бапкері С.Аксенов, одан кейінгі ұстазы В.Соколов мықты жаттықтырушы болды, білгендерін жалықпай үйретті. Ата-анасы, қысқасы, Аяулымның биік нәтижеге жетуі үшін 17 жылдан бері қыздарымен бірге тер төгіп келеді. Шіркін, кез келген ата-ана балаларының спортта биік табыстарға жетуі үшін Серік пен Гауһария сияқты құлшыныс пен жігер танытқанда, Олимп шыңын бағындырған қазақ қыздары молая түсер еді-ау деген ойға қаласыз.
Пхенчхан Олимпиадасына бару үшін Аяулым талай сыннан мүдірмей өтті. Финляндияның Рука, Қытайдың Тайбу, Канада мен АҚШ-тың бірнеше қаласында өткен Әлем кубогы кезеңдеріне қатысты. Мұның алдында ол Аустрияның Кришпел қаласында өткен Еуропа кубогының кезеңінде екі бірдей алтын медаль иеленді. Швейцарияның Прато Левентино қаласында жалауы желбіреген кубок жарысында да жеңіс тұғырына көтерілді. Сол жолы Аяулым 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленіп, Еуропа кубогының бас жүлдесі мен Хрусталь кубокты иеленді.
Аяулымның Пхенчхандағы өнерін әкесі Серік екеуміз бірге тамашалаған едік. Қанаты қатайып, тәжірибесі молайған қазақтың қаршадай қызы жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Алғашқы жиырмалықтан ойып тұрып орын алды. Елге оралған соң оқуын жалғастырды. Орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға түсті. Ол өзінің екінші Ақ Олимпиадасына бару үшін де «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Еуропа мен мұхиттың ар жағындағы Әлем кубоктарына қатысып, ұпай жинай берді. Жуырда Қазақ елі атынан Қытайда өнер көрсетуге жолдама алған бес саңлақпен бірге аттанып кетті.
– Аяулым сәби кезінен өжет, алғыр болып өсті. Ол домбыра, би үйірмелеріне де қатысты. Ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Кеше бізбен сөйлесті, олар тұрып жатқан жер сәл салқындау болса да, спортшыларға барлық жағдай жасалған екен. Тәртіп қатал, шыдау керек дегенді айтты. «Фристайл могулдан әріптестерім қайткенде де бір медаль алуға тырысады», деді. Қызыма ғана емес, Қазақ елінің барлық спортшысына табыс тілеймін. Әттең, пандемия болмағанда Аяулымға Бейжіңге барып, жанкүйер болар едім, – дейді С.Әміренов.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
ӨСКЕМЕН