Білім • 04 Ақпан, 2022

Оқытушыларға – 6 млн теңге

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ЖОО үздік оқытушысы-2021» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Республикалық байқауға еліміздің 76 жоғары оқу орнынан 718 үміткер қатысқан болатын.

Оқытушыларға – 6 млн теңге

Додаға түсіп, жеңімпаздар қатарынан көрінген 150 оқытушы жылдың үздіктері атанды. Салтанатты шарада Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, үздік оқытушыларға жұмыстары үшін алғыс білдіріп, табыс тіледі.

«Осы маңызды байқаудың жеңім­пазын жаңа табыстарымен құттық­таймын! Биыл келіп түскен жұмыстардың сапасы әлдеқайда жоғары болды әрі орташа көрсеткіш 15-20 балға өсті. Бұл оқытушылар құрамы мен жалпы білім беру сапасының өсіп келе жатқанын көрсетеді. Білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша да жақсы динамика бар. Елімізде жақсы сапа көрсететін жоғары оқу орындары көп. Біз мұны мақтан тұтуымыз керек. Бүгінде мемлекет білім беру сапасын арттыру, ғылымды қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде», деді министр.

Осы байқауда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның 25 оқытушысы оқу ордасының білім беру және ғылыми бағдарламалары мен жобаларының жоғары деңгейін дәлел­деп, үздіктер қатарынан көрінді. Білім орда­сы­ның Химия және химиялық техно­логиялар факультетінің аға оқы­тушысы Насиба Бай­ма­това қуанышты сәтпен бөлісе келіп, «Оқытушы рөлін талдай келе, қоғам алдында жас ұрпақты тәрбиелеудегі жауапкершіліктің жоғары екенін ұғынасың. Осы мамандықты таңдағанда студенттерді оқыту ғана емес, өзіңді дамыту және жетілдіру жұмысы тұрғанын нақты түсіндім. «ЖОО үздік оқытушысы» сыйлығы біздің мамандығымыздың маңызын көрсетеді және ғылыми-педагогикалық қызметті жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді», деп атап өтті.

Марапаттау барысында жүлдегерлерге арнайы төсбелгі тапсырылып, әрқай­сысына 6 млн теңгеден сыйақы берілді.

 

АЛМАТЫ