Аймақтар • 03 Ақпан, 2022

«Жетісудан сөйлеп тұрмыз...» Аймақтағы радио алғашқы хабарын таратты

412 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың ақпарат ке­ңіс­тігі тағы бір радио­ар­намен толықты. Ен­ді әуе толқынында «Жетісу» радиосы өз хабарларын тарата бас­тайды. Аймақтағы жедел ақпарат жет­кізетін алғашқы радио Алматы облысындағы шека­ра­лық аймақ­тар­ға, интернет байланысы шек­­теулі ауылдарға қолже­тімді болмақ.

«Жетісудан сөйлеп тұрмыз...» Аймақтағы радио алғашқы хабарын таратты

– Радионың негізгі ба­ғыты – ақпараттық-таным­дық. Қазақтың ұлттық, рухани дүниелерін көбірек на­сихаттауға басымдық бе­рі­леді. Таңғы ақпарат­тық-сауықтық хабар, түрлі сала­да­ғы мамандармен сұх­бат, көңілге ой салар таным­дық бағдарламалар, әсем ән, әуезді күй, маңызды әрі қызықты жаңалықтар легі... тұрғындар бәрін ен­ді «Жетісу» радиосынан тың­дайды деген сенімдеміз. Бағ­дарламалардың ішін­де «Бір әннің тарихы», «Қайрат­кер», «Білте шамның жары­ғы», «Ойтолғақ», «Шапағат», «Ғиб­рат» сияқты ғибраты мол хабарлар тыңдарман кө­ңі­лінен шығады деген үміт бар. Елдегі маңызды оқи­ғалар күніне бірнеше мәр­те «Жаңалықтар» ар­қы­лы жұртқа жетеді, – дейді «Же­тісу» радиосының бас редакторы Есболат Айда­босын.

Радио ұжымына белгі­лі журналистермен қатар әмбе­бап техника мамандары жиналыпты. Олардың қа­тарында Айнұр Төлеу, Мұхит Тоқтасын, Салтанат Жек­сембек, Аршын Айдын­бекұлы сынды редак­торлар еңбек етеді. Ал музыкалық әр­леу, қадағалау Мақсат Арыстанбаев пен дыбыс ре­жиссері Сафа Серғазы­ның мойнында екен. Шығар­машылық құрам алдағы уақытта тағы да жаңа маман­дар­мен толыға бермек..

– Біраз жыл бұрын мар­құм Бейсен Құранбек, Досан Қызайбекұлы үшеуміз қатар отырып, сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталовқа шекара маңындағы аудан­дардың қытай тілінде хабар тыңдап отырғанын, өңір­ге радио жиілігі аса ке­рек екенін жеткізіп едік. Ма­құл деген келісім алдық. Содан беріде том-том қағаз жина­дық, екі-үш байқауда ірі радиолар алдымызды орап, сүріндік. Былтыр минис­трлік конкурсын ұтып, түрлі инстанциялардың келі­сі­­мін алдық. Есболат пен Айнұр топ жинап, ра­дио­хабардың қыр-сырын мең­геруге кірісті. Енді, міне, бар ауыртпалықты арт­қа тас­тап, әуе толқынына шы­ғар сәтке келдік. Өткенде тілдескенде аймақтың жаңа әкімі Қанат Бозымбаев та аймаққа ақпарат беру аса маңызды екенін айтып еді. Құдай қаласа, Жетісудың ең қиырдағы ауылдары қазақша ән-күй, хабарын тыңдайтын болады. Ең әуелі Талдықорған қаласы, Көксу, Ескелді аудандары тыңдарман болмақ. Одан кейін қытайлық радиодан мезі болған Жаркент, Алакөл өңірі кезекте тұр. Райымбек ауданының шекара маңындағы ауылдарына да қондырғы орнатылады. Балқаштың сонау қиырдағы Құйған ауылы да елдің тыныс-тіршілігін біліп отырады, – дейді «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы.

Айтпақшы, «Жетісу» ра­диосын облыс тыңдар­ман­дары тәулік бойына әр өңір­де әртүрлі жиілікте тың­дай алады. Мәселен, Тал­дықорған қаласында –107.2, Жаркент-106.5, Текелі –104.8, Үшарал-104.3, Леп­сі –103.8, Балқаш ауданы, Бала­топар елді мекенінде –102.1, Құйған – 101.7, Ра­йымбек ауда­нындағы Қызыл­ұш, ­Жа­ла­ңаш ауылда­рында 100 жиі­лігінен қосы­луға болады.

 

Алматы облысы