Аймақтар • 03 Ақпан, 2022

Қарғын судан қауіп бар

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр көктемде Семейде бірнеше үйді су басып, тұрғындарды эвакуациялауға тура келген. Биыл тілсіз жаудың алдын алуға бағыт­талған жұмыстар ерте басталды.

Қарғын судан қауіп бар

Білікті мамандар қала аумағында су тас­қыны қаупі бар 15 учаскені анықтаған. Одан бөлек, қыста қар көп түсетін 60-қа жуық көше бар. Көше-көшені су басып кету себебі – арық­тардың, суағарлардың болмауы. Болған күн­нің өзінде мұз қатып, қарғын су бетімен ағады. Сондай-ақ көктемгі бұлақтардың жолына салынған құрылыс та судың көтеріліп кетуіне себеп. Әсіресе Восход, Шығыс, Мирный, Затон шағын аудандарына, Түйемойнақ аралына көктемгі қар суының қаупі жоғары. Сондықтан да қаладағы коммуналдық қызметкерлердің күші осы бағыттарға ерекше жұмылдырылған. Жеке секторлардағы қарды таазалау, шығару жұмыстары бүгіннен басталып кеткен. Сонымен қатар қала басшылығы қала көшелеріндегі су жиналатын жерлердің тізімін дайындап, оны кестеге сәйкес тазартып отыруды тапсырды.

– Қаладағы арықтардың тізімін жасау бо­­йынша қосымша тапсырмалар берілді. Семей­дің 16 шағын ауданында 52 шақырым су бұр­ғыш жыралар мен арықтар бар. Оған қоқыс кептеліп, мұз қатып жатқан жоқ па, тексеру керек, – деді қала әкімі Бақытжан Баяхметов.

Шаһарды Ертіс өзені қақ жарып ағып жат­қандықтан, өзеннен де қауіп жоқ емес. Бір жылдары арнасынан асып, тасығаны семейліктердің есінде. Биыл жағасынан су шығып кететіндей тұстары нығайтылып, қауіптің алдын алған­дай болды.

Ендігі кезекте мамандар Шүлбі су электр стансасындағы судың деңгейі мен ағызылуын тұрақты бақылауда ұстау керектігін айтады. Қазір Ертіс өзеніндегі су деңгейі 117 сантиметр болса, мұздың қалыңдығы – 33 сантиметр. Мұз 50 сантиметрден асқан жағдайда, наурыз айының басында жару жұмыстары жүргізіледі. Оған дейін техникалар мен құтқарушы мамандар дайын болуы керек. 2022 жылы су тасқыны кезеңінде көмектесетін құралдар мен күштерге тоқталар болсақ, жеке құрамда 417 адам, 269 бірлік техника бар. Оның ішінде 25 автобус, 40 бірлік мотопомпа, жүзу құралдары, 5 бірлік қайық қарастырылған. Сонымен қатар төтенше жағдайлар салдарын жою үшін әртүрлі инженерлік техникалар да дайын тұр.

Жалпы, су тасқынының алдын алуға бағыт­талған Төтенше жағдайлар министрлігі әскери бөлім­дерінің қатысуымен жыл сайын «Көк­тем» республикалық командалық-штабтық оқу-жат­тығулары жүйелі түрде өткізіліп ке­леді. Былтыр оқу-жаттығу жұмыстары кезін­де Мұқыр кентінде биіктігі 1,5-2 метр және ені 3 метрге дейін 200 метрлік бөгет салын­ды. Шығыс және Водный кенттерінде су өт­кізу құбырларын тазарту жұмыстары жүр­гі­зілді. Атқарылған бұл шаралар қауіптің бе­­тін қайтаруға едәуір септігін тигізгені анық. Сонымен қатар су жиналмауы үшін Амбу­латорная, Терешкова, Сейфуллин, Фес­тивальная көшелеріне қосымша арық қажет. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін биылғы бюджеттен қаржыландыру жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, қайла-күректерді сақадай сай етіп, орталық алаңдарда техникаларды тізіп «көрме» өткізгенімен, топан су басқанда, қол­дан келер қайран болмай қаларына Шығыс Қазақстан халқының көздері әбден жеткен. Сон­дықтан да төтенше жағдайдың алдын алу, құт­қару жұмыстарына шынайы қамданған дұрыс.

 

СЕМЕЙ