Қазір өңірлік комиссия шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген шығынның сомасын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Өткен жұмада алғашқы екі кәсіпкерге тәртіпсіздік кезінде келтірілген залал үшін өтемақы төленді. Кәсіпкер Александр Ткаченконың «Мобилка» сауда үйіндегі ұялы телефон сататын бутигі өзгелердікі сияқты түгі қалмай тоналып, қиратылған еді. Салдарынан 3,2 млн теңге шығынға ұшыраған А.Ткаченко барлық қажетті құжатты рәсімдегеннен кейін, оған толық көлемде қаражат аударылды. Екінші кәсіпкер Аркенжан Мирзабаев «Азия парк» және «Максима» сауда-ойын-сауық орталықтарында 2 бутикті жалға алып, балалар киімін сатып, табыс тауып келсе, тәртіпсіздік салдарынан оның бизнесіне 1,8 млн теңге залал келтірілді. Оған да өтемақы қаражаты аударылды.
Біз бұған дейін де Алматыда тәртіпсіздік пен тонау салдарынан 1 581 кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккенін, шығын сомасы 45,6 млрд теңгені құрағанын хабарлаған едік. Бұған дейін де өңірлік комиссия шығынды өтеу тетіктерінде кінәрат барын анықтап, өз тарапынан нақты ұсыныстар енгізген болатын. Әкімдіктің ұсыныстары 2022 жылғы 1 ақпанда Ұлттық экономика министрлігімен жедел түрде келісіліп, үкіметтік комиссия деңгейінде мақұлданды. Енді шығынды өтеу ережесіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Негізгі оңалту шаралары тауарлық-материалдық құндылықтарға келген мүліктік залалға қатысты. Енді 5 млн теңгеге дейінгі ең жоғары төлем сомасымен жеңілдетілген механизм бойынша бүлінген жылжымалы әрі жылжымайтын мүлікке, қалпына келтіруге келмейтін және жоғалған жабдықтарға да шығынды өтеу жолдары қарастырылып жатыр. Бұл өз кезегінде зардап шеккен бизнес субъектілерін кеңінен қамтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бюджет қаражатынан бөлек қорлардың жеке ақшасынан да төлем жүргізу мәселесі қарала бастады. Яғни өтемақы төлеу процесін жетілдіру жолындағы ізгі жұмыстар жалғаса береді.
Еске сала кетейік, қаланың бұрынғы басшысы қаңтарда зардап шеккен кәсіпкерлер коммуналдық шығындарды төлеу 3 айға, ал қаладағы коммуналдық меншікті жалға алушыларды 6 айға жалға алу төлемінен босатуға шешім шығарған еді. Сонымен қатар «Алматы бизнес-2025» қалалық бағдарламасы бойынша айналымдағы қаражатын еселеп алу үшін кәсіпкерлерге кепіл ұсыну арқылы 10 млн теңгеге дейін жылдық 2 пайызбен 12 айға немесе «Алматы» АӨК ішінара кепілдігімен жеңілдетілген несие беріледі. «Алматы Финанс» ЖШС мен «МФО Алматы» ЖШС зардап шеккен кәсіпкерлерге негізгі қарызды өтеу мерзімін ұзартады, айыппұлдар мен өсімпұлдарды 180 күнге дейін шегереді.
Сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындары көтерген мәселелер қатарындағы, Президент Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 29 қазандағы тапсырмасына сәйкес қаладағы жер телімдерінде құрылыс жүргізуге тыйым бар екенін мәлімдеді. Бірақ қолданыстағы заңнама мен Мемлекет басшысының тапсырмасын бұзған заңсыз әрекеттер анықталып отыр. Осыған байланысты қала әкімі Е.Досаев барлық мән-жай анықталғанға дейін белгілі нысандарда (19 учаске), оның ішінде Самал-3 шағын ауданы мен Достық, 125 учаскелері орналасқан аумақта жүріп жатқан жұмыстарды тоқтату туралы шешім қабылдады. Қала билігі БАҚ өкілдеріне жоғарыдағы тізім бойынша қазіргі уақытта мән-жайды анықтау жұмыстары жүріп жатқанын және алдағы күндері мәселеге толығырақ түсініктеме берілетінін хабарлады.
АЛМАТЫ