Автомат және гранатометтермен қаруланған бір топ адам 1-ақпан күні ел астанасы Бисаудағы Үкімет үйіне шабуыл ұйымдастырған. Дәл сол сәтте ғимаратта мемлекет көшбасшыларының қатысуымен министрлер кеңесінің отырысы өтіп жатқан.
«Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті кезінде Гвинея-Бисаудағы үкімет сарайында болған атыс салдарынан алты адам қайтыс болды», делінген хабарламада.
Бұған дейін Гвинея-Бисау президенті Омар Сиссоко Эмбало ел астанасы Бисауда атыс бес сағатқа созылғанын, нәтижесінде көптеген адамдар ажал құшқанын мәлімдеген еді. Әйткенмен ол қайтыс болғандардың саны туралы нақты мәліметтер келтірген жоқ. Мемлекет басшысы өзінің президент сарайында екенін, ал қаладағы жағдай бақылауға алынғанын атап өтті.