Қазақстан • 03 Ақпан, 2022

Қонаев және ұлттық құндылықтар

7422 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Ел жағдайы мен тарихы көп ретте билік басында отырғандарға байла­нысты. Тарихи тұлға туралы ресми құжаттардан емес, замандастарының естеліктерінен, жақын адамдарға айтқан сөздерінен талай нәрсені байқауға болады. Әйгілі грек ғалымы, біздің дәуіріміздің 46-120 жылдары шамасында өмір сүріп, өз заманының ұлы адамдары туралы кітап жазған Плутарх: «Көп жағдай қандай бір елеусіз қылық, орнын тапқан бір ауыз сөз немесе әжуа-әзілдің өзі ... адамның мінезін айқын ашып береді», деп бекер айтпаған.

Қонаев  және ұлттық құндылықтар

Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев қиын дәуірде өмір сүрді. Совет заманында Қа­зақстанды басқарған санаулы қазақтың басым бөлігі ұлтшыл, ұлтшылдық деген сөзді есітпей жұмыстан босамаған десе болады.

Никита Хрущев естелігінде 1946-1954 жылдары Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитетінің бірінші хатшысы болған Жұмабай Шаяхметовті тың игеруге қарсы шығуына ұлтшылдық көзқарасы («Шаяхметовым двигали националисти­ческие мотивы») себеп болды деген пікір айтады: «Шаяхметов понимал, что если увеличить площади под зерно, то обрабатывать их казахи сами не смогут... придется звать на помощь добровольцев, желающих поехать на освоение целинных земель... А он этого вовсе не хотел, ибо тогда еще сильнее снизится удельный вес коренного населения в Казахстане».

Ұлтшылдық деген сөз Никита Сергее­вичтің тарапынан Қонаевқа да айтылған екен. Қазақ Республикасын бөлшектеп, жерін көршілерге үлестірудің жоспарын әңгімелеп берген Н.С.Хрущевқа Д.Қонаев: «Сонда Қазақстанға шонтайы қала ма?», деген екен. Осы сөздердің ауыздан шығуы мұң-ақ екен, Хрущев орнынан атып тұрып: «Бұл қарғыс атқан ұлтшылдық қашан ғана құриды?!», деп столды жұдырықпен қойып-қойып жібергенде хрустальдар бір-біріне соқтығысып, бірді-екілі фужер сынып та кеткен» (Ерғалиев Х. Алаштың ардақтысы // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 32-33 б.). Бұл келіспеушілік ақыры Қонаевты қызметінен кетіріп, орнына И.Юсупов деген біреудің келуіне әкеліп соқтырды.

Л.И.Брежневтің көмегімен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бі­рін­ші хатшысы болып қайта сайланған Қонаев ендігі кезекте қазақтардың ұлттық мүдделерін қорғады ма? Жүрегі шайлығып қалмады ма екен? – деген сауалдар туындауы мүмкін. Сұрақтарға жауапты ең алдымен онымен аралас-құралас, қызметтес болған ардагерлердің, замандастарының жазғандарынан ізделік.

Шымкент облыстық партия комитеті­нің екінші хатшысы болған Ә.Сасбұқаев өз естелігінде бірінші басшы (В.Ливенцов болатын) білмей-ақ қойсын деп 1969 жылы Д.Қонаев тіке өзіне телефон соғып «Өзбекстанға өткен оңтүстіктегі үш аудан­ның халқы Мәскеуге де, бізге де қай­та-қайта шапқылап, Қазақстанға қайта қосы­ламыз деп арызданып жүргенін жақсы білесің ғой. Соның мәселесі жақында Мәскеуде, саяси бюрода қаралмақ. Сол үшін толық мәлімет керек. Сен соны бізге бірдеңе етіп алып бер» деп тапсырма береді (Сасбұқаев Ә. Өткен күннен белгі көп. Шымкент, 1997. 53 б.). Ә.Сасбұқаев жасырын түрде, түрлі кедергілерге қарамастан тиісті ақ­парларды жинап тапсырманы орындайды. Кейін, 1971 жылы Мақтаарал, Же­тісай, Киров ­аудандары Өзбекстаннан ҚазССР-і құрамы­на өткенде қуанбаған ел қалмаған-ды. Естелік авторының жазуынша, «Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың осы үш ауданды қайтарып алу жолындағы табандылықпен, өзіне тән сабырмен жүр­гізген жұмысына мен де кішкентай болса көмектесіп едім ау деген ой әрдайым менің жүрегіме жылу құяды» деп жазады.

1965 жылдың күзінде, яғни Қонаев­тың хатшы болып сайланғанына әлі жыл толмаған кезде шошқа мәселесі алдынан шығыпты. Ау, Қонаевтың және қазақтың шошқаға қандай қатысы бар деуіңіз мүм­кін. Қазіргі жастар сол кездегі биліктің қа­заққа шошқа бақтырып қойғанын біле бермейді. Харам малды ұстау мұсылман баласына қалай ауыр тигенін жеткізу қиын. Көптеген қазақы ауыл шошқаны бақтыру үшін басқа ұлттың адамын іздеумен әлек бол­ды. Шошқаның жағдайын жасаймыз деп жергілікті атқамінерлер әуре-сарсаңға түсті. Ал Шәуілдір ауданында шошқаға жайлы қора саламыз деп көне қала – Отырарды бұзып байырғы күйген кірпіштерін алғызды. Көне көздерден сұрастырсақ, оңтүстікте сол кезде шошқа ұстамаған ауыл кемде-кем сияқты.

Қонаевтың орнына Никита Сергеевич әкелген басшы И.Юсупов шошқамен шектелмей, есек етін де пайдаға асыруды армандапты. Халық жазушысы Х.Ерға­лиевтің бұл жағдайды еске түсіре отырып Юсупов, яғни «Исмаил әка түркімен жазушыларын қабылдай отырып: «Біз жеңсік тағам ретінде ет комбинатта­рына есектің етін тапсыртамыз», дегенде қасында тұрған қазақ атаулының бас­тары салбырап, жерге қарағаны өмірі есімнен кетпейді деп жазады (Ерғалиев Х. Алаштың ардақтысы // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 36 б.). Құдай сақтап, Н.С.Хру­щев пен Юсуповтардың жойқын жос­парлары іске аспай қалады.

1964 жылдың қазан айында КСРО-дағы билік басына Леонид Ильич келді де Ташкентте өткен бір жиналыста Юсуповты шақырып алып, «Қазақстан Ресейден ке­йінгі ең үлкен республика, онда ауқымды өнеркәсіп те, ауылшаруашылық өндірісі де бар, зор құрылыстар салынуда. Мұндай алыпты тек білімі терең, тәжірибесі мол адам ғана басқара алады. Ал сізді басшы еткенде біз қателесіппіз, біліміңізді ескермеппіз. Сіз бар-жоғы Талғар сельхозтехникумын бітірген екенсіз, осы қателікті қалай жойсақ», деп сөзін түйіндегенде Юсупов арызын жазуға дайын екенін білдіріпті.

Желтоқсан айында Д.А.Қонаев Қа­зақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бірінші хатшысы болып қайта сайланады. Исмаил әканың жұмыстан кетуімен есекті ет комбинаттарына өткізу жоспары да ұмытылады. Ал шошқаны өсі­руден қазақ қалай құтылды?

Соғыс және еңбек ардагері Әдіһам Шіл­дерхановтың естелігіне назар салсақ, 1965 жылы Алғабас ауданындағы бі­тік шыққан жүгеріні көруге Димекең ке­­леді. Кездесу аяғында ұжымшар бас­шы­сы Ә.Шілдерханов облыс басшыла­ры­на ұсынысың болса айт дегенде «кең­ша­рымызда қой өсіріледі. Қара мал мен жылқымыз да бар. Соған қоса тағы да шошқа өсіру жоспарланған. Шошқаның еті қойдың етінен 8 есе қымбатқа түседі. Осының жоспарын қой етімен өтеп, шошқа өсірмей-ақ қояйық деген өтінішіміз еш жерден қолдау таппай жүр», дейді. Әдекеңнің сипаттауынша «Димекең Ливенцовқа сұстана қарап ызғарлы үнмен: «Ей, сен қа­заққа шошқа бақтырып қоймақсың ба!» – дейді. «... Димеке, Димеке», деп Ливен­цов кібіртіктей сөйлеп, өзіміз де таза қазақы аудандардағы шошқаларды алсақ па деген ойда жүр едік. Қалай да орындаймыз», деп уәде береді. ... Ізбе-із кеңшарымыз шошқа өсіру тауқыметінен құтылды. Жал­ғыз біз емес, тек қазақтар тұратын Алға­­бас, Созақ, Шәуілдір аудандарының бәрінен де шошқаны жиып әкетті», деп көрсетеді соғыс және еңбек ардагері (Ә.Шіл­терханов. Шығармалары, ІІ т. Алма­ты, Ордабасы, 2007. 252 б.).

Сол 1965 жылы Димекең Ресейде оқи­тын қазақ студенттері құрған «Жас тұл­парға» да араша түсіпті. Қазақтың тілі мен басқа да рухани мәселелерін көтере бастаған «жас тұлпарлықтар» – «буржуазиялық ұлтшылдар» болып қудалауға түсе бастаған екен. Ұйымның басшысы Мұрат Әуезовтің жазбаларына сүйенсек: «біз, «жастұлпарлықтар» осы айыптаулардың басты нысанасына айнала жаздадық. Бұл жолы да бізді құтқарып қалған Димаш Ахметұлы болды. Оның біз туралы: «Бұл еліміздегі ең үздік жоғары орындарының студенттері, еліміздің ертеңгі бетке ұстар зиялылары, біздің оларды аялап, қорғай білуіміз керек» деген сөздері «шолақ белсенділердің» аузына құм құйған-ды» (Әуезов Мұрат. Жаратылысы ерекше жан // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 123-124 бб.).

Бозбала кезінде Мұхамеджан Тыныш­баевты үлгі тұтқан (Кунаев Д. О моем времени. Алматы, 1992. С.15), Мағ­жан Жұ­мабаевтың өлеңдерін жатқа білген (Әуезов Мұрат. Жаратылысы ерекше жан // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003.
123 б.) Димекең жазушыларға, өнер адамдарына, жалпы халыққа жақын болды. Рухымызды көтерген, санамызды өсір­ген, ұлттық тарихымыздың жабулы бет­терімен қайта қауыштырған жазушыларға қорған, қамқор бола білді. Олардың ішінде М.Әуезов, І.Есенберлин, О.Сүлейменов болғанын білеміз. Белгілі ғалым, жазушы Құлбек Ергөбек Димекеңнің қазақ әдебиетінің тарихын тереңдеткен профессор Бейсенбай Кенжебаевпен де хабарласып отыратынын, қала ортасынан үй бергізгенін, көлік ұсынғанын, жалпы айтқанда қарайласып тұрғанын айтады. Тізе берсек, қазақ зиялылары ішін­де Димекеңнің шапағатын көргендер аз болмаған. І.Есенберлиннің сөзімен айтсақ, «Әсіресе ол кім жиі тұңғиыққа тірелген болса немесе кімнің өмірі бір тал шашқа ілініп тұрған болса, соларға қымбат еді».

Димекеңнің І.Есенберлинге, басқа да зиялы қауым өкілдеріне жасаған жақ­сылығын жазушының інісі, ғарышқа самғаған «Боранның» ыстыққа шыдамды сыртқы қабатындағы құпия материалын жасаған ғалым Раунақ Есенберлин былай сипаттайды: «Ол оған көмегін тура да, жанай да аяған жоқ. Әсіресе екі оқиға Ілияс үшін өте мәнді еді. Бірінші жолы Димаш Ахметұлы Қонаев Ілиясты өте ауыр жаладан аман алып қалды. Олжас жайлы халық біледі, ал Димекең талай­ды тоталитарлық жүйенің құрбаны қыл­мағанын тек кіші шеңбер түсінеді. Екінші жолы Димаш Ахметұлы Ілияс дарынына сенім артты. Нәтижесінде, қазақ халқының бетке ұстар мақтанышына айналған «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогиялары жарық көр­ді» (Есенберлин І. Ойлар, баяндамалар, күн­деліктер, хаттар. Алматы, 2015. 244 б.).

Олжас Сүлейменовтің сөзімен айт­қанда, Қонаев әдебиет пен өнердегі әрбір жаңа тұлғаны байқап отыратын. Оның қолдауына ілінгендер аз бол­ма­ды. Арнайы шақырып Шәмші Қалдая­қовқа қала орталығынан үш бөлмелі үй бергізгені, баспадан әндер жинағын шы­ғаруды міндеттегені белгілі. Димекең қол­дағандардың ішінде Әбілхан Қастеевті, Молдахмет Кенбаевты, Нұрғиса Тілен­диевті айтсақ та жеткілікті. Әзілхан Нұр­шайықовтың жазуынша, «Отырар сазы­ның» да, оны қалыптастырған Нұрғиса Тілендиевтің де өсіп, өркендеуіне Димекең тікелей қамқорлық жасады» (Әзілхан Нұр­шайықов. Ұлттық ұлы қазына // Есен­бер­лин І. Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар. Алматы, 2015. 144-145 бб.).

Қонаевтың ықпалымен кезінде қа­зақ даласының тағы бір ұлы тұлғасы, Екін­ші Ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фа­ра­биді туған жеріне қайта таныстыру мақ­сатындағы ең мәртебелі шаралар өткізілді. Советтік дәуірде Республиканың бірінші басшысының ерекше қолдауынсыз мұндай жиындар өте ме? 1975 жылы Мәскеуде және Алматыда Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерекесіне арналған халық­аралық конференциялар өтті. Алма­тыдағы жиынның дәрежесін көтеру мақ­сатында Д.Қонаевтың өзі қатысты. Әйтпесе, ортағасырлық ғұламаға арналған конференцияға СОКП Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, Одақтық Парламент депутаты, КСРО Жоғары Ке­ңесі Президиумының мүшесі Д.Қонаев қатысуға міндетті ме? Қатыспаса да ешкім ешнәрсе дей алмас еді. Бірақ Димекеңнің қатысуы ғылыми басқосудың дәрежесін биіктеткені анық. Мұндай дәрежедегі конференция Әл-Фарабиге бұрын соңды да, кейін де өткізілген емес-ті.

Әл-Фараби тойынан бес жыл бұрын, яғни 1970 жылы Д.А.Қонаев атақты археолог Кемел Ақышевты қабылдап, жұ­мысы 20 жылға жоспарланған Оңтүстік Қазақстандық кешенді археологиялық экспедициясының құрылуына және жыл сайын аталған мақсатқа қомақты қаржы бөлінуіне ықпал етті. Экспедицияның бас­ты зерттеу нысанасы Әл-Фараби Отаны – Отырар болды. Мұндай қаражат бұрын-соңды Қазақстанда бірде-бір жәдігерді зерттеуге бөлінген емес-ті. Кейін археолог К.Ақышевтың, аудандағы алғаш музейді құрушы Асантай Әлімовтің ұсынысымен, облыс басшысы А.Асқаровтың қолдап тиісті шешім қабылдауымен Шәуілдір кентінде Қызылқұм ауданында салынуы тиіс алты тұрғын үй қаражаты есебінен үкіметтің ешбір ресми жоспарында қарал­маған Отырар музейінің салтанатты ғима­раты бой көтерді. Кейін осы музейдің ашы­луына, онда қойылған археологиялық жәдігерлер көрмесіне Димекеңнің тіке­лей өзінің келуі ғимараттың сәл-пәл «заң­сыздау» жолмен салғызғандарды қорғау, қазақтың байырғы тарихын, мәдениетін танытамын дегендерге қолдау деп түсінуіміз керек.

Қазақстанның ең таңдаулы архео­ло­гиялық табылымы – Алтын адамды әлем­ге танытудың басында да Димекең тұрғанын көпшілік біле бермейді. Қазақ­станнан шетелге көрмеге апаратын экспонаттарды көріп, Димекең: «Бұның ішінде Алтын адам неге жоқ?» деп Есік обасынан табылған және қалпына келтірілген сақ дәуірінің керемет жәдігерінің Египетте өтетін көрмеге сапар шегуіне жол ашқан.

Қонаев қазақ жастарының қалаға ор­ны­ғуы деген күрделі мәселені де ше­шуге әре­кет етті. Бірде Димекең Ал­маты об­лысы мен Алматы қаласы басшы­ла­­рына: «Ауылдан келген жастарды құры­лысқа, өндірістік орындарға орналас­тыруға жете мән берілмеді деген мәселе көтеріп жекіген екен. Сол жиында Диме­кең: «Қаладағы паспорт жүйесін кім бас­қарады? Тұрғын үй басқармасын кім бас­қарып отыр? Неге пара бергендер қалаға тұрғын болып шыға келеді? Ал ауыл­дан келген жастар неге есіктен есікке, тесіктен тесікке қаңғып жүреді?», деп талап қойған екен (Тәнекеев С.
Тұл­ғасы ерен ер еді // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 83-б.).

Қонаев туралы естелік иелерінің басым бөлігі Димекеңнің қарапайымдылығын жиі атап өтеді. Қонаевтар әулетімен жақынырақ араласқан Ізгілік Дабаевтың пікірінше, бұл қасиет әке-шешесінен дарыған. Димекең іссапарға аттанарда міндетті түрде ата-анасына соқпай жолға шықпайды екен. Мұнысы: «Маған баталарыңды беріңдер, аман-есен қайтайын» дегені. Іссапардан қайтқанда да өз үйіне бармай, әуелі әке-шешесіне барып, сәлемдеседі екен. Бұл нағыз қазақы тәрбиенің жемісі, баланың ата-анаға деген құрметінің көрінісі (Дабаев И. ХХ век. Портреты выдающихся деятелей. Алматы, 2015. 106 б.).

Советтік дәуірдегі басқа басшылардан Қонаевтың тағы бір басты ерекшелігі – қазақтың байырғы әулие орындарын қастерлеуі дер едім. Димекеңнің есте­ліктерінде Түркістанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне алғаш қашан барғаны көр­сетілмейді. Бірақ 1961 жылдың басында Н.Хрущевқа Түркістан стансасынан өтіп бара жатып алыстан көрінген күмбезді құрылыс жөнінде бұл ислам дінін таратушы, философ, ақын Қожа Ахмет Ясауидің мазары, ол осы аймақ үшін «екінші Мек­ке», зиярат орны екенін, ХІV ғасырда жаңа кесенені Әмір Темір тұрғызғанын таратып айтқанына қарағанда Димекеңнің Түркістанда ер­теректе болғаны, оның тарихымен жете таныс екені байқалады. КСРО бас­шы­сына қазақ хандары осы жерде жер­ленгенін, кесенеде қазақтың атақты ханы Абылайдың жатқанын, оның қазақ хал­қын біріктірудегі қызметін сипаттап, оның ұрпақтары Шоқан мен Кенесары еке­нін айтып береді (Қонаев Д. Өтті дәу­рен осылай. Алматы, 1992. 213 б.). Бас­қа біреу зәре-құты қалмай әңгімені бас­қа жаққа ауда­рып бұғып қалар ма еді? Қонаев олай етпе­ді. Ол сол кезде қазақтың хандары – Абы­лай мен Кенесары туралы хабардар етті.

Отставкадағы ҰҚК полковнигі, соғыс ардагері Т.Жақыпбаевтың жазғандарына сүйенсек, Д.Қонаев Түркістанға келгенде «бабаның құлпытасын ұстап, бетін сипап, суынан дәм татып кетуінің өзінде үлкен сыр жатқан сияқты. Бәріміз де білеміз, құран, намаз, құдай дегенге ешкікөздене қарайтын уақыт болды емес пе? Соған қа­рамастан Димаш ағамыз бабамыздың рухына тағзым етуін үзген емес» (Жақыпбаев Т. Қонаев зиярат ететін бе еді // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 264 б.). Димекеңнің 1983 жылғы сапарында қасында болған үлкен кісінің қабірханаға кіріп, Ясауидің моласын сипап шыққанын сол кездегі түркістандық жөндеу шеберханасының бастығы, кесененің үлкен жанашыры Жантемір Әлімов те көрген.

Арыстанбаб кесенесі орналасқан Қы­зылқұм ауданының 1969-1970 жылдың қы­сының аяғында елді мекендерді су басып халықты әбігерге салды. Сол кез­де ауданның бірінші хатшысы Т.Тай­бе­ковке Димекең тікелей өзі телефон со­ғып ел-жұрт амандығынан хабардар бол­ған соң «Жерді топансу алып кетті деп естіп жатырмын. Арыстанбаб аман ба, судың астында қалған жоқ па?» деп сұрау салады. Одан әрі «Кесененің іргесіне су кетпесін, қабырғасы жарылса немесе құласа екеуімізді аруақ ұрады. Жазаның ең үлкені аруақ қой. Аруақ ұрған оңалмайды. Сондықтан бір көзің сонда болсын. Бүгін түнделетіп ТурВО-дан (Түркістандық әскери округінен) генерал бастаған саперлар барып вагонымен Темір стансасында тұрады. Өзен мен көлдердегі мұз буады деген жерлерді жарғызыңдар. Дұрыстап пайдаланып, менің көмегім керек болса, телефон шал» депті. Ардагердің естелігіне қарағанда әңгіме біразға созылған. Онда Димекеңнің, әулетінің ислам дініне, әулиелерге деген көзқарасы да анық байқалады. Димекең аудан басшысына: «Менің әкем діндар адам емес. Дінді оқып, уағыздамайды. Бірақ қатты құрметтейді. Оған тіл тигізбейді, оның көптеген артықшылығын мойындайды. Барлық заманның талаптарына тұп-тура келетін қағидалары көп-ақ деп отырады. Өткен пайғамбарлардың өмірі туралы қиссаларды оқып отырып таңданады, оларға бас иеді. Менің оңтүстік өңірге ба­рып қайтқанымды білсе, «Арыстанбабқа, Әзірет Сұлтанға бардың ба, жолын істедің бе? деп сұрап отырады» дейді.

Әңгіме арасында Димекең өткен қыста Қырымда болғанын, онда Тегераннан келген діни қоғам мүшелерімен кездескенде бір кісі «Сіздің раббыңыз кім, дініңіз қандай, пайғамбарыңыз кім, қыблаң қайда, кімнің ұрпағысыз, миллетің кім?» деп сұрағанын және оған «Алла тағала, Ислам, Мұхаммед, Қағба, Муаззамда, Адаш ата, Ибраһим» деп жауап бергенін жеткізеді. Әңгімесін аяқтай келе, «Оңтүстікке бар­ған сайын жасы да, жолы да үлкен, Пайғам­бардың көзін көрген деп алдымен Арыс­танбабқа, содан кейін Қожа Ахмет Ясауиге кіріп шығушы едім. Артық айтқан жерім болса, істеген оғаш қиянатым болса, ке­шіре гөр деп іштей тілеуші едім. Өзімді рухани жеңілдеп, әрі жетіліп қалғандай сезім билейтін. Үнемі іштей сиынып жүретін аруақтың амандығын есіткен соң көбірек сөйлеп кеттім. Бұл әңгіме менен гөрі саған керек, Тәліп, аман бол», деп Димекең тұтқаны жауып қойған екен (Жаппаров Ә. Арыстанбаб аман ба? // Кемеңгер Қонаев. Алматы, 2003. 318-323 б.). Ұлық болсаң кішік бол деген осы болар.

Димекең Арыстанбабқа келгенде «Қа­бір­тасы үлкен екен ғой, көлемін шама­лап көрелік» деп әулие үстіндегі бел­гіні бір шетінен кере құлаштап ұстап, екінші шетіне дейін өлшеген болып тәу ететін деседі қариялар. Арыстанбабты Димекеңнін ерекше қастерлеуінің тағы бір айғағы ретінде мына болған жағдайды айтып кету қажет. Советтік заманда Қызыл­құм (қазіргі Отырар) ауданы басшылары Арыстанбабқа таяу жердегі жайқалған жү­гері алқапты Д.Қонаевқа көрсетпек болып, ағаш бөренелерден мұнара іспетті биік мінбер жасатып мәртебелі қонақты осы орынға алып келген. Бірақ көліктен түскен Димекең мінберге көтерілсе Арыстанбаб кесенесінен биіктеп кететінін байқап «ба­бадан жоғары болмай-ақ қояйық» деп мінберге шықпапты. Біз жоғарыда өзіміз жұмыс істеген жерлерде естіген Арыс­танбаб пен Қожа Ахмет Ясауиге қатысты көпшілікке беймәлімдеу материалдарды ғана баян еттік. Ал Димекең Бәйдібек ата, Домалақ ана, Төле би кесенелеріне, қазақ­тың басқа да киелі орындарына барып қастерлегенін көзі қарақты оқырман жақсы білсе керек.

Димекеңнің қолында шектеулі билік болса да шамасы келгенше халықтың жағ­дайын ойлағанын, ұлттық мүддені қор­ғағанын халық білді де Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің бірін­ші хат­шысы ретінде ғана емес, нағыз ұлт кө­семі, басшысы ретінде таныды. 1986 жыл­ғы «Желтоқсан көтерілісінің» Диме­кең қыз­метінен босаған күні болуы бекер емес-ті.

Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп ұлт ретінде ұйыса түсуіне Д.А.Қонаев ерекше үлес қосты. Сондықтан Димаш Ахметұлы Қонаевты тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаушы бір саясаткер ретінде оқулықтарда лайықты орын алуға тиіс, өнегелі өмірі жастарға нас­ихатталуы қажет-ақ.

 

Мұхтар ҚОЖА,

тарих ғылымдарының докторы,

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық

қазақ-түрік университетінің профессоры

 

ТҮРКІСТАН