12 Мамыр, 2010

БЕДЕЛДІ ДЕ ЕҢ ІРІ ХАЛЫҚТЫҚ КҮШКЕ АЙНАЛДЫ

651 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Кеше “Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен партия Саяси кеңесі бюросының кезекті отырысы өтті. Отырысқа Саяси кеңес бюросының мүшелері, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері және Үкімет мүшелері қатысты. Онда Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Қазақстан халқына Жолдауында және “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде алға қойылған тап­сырмалардың орындалу барысы талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев партия Саяси кеңесі бюросының отыры­сын ашардағы сөзінде “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты соңғы кезде халық арасында ауқымды жұ­мыстар атқарып келе жатқанын атап өтті. Партия Төрағасының айтуынша, партияның Орталық аппараты, облыстық, қалалық және аудандық ұйымдары Мем­лекет басшысының Қазақстан хал­қына Жолдауын көпшілік ара­сын­да насихаттап, түсіндіруде көп­те­ген іс-шаралар атқарып келеді. Ондағы басты мәселе Қазақ­стан­ның 2020 жылға дейінгі Стра­те­гия­лық даму жоспары болып та­бы­лады. Біз мұндай тапсырмаларды бұрын-соңды көрген емеспіз, деді Президент осыған бай­ла­нысты. Қазіргі кезде әрбір нысанды қаржыландыру қамтама­сыз етілді, қай нысанның қай об­лыста, қай қалада салынатынын бі­леміз. Сол нысандардың құры­лы­сы қашан аяқталатыны,  қанша жұмыс орны ашылатыны нақты­ланған. “Нұр Отан” партиясы осыларға мемле­кет­тен бөлінетін қаржыға бақылау жасауы тиіс. Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселеге орай “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин баяндама жасап, Елбасының “Жаңа онжыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін­діктері” Жолдауында және “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде алға қойған тапсырма­лар­дың орындалу барысын ортаға сал­ды. Баяндамада атап өтілгенін­дей, Президенттің жаңа Қазақстан құру жолындағы тапсырмаларына байланысты “Нұр Отан” партия­сы­ның жұмысында бірқатар жаңа қадамдар жасалды. Ол, біріншіден, еліміздің алдағы онжылдық даму жолдарын көрсеткен тарихи Жол­дауда, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жос­па­рында және партияның Халықтық тұғырнамасында көрсетілген негіз­гі бағыттарды жүзеге асыру үшін Үкіметпен, мемлекеттік органдар­мен бірлесе жұмыс істеу. Екін­ші­ден, еліміздегі басқа да саяси пар­тиялармен, қоғамдық ұйымдар­мен, азаматтық институттармен әріптес­тікті нығайту. Үшіншіден, партия­ның аймақтардағы филиал­дары­ның, бастауыш партия ұйым­дарының жұмысын күшейту. Қазіргі уақытта тек орталық қана емес, алыстағы қалалар мен аудандарда еліміз үшін аса маңыз­ды жұмыстарды белсенді жүргізу үшін бастауыш партия ұйымдары­мен тікелей байланыс жасау жол­дарын енгіздік, деді әрі қарай Нұрлан Нығматулин. Бүгінгі күні бұл ұйымдардың саны 6 мыңға жетті. Олардың барлығын әрқа­шан елмен бірге жүретін, көмек көрсететін, партиямыздың беделін көтеретін негізгі күш деп білеміз. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері де халық арасында кеңі­нен қолдауға ие болып отыр. Пар­тия Төрағасының бірінші орын­басары бұған мысал ретінде өткен төрт айдың өзінде ғана республика бойынша қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 25 мыңдай өтініш түскенін, бұл ел азаматтарының Президентке деген, Президенттің партиясына деген зор сенімінің көрсеткіші екенін атап өтті. Болашақта Еуразия дең­гейін­дегі жаңа экономикалық дамудың жолын ашатын Кеден одағы Қа­зақ­стан үшін де, басқа мемлекет­тер үшін де өте маңызды әрі өте тиімді екені белгілі. Баяндамашы осы маңызды мәселеге де арнайы тоқталды. Нұрлан Нығматулиннің тоқталып өткеніндей, “Нұр Отан” мен “Единая Россия” партиялары ал­дағы уақытта екі ел партия­лары­ның парламенттердегі фракция­лары арқылы Кеден одағына қа­тысты жұмыстарды бірлесіп жа­сауға қол жеткізді. Осы Кеден одағы бойынша, сондай-ақ Жол­дау­да көрсетілген басқа да страте­гиялық мақсаттарды орындау үшін оларды сапалы заңдық құжаттар­мен қамтамасыз ету керек. Бұл жер­де партияның депутаттық фрак­циясының орны да ерекше, мүмкіндігі де зор. Бүгінде “Нұр Отан” партиясы барлық салада Жолдауда нақты­лан­ған стратегиялық мақсаттардың орындалуына бақылау жасап, тұ­рақты мониторинг жүргізіп келеді. Осы мақсатта құрылған бақылау бекеттері, республикалық, аймақ­тық кеңестер өз тиімділігін көр­се­тіп отыр. Әсіресе, қоғамдағы сы­байлас жемқорлыққа қарсы пар­тияның мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе қол­ға алған жұмыстары өз нәти­жесін беріп келеді. Қол жеткізілген жетістіктермен қатар, алда атқа­рылатын жұмыстар да жетерлік. Сондықтан партия бар мүмкіндікті толық пайдалана отырып, өткір де өзекті проблемаларды шешуді одан әрі жалғастыра беретін болады. Партия Төрағасының бірінші орынбасары алда тұрған маңызды тапсырмалардың бірі – Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудағы стратегиялық басым­дықтар: партиялық бақылау мен мониторингтің тиімділігін қам­тамасыз ету жайларына да тоқ­талды. Нұрлан Нығматулиннің атап өтуінше, бұл бірқатар бағытта жұмыс істеуді қажет етеді. Бірінші – аса маңызды жоба ретінде индустрияландыру картасына енгізілген партиялық бақылау бе­кеттерін құру. Бұл өзінің тиімді­лі­гін “Жол картасы” бағдарламасын жүзеге асыру барысында дәлелдеді. Бүгінде осындай аса маңызды жобалардың бірі –“Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық транзиттік дәлізі болып табылады. Екінші – партияның мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін және оның сапасын арттыру мақса­тын­да тұрақты негізде мониторинг өт­кізуі. Бұл халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмы­сын жан­дан­дыруға бағытталған. Үшінші – партияның Халықтық тұғырна­ма­сын орындау бары­сында тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастыру. Баяндамада партияның қоғам­дық қабылдау бөлмелерінің жұ­мы­сы соңғы жылдары едәуір жақсара түскендігі де аталды. Үстіміздегі жылдың өткен 4 айында партия­ның қоғамдық бөлмелеріне 25 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 15 пайызға көп. Азаматтардан түскен өтініштердің басым көпшілігін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері, лауа­зымды тұлғалардың және құқық қорғау органдарының іс-әрекет­теріне қатысты арыз-шағымдар құрайды. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин мемлекеттік және жал­ға берілетін тұрғын үйлерді бөлуге байланысты азаматтардан көп өтініштер түскендігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Астана қаласы мен басқа да бірқатар өңір­лерге қатысты. Осыған байла­нысты жақын арада “Нұр Отан” партиясы мемлекеттік және жалға берілетін пәтерлерді бөлу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешені салаларын дамыту бағдарламалары жобала­рын, сондай-ақ электр қуатын үнем­деу мәселелерін кең көлемде талқыға ұсынуды жоспарлап отыр екен. Баяндамашы өз сөзінде ма­ңызды мәселенің тағы бірі – пар­тия активтерін оқыту және оларды қайта дайындау жайына да арнайы тоқталды. Партия Төрағасының бі­рінші орынбасары атап өткенін­дей, Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы рөлі артып келеді. Осыған орай партиялық жұмыс­тар­ды жоғары талапқа сай ұйым­дастыру, партияның саяси имид­жін нығайтып, партия қызмет­керлерінің біліктілігін арттыру қажет. Партия Төрағасы партия­ның кезектен тыс ХІІ съезінде осын­дай тапсырма берген бола­тын. Нұрлан Нығматулиннің ай­туынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды. Бүгінде Жоғары партия мектебі құрылып, жұмыс істеп жатыр. Партия Төрағасы Саяси кеңес бюросының осының алдында өткен отырысында еліміздегі бар­лық саяси партиялармен өзара іс-қимыл орнату қажеттігін де айтқан болатын. Осыған байланысты “Нұр Отан” партиясы бүгінде елі­міздегі негізгі саяси ұйымдармен және саяси партиялармен ынты­мақ­тастық орната білді. Соның нәтижесінде еліміздегі 7 саяси партия бірігіп, Партияаралық кеңес құрды. Партия Саяси кеңесі бюро­сы­ның отырысында “Нұр Отан” ХДП хатшылары Сергей Громов пен Ерлан Қарин сөз алып, пар­тияның партиялық ұйымдастыру жұмыстарымен және ақпараттық-идеологиялық қызметтерімен таныстырды. Партия хатшысы Сергей Громовтың хабардар етуін­ше, бүгінде “Нұр Отан” партия­сының 790 мың мүшесі бар. Пар­тияның 6600 бастауыш ұйымы жұмыс істейді, мүшелер қатары 6 есеге өсті. Бұл уақыт өткен сайын көпшіліктің “Нұр Отан” партия­сына деген сенімі нығая түскенін көрсетеді. Нұротандықтар қатары­ның 80 пайыздан астамын жас­тары 50-ге дейінгілер құрайды. Әсі­ресе, соңғы жылдары жастар­дың “Нұр Отанға” мүшелікке өтулері артып келеді. Партия хатшысы, сондай-ақ жыл басынан бері жүзеге асы­рыл­ған іс-шараларға да тоқталды. Хат­шының атап өтуінше, өткен 4 ай ішінде партияның Орталық аппа­ра­ты мен жергілікті ұйымдары 10 мыңнан астам түрлі іс-шаралар ұйым­дастырып, өткізуге ұйытқы болды. Бұл шараларға 3 млн.-ға жуық адам қатысты. Бүгінде пар­тияның жергілікті ұйымдарының қызметін жандандыруға баса назар аударылып отыр. Партияның фи­лиалдары мен бастауыш ұйым­дарын қайта құрылымдау нәти­же­сінде соңғы екі жылда 733 партия ұйымы жаңадан құрылды. Осы­ның барлығы жергілікті жерлердің ерекшелігін ескере отырып жүзеге асырылды. Ал партия хатшысы Ерлан Қарин­нің сөзіне қарағанда, “Нұр Отан” партиясы бүгінде өз жұмы­сын партия Төрағасының шешім­дері мен тапсырмаларына сәйкес құра білген. Бұл жерде партияның ақпараттық-идеологиялық қыз­ме­тіне үлкен жауапкершілік жүк­тел­ген. Кез келген саяси партияның күші, ең алдымен, санаулы уа­қыт­та өз жақтастарын жұмылдыру қабілетімен өлшенеді. Қазіргі кез­де партия органдары соған ұм­тылуда. Бұған “Нұр Отанның” Пре­зидент Жолдауын қазақстан­дық­тарға түсіндіру жұмыстарын кең ауқымда жүргізіп келе жат­қандығы дәлел болады. Партия хатшысы осыған қа­тыс­ты соңғы 4 айда өткізілген іс-шараларды атады. Оның айтуын­ша, осы аралықта 4,5 мың шара өткізіліп, оған жарты миллионнан астам адам қатысқан. Тек пар­тиялық БАҚ-тарда ғана 320 хабар эфирге шығып, 700 материал жа­рық көрген. Әлеуметтік сұрау са­лу­дың нәтижесі бойынша, Елба­сының Жолдауын халыққа ақпарат арқылы жеткізу деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артып, 80 пайызды құраған. Жол­дау­ды түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да белсенді жүргізілетін болады. Отырыста, сондай-ақ партия Сая­си кеңесі бюросының мүше­лері – Парламент Сенатының де­путаты Анатолий Башмаков, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Ро­мин Мәдинов және Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­те­тінің ректоры Бақытжан Жұ­ма­ғұлов сөз алып, партияның Пре­зи­дент Жолдауын жүзеге асыруда­ғы жұмыстарын жоғары бағалады. “Нұр Отан” ХДП Саяси кеңесі бюросының отырысын ел Пре­зи­денті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қорытты. Президент қорытынды сөзінде партия жұ­мы­сына оң баға беріп, соңғы уақытта партияның Орталық аппараты, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық ұйымдары ауқым­ды жұмыстар атқарғандығын атап өтті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев нұротандықтарға Қазақ­станның 2020 жылға дейінгі Стра­тегиялық даму жоспарын жүзеге асыруға қатысты партиялық бақы­лауды күшейтуді және саяси-пар­тиялық жұмыстарды жетілдіруді тапсырды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.