Өңірде қысқы маусымдағы туризмнің дамуына толық негіз бар. Бұған Алатаудың баурайында орналасқан демалыс орындарының көптеп ашылуы дәлел. Алайда тау туризмі өзін өзі ақтамай отыр. Бұл салаға қаржы салған кәсіпкерлер де, мемлекет те нақты табысқа қол жеткізбей отырғанын енді мойындап отырғандай. Жақында осы мәселеге орай тағы да бас қосқан тиісті сала өкілдері тау туризмін дамытудың жолдарын талқылап, болашаққа бағдар жасағандай болды. Мәселен, Алматы маңындағы тау кластерін дамыту мәселелері бойынша тиісті министрлік жетекшілері, облыс және қала басшылығы, ірі тау-шаңғы курорттарының иелері дөңгелек үстел басына жиналған еді. Бұл жиын Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған екен. Іс-шарада Алматы тау кластерінің әлеуеті, басымдық берілетін локациялары, өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын қорытындысында үш жақты бірлескен мастер-жоспар әзірленіп, бұл құжат Алматы облысы мен Алматы қаласы және бизнес қауымдастықтың Алматы агломерациясы аумағында бәсекеге қабілетті туристік орта қалыптастыруға бағытталған үш жақты іс-шараларын үйлестіретін болады. Осы кездесуде Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Жетісу аймағында табиғи-рекреациялық, тарихи-мәдени ресурстардың мол болуы туризмнің барлық түрлерін, соның ішінде тау туризмін дамытуға зор мүмкіндік беріп отырғанын атап өткен еді.
– 2019 жылы Алматы тау кластері жобалық кеңсесі құрылған болатын, алайда бұл жұмыс тиімді болмай отыр. Яғни кеңсенің құрамы мен құрылымын және жұмыс істеу әдісін қайта қарауды ұсынамын. Оның орнына бизнес өкілдерінің қатысуымен басқару компаниясын құру керек. Кластерді дамытуға бағытталған барлық құжаттарды өзектендіру қажет. Сонымен бірге іс-шараларымызды үйлестіретін Тау туризмі кеңесін құруымыз керек. Оның құрамына бизнес өкілдері, тиісті салалық министрлердің орынбасарлары, облыс пен қала әкімдерінің туризмге жетекшілік ететін орынбасарлары, басқарма басшылары кіргені жөн. Кеңес тоқсан сайын отырысын өткізіп, ағымдағы мәселелердің шешімін жедел қарастырып, кезең-кезеңімен жасалатын қадамдарды талқылауға тиіс. Барлық дайындалған құжаттар қайта жандандырылады. Ол үшін біз Алматы тау кластерін дамыту бойынша үш жақты бірлескен мастер-жоспар әзірлеуіміз керек. Оған енгізілген жобалар коммерциялық жағынан тиімді болуға тиіс. Он күн ішінде сіздерден іске тежеу болып отырған заңнамалар мен нормативтік құқықтық актілерге қатысты өзгерістер мен толықтырулар бойынша нақты ұсыныстар күтеміз. Біз мәселені абстрактілі талқылаудан нақты қадамға көшуіміз керек. Алматы облысының экономикасы үшін туризм басымдық берілетін шешуші саланың бірі, – дейді мәселеге орай облыс әкімі Қанат Бозымбаев.
Бұл бағыттағы жұмыстарға Мәдениет және спорт министрлігі де ерекше екпін бермекші. Министр Дәурен Абаевтың айтуынша, туристік салаға мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау мен ынталандыру іс-шаралары жаңа сипатқа көшеді. Оның ішінде демалыс орындарына баратын жол, жатын орыннан бастап қажетті құрал-жабдыққа дейін жеңілдікпен сатып алуға көмек беріледі екен. Мәселен, тау-шаңғы құрал-жабдықтары мен техникасын сатып алу шығынының 25 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі-мыс. Яғни министрлік бұл саланы қолдау іс-шараларын жалғастыра береді және өңір бизнесін дамытуға қатысты ұсыныстарды қарастыруға дайын.
– Қазір бұл техникалардың тізімін кеңейту мәселесі қаралуда. Сол сияқты туристік нысанды, яғни орналастыру орындары, туристер келетін орталықтар және басқа да объектілерді салу мен қайта жаңғырту шығындарының 10 пайызы өтеледі. Біз Кәсіпкерлік кодексі шеңберінде басым деп танылуы үшін инвестициялық жобалар құнының ең төменгі шегін 2 млн айлық есептік көрсеткіштен 200 мың есептік көрсеткішке дейін төмендеттік, – дейді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Әлия Шалабекова тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару мен кәріз жүйелеріне қатысты мәселелердің ортақ жүйелі шешімі болуы керектігіне баса маңыз беруге шақырады. Бұл ретте аталған министрлік туристер үшін экологиялық таза әрі қолайлы климат қалыптастыруда бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз деп отыр.
Айтпақшы, Алматы тау кластерін дамытудың тиімді жолдары туралы кәсіпкерлердің өз пікірілері бар. Солардың қатарында «Ой-Қарағай – Лесная сказка», «Ақбұлақ», «Шымбұлақ», «Табаған Ресорт», «Көк Тау» тау-шаңғы курорттарының және «Пионер» отбасылық курортының басшылары да саланы дамыту жолдары туралы ұсыныстарын айтып, мемлекеттен нақты қолдау күтетінін жасармайды.
– Туризмді бизнес те, мемлекет те жеке дара дамыта алмайды. Табысты нәтижеге қол жеткізу үшін бұл ретте мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіруіміз керек. Мұндай жиындарда айтылған пікірлер негізінен қызмет көрсету сапасын көтеру үшін арнайы мамандар даярлау, туризм нысандарына қоғамдық көлік қатынасын және қоқыс өңдеу ісін ұйымдастыру, жасанды қар жасау құралын сатып алуға қаржылай қолдау көрсету, балалардың тауда тегін шаңғы тебуін мектеп бағдарламасына енгізу, инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне қатысты болып келеді. Енді осы айтылған мәселе шешімін тапса, бизнес үшін тау кластерін дамыту пайдалы кәсіпке айналар еді, – дейді «Ой-Қарағай – Лесная сказка» тау курортының президенті Ерлік Балпанбаев.
Алматы облысы