Қаңтар айында қала басшысы Еңбекші ауданының шалғай жатқан 16 елді мекен тұрғындарымен жүздесіп, олардың өтініштерін тыңдаған. Кездесулер барысында ауыл билері мен тұрғындар тарапынан 47 өтініш пен түрлі мәселелер көтерілді. Олардың 27-не кездесу барысында нақты жауаптар берілген болса, қалған 20 мәселелерді шешу үшін тиісті іс-шаралар бекітілген болатын.
Бүгінгі күнге жоғарыда аталған 20 мәселенің 7-еуі шешімін тапты. Атқарылған жұмыстар жөнінде аудан әкімі Досбол Есілбек баяндады.
«Қаратөбе аумағындағы жол бойынша «Әлем ТрансЖол» ЖШС мердігер мекеме анықталып, Жастар көшесінде ауа райының қолайлығына орай жұмыстар басталады. Ал, «Базарқақпа» тұрғын алабындағы электр желілерді жаңарту үшін «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і инвестициялық бағдарламасына енгізілді. Жұмыстар ағымдағы жылы жүргізіледі. Сонымен қатар, «Базарқақпа» тұрғын алабында орналасқан 9 көп қабатты тұрғын үйлерді кәріз жүйелеріне қосу үшін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті смета құжаттары әзірленіп, бюджеттік нақтылауына ұсыныстар енгізілді», деді аудан әкімі.
Кездесуде көтерілген «Тоғыс» тұрғын алабындағы трансформаторлардың қауіпсіздік қоршауларын жүргізу бойынша «Оңтүстік ЖарықТранзит» ЖШС-і апатты тұрған трансформаторды жөндеп, қоршауларын орнаттты. Ал, Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас елді мекендердің орталық көшелеріне аялдама орнату үшін қойылатын жерлері белгіленіп, орнату жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар осы айдың соңына дейін толық аяқталады. Сонымен қатар, «Қазығұрт» мәдениет үйінен спорт және өнер үйірмелерін ашу үшін инвестор арқылы жұмыс жүргізу шешімі қабылданған.
Аудан әкімі қалған өтініштердің орындалуы бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде ауданға қатысты барлық мәселелер көтеріліп, алда атқарылатын жұмыстар талқыланды. Ауыл билері ағын су, сапалы интернет пен орталық көшеге бейнебақылау камерасын орнатуды және «Бадам» өзені жағалауларына бетонды дамба қойып, бекіту және абаттандыру жұмыстарын жүргізуді, қосымша мектеп салу мәселесін айтты.
Қала әкімі әрбір белсендінің қозғаған мәселесін мұқият тыңдап, сұрақтарға жеке-жеке жауап берді. Халықтың өтініші орындалатынына сенім білдіріп, әрбір мәселе кезек ретімен шешімін табатынын айтып түсіндірді.
Тұрғындардың өтініші бойынша сала жетекшілеріне нақты тапсырма жүктеліп, орындалуын бақылау үшін хаттамаға енгізілді.