Қоғам • 02 Ақпан, 2022

Тышқан кемірген аттестат

309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Академик Серік Қирабаевтың ғылымдағы қайраткерлігі мен қажыры қандай қарымды болса, өмірдегі ақсүйек болмысы мен адамдық қасиеті де бойындағы тектілігімен тамаша қабысып жататын. Бүгінде өткен шақтың еншісіне бұйырған ол естеліктер жылдар алға жылжыған са­йын құндылығын арттырып, тағылымымен әлі де талай буынның таным көкжиегін кеңейтуге қызмет етері хақ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын сондай бір жарқын сәттің куәсі болу бақыты бұйырған бізге академик ғылым жолының қиындығы мен қызығынан бөлек, балалық шағының да бал сәттерін риясыз әңгімелеп берген еді. Таспада қалған дана дауыс иесінің сонда ерекше шабыттанып отырып айтқаны – тышқан кемірген аттестат жайы.

Мектеп бітіргеннен кейін тұр­мыс жағдайына байланысты ара­ға біршама уақыт салып барып Қара­ғандыдан арман қуып Алматыға келген жас талапкер оқуға құжат тапсырайын деп сөмкесін ашса, мектеп бағдарламасын тауысқанын растайтын құжатын тышқан кеміріп кеткенін көреді. Ә дегенде не істерін білмей шарасыз күйге түскен жас жігіт ақыры жұлым-жұлымы шыққан бір жапырақ қағазды қысыла-қымты­рыла қабылдау бөліміне ұсынады.

«Оқуға құжат тапсыруға келген ол сәт әлі есімде. Мен мектепті 1943 жылы бітірдім. Кітаптар салынған чемоданымды бір апайдың үйіне тастап едім, содан 1947 жылға дейін отбасының жағдайларымен оқуға тапсырмай жүріп қалдым. Сөмкем сол бойы апайдікінде қала берді. Енді оқуға барамын деген кезім­де құжаттарымды іздесем, аттес­та­тым­ның бүктелген қал­пындағы бір бұрышын тышқан кеміріп жеп қойыпты. Бірақ бақытыма орай жазулары өшпепті. Сол тышқан кемірген аттестатпен инс­титутқа келдім ғой. Ол кезде емтихан тапсыртпайтын. Соғыстан кейінгі кез, балалар жетпейді. Талапкерлерді қабылдап отырған ұстазым құжаттарымды көріп: «Бағаң жақсы екен. Қарағым-ау, алайда, мына аттестатқа не болған?» деді. Болған жайды ұстазыма қаз-қалпында баяндап бердім. Сонда ағай жарқылдай күліп алып, шетіне «зачислить» деп жазып берді. Міне, тышқан кемірген аттестатпен осылай оқуға қабылдандым (күліп алды). Содан қайбір жылы кемірілген куәлігім есіме түсіп, «естелік қой, үйде жатсын» – деп, ҚазПИ-дің мұрағатынан алып алдым. Аттестат қазір жеке мұрағатымда. Ол да заманның бір көрінісі ғой. Бірақ оны енді өкініш есебінде айтқан ештеңем жоқ. Жалпы мен өміріме, тағдырыма риза адаммын» деп майын тамызып әңгімелеп беріп еді сонда академиктің өзі.

Иә, тышқан кемірген аттестатпен-ақ оқуға қабылданып, білімнің жілігін шағып, майын ішкен талапкер өзінің тынымсыз ізденіс пен зеректігінің арқасында ғылымның даңғыл жолына түсіп, қазақ әдебиеттануының тұтас бір дәуірін жасаған аңыз тұлғаға айналды. Өзі ғана емес, өмірлік серігі атақты ғалым, академик Әлия Бейсенова екеуі қанаттаса жүріп ұлттық ғылымды ұшпаққа шығаруда өлшеусіз тер төкті. Білім мен ғылым табыстырған қос ака­демиктің ғылым саласындағы жетістігі ғана емес, жетпіс жылдан аса қол ұстасып өткізген ғибратты ғұмыры, ескірмеген махаббат хикаясының да келер ұрпаққа берер тағылымы мол. Сол сапарымызда қос академикпен өрбіген сұхбатымыздың аз ғана үзігін қаз-қалпында қағазға һәм есімізге  түсіріп көрдік: 

– Сіздердің сезімдеріңіздің тұрақ­тануына хат жазысу үлкен ықпал еткен дейді...

Серік ата: – Біз хат жазысайық деп арнайы жазысқанымыз жоқ. Алғаш танысып жүрген кезімізде Әлия денсаулығына байланысты Қызылордаға кетіп қалды. Ағасы бар еді, бір жыл соның қолына барып, мектепті сонда оқып келді. Сол кезде жазысқан сағыныш хаттарымыз бар. Біз алғаш танысқаннан бір-бірімізді қатты ұнаттық та, әу бастан-ақ тұрақты, таза отбасы болсақ деген ой болды. Жеңіл-желпі танысып, жігіттік ұшқалақтық жасаудан аулақ болдым. Сұлу, сыпайы жүріп кейде киноға ертіп барамын, қыдырамыз. Тіпті үйленгенге шейін Әлияның бетінен де сүйіп көрген жоқпын. Жаңа жылда ол Қызылордадан келіп, мен осында қарсы алып, шығарып салғанда ғана бірінші рет бетінен сүйдім. Бір-бірімізді шошытып алатындай бір үркек сезімді басымыздан өткердік. Қолма-қол болмашы келіспеушіліктен айырылысып кетуге болар еді, ондай жайттар да кездеседі ғой. Бірақ біз жолығысқаннан-ақ әр сәтімізді бағалауға талпындық. Сезімімізге селкеу түсірмей, сол құрметімізді осы күнге дейін сызат түсірмей сақтап келеміз.

– Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков: «Бәрін құртқан Сәкеннің әні» деп қағытып қалжыңдайды екен. Осы бір сөздің сырын тарқатып айтып беріңіздерші?

Әлия апа: (күліп алды). – Енді ол, балам, өткен өмір ғой. Жоғары оқу орнында Өзбекәлі екеуміз қатар оқыдық, бірге жұмыс істедік. Сол студенттік жылдары сезімін білдіріп жүргенде мен Серағаңа тұрмысқа шығып кеттім. Сон­дағы өкпелері ғой. Кейін үлкен қыз­метке барғанда да ұмытпай, сыртымнан бақылап: «сені жақсы көрген жігіт сыртыңнан қамқор болып жүреді» – деп үнемі күліп айтып жүретін. Сәкеннің әні деп отырғаны – Серағаң менің жүрегімді Сәкеннің әндерімен жаулап алған. Біз қауымдасып өмір сүрдік қой. Өзбекәлі деген ұлт жанашыры, ел ертеңі үшін ерен еңбек еткен үлкен тұлға еді. 

Ғұмыр бойы сезімдеріне селкеу түсірмей өмірде де, ғылымда да қол ұстасып, қанаттасып бірге жасаған қос академиктің өнегелі өмірі кім-кімге де өнеге. Ал тышқан кемірген аттестат – қос ғалымның ғылым мен өмір жолындағы бақытты жолдама болғаны анық.