Өзі «Паспортта менің жасым бір жасқа кішірейтілген... Шын жасым 95-те емес, 96-дамын!» деп еді, Смағұл екеуміз мерейтойының тұсында үйіне кіріп, иығына шапан жапқанымызда. Әбең сол күні екі інісін жібермей, шеңгелдеп отырып, ұзақ әңгіме айтқаны есімде... Беларанның етегіндегі сұрқай дала мен Аралдың құмы сусыған жағалауынан басталған бозбала күннің хикаялары екінші дүниежүзілік соғыстың оғы мен отына жалғасқаны, әкесі Кәрім ақсақал хақындағы қызғылықты әңгімелері, өмірлік жары Ажекеңмен қалай танысқаны жайлы айтылып еді... Сонда... Бұрын да сан естіген әңгімеміз... Көңілі бір құлағанда, тыңдаған-тыңдамағаныңа қарамай, көзін тарс жұмып алып, Арал мен алты құрлық арасына жол салған сол күнгі төрт сағатқа созылған ұлт абызының сағым мен сағынышқа, ой мен сезімге толы әңгімесі бүгін есіме түсіп, жадымда жаңғырып отыр...
Мына жарық жалғанды 99-ға қараған шағында ұрпағы мен ұлтына аманаттап, артына өлмес мұра қалдырып бара жатқан қарт қаламгер ұлы дәуірдің ұлы өкілі ретінде кешегі Мұхаң, Сәбең, Ғабеңдер бастаған алыптар көшінің ақырын өзінің жасымен де, ісімен де түйіндегенін сезіндік.
Иә...
Тоқсан сегіз не? Тоқсан тоғыз не? Жүз не? Айырма жоқ. Өрті мен дерті, қайғысы мен серті қалың өткен ғасыр мен жаңа жиырма бірінші ғасырдың тауқыметі мен қуанышын бір адам толық көрсе, осы Әбең көрді. Отын кешті. Бағына кенелді. Сорына батты. Ойы таза, сүйегі асыл екен! Отына жанбады. Бағына масайрап, шалқымады. Сорына күйзелмеді. Сан мәрте еңкейген туын қайта көтеріп, сілкініп, есін жиып, өмір атты аламанның қиқуына араласты. Сөзімен де, ісімен де, мінезімен де ұлтының ұлы кеңістігінде болып жатқан өзгерістерге үн қосып отырды. Қазақ есімді кейуана жұрттың жоғын іздеді, бүтінін түгендеді. Суреткерлік болмысына шаң қондырмады.
Осыдан бір жетідей бұрын хабарласқанымда келіні Айгерім: «Ата ұйықтап жатыр... Анда-санда ақ қағазын іздейді. Қалам сұрайды...» деп еді. Жүзге келгенше ғаламның жүзін қаламның жүзімен өлшеуден, екшеуден жаңылмаған неткен қажыр-қайраты мықты жан еді?! Әттең, мына әлемді сансыратқан пандемия болмағанда үстіне қоңыр күртесін желбегей жамылып, жүрісі мен сөзі ширақ Әбең Алматы мен Астана арасын қойып, үйренген әдетімен Мәскеу мен Парижді аралап жүруі мүмкін еді?!.
Әбең жаратылысынан төзімді, күрескер кісі болатын. Табандылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол жолы әңгіменің арасында айтылған уақыт хақындағы бір сөзі есімде қалып қойыпты. Ара-тұра шабыттанғанда орысша сөйлеп, көсіле шабатын әдетіне басып: «Время – жестокий враг. Беспощадный. Шіркін, Тахауи, Зейноллалар қандай сұлу, көркем жігіттер еді?!» деп күрсінді, күрсініп отырып: «Сайтан емеспін. Мен де кетемін солардың артынан... Я чувствую в себе древнего, предревнейшего человека», деп әнтек жымиғаны есімде. «Ақыры дүниенің ырың-жырың...» демейтін бе қазақтың қара шалдары. Ырың-жырыңның үлкені қатарың кетіп, мына аспан асты, жер үстінде жалғыз қалуың екен... Жалғыздықтан қиын нәрсе жоқ. Өтіп бара жатқан дәуірді ойлайсың. Өз дәуіріңді... Уақыт дейтін қатал, қатыгез «дұшпанның» алдында қанша беріспеуге тырысқаныңмен, түбі жеңілесің. Уход неизбежен! Уходит надо красиво! Түбі жеңілерің анық. Бірақ әдемі жеңілу керек!» деп еді.
Адамзат тарихына өзінің аласапыран мінезімен, қайталанбас қалыбымен енген жиырмасыншы ғасырдың жиырма үшінші жылы, жиырма үшінші қазанының қара суығында шыр етіп дүниеге келген қазақтың қара баласы ұлт данасы дейтін биікті бағындырып, қос ғасырдың ауыр жүгін ой-санасымен, жүрегімен арқалап өтіп барады. Не көрсе де елімен бірге жүріп көрген, ана ғасырдың да, мына ғасырдың да күнгейі мен көлеңкесін туған халқының ортасында жүріп бөліскен, қайсар мінезді, қайта тумас, қайран Әбең сабырынан жаңылмай, ұстанымынан адаспай, ұлт руханияты мен әлем әдебиетіндегі өз орнын аласартпай, жұмбағы мен сыры мол шын дүниесіне аттанып барады.
Ол дүниенің аты – Бақи...
Бақи дейтін белгісіз дүниенің қандай екенін, жұмырбасты пендеге не ұсынып, не берерін ешкім білмейді. Білетін Ұлы Жаратушы ғана! Біз жұмырбасты пенденің пешенесіне махаббат, сезім, сенім бұйыртқан жалған дүниенің сыры мен сымбатын ғана көріп-білеміз.
Екі дүниенің бірі жарық жалғанды өзінің өзгермес табанды мінезімен, суреткерлік шыншыл болмысымен кешіп, көшіп өткен Әбеңнің «Курляндиясын», «Қан мен терін» жатпай-тұрмай оқып, әр кейіпкерінің бойынан өмірдің өрісі мен керісін, оңы мен терісін таныған өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қаз-қалпында жадымда... Еламан, Тәңірберген, Ақбала, Сүйеу қарт, Құдайменді, Судыр Ахмет, Рай, Қара қатын секілді қазақтың ұлттық прозасына жаңа тыныс ала келген соны бейнелер мен сайын сахараның өзгеше келбетін, өрісі бөлек өмір тіршілігін әлемдік әдебиет айдынына алып шыққан қырықтың қырқасына жаңа көтерілген Нұрпейісов болатын. Жазушы есімінің сол тұстағы Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Давид Кугульдиновтер қатарында аталып, жаңа тұрпатты ұлт әдебиетінің биігі мен кеңістігін айғақтар шығармалар жазғаны, ол шығармалардың әлем тілдеріне аударылып, ұлт көркемсөзінің абырой-беделін көтергені есімізде...
Ғасыр ауысты.
Тәуелсіз еліміздің тағдырлы жылдарын өткердік.
Құндылықтар өзгерді.
Бірақ...
Қазақ оқырманының ғана емес, әлем оқырманының жанына шуақ пен нұр сепкен әдебиет әлеміндегі Нұрпейісов дәуірі үзілген емес. Елуінші, алпысыншы жылдардың соқпақ-сүрлеуі жаңа ғасырдың рухани даңғылына айналды. Жазушының жанын тербеген ел, жер хақындағы тамырын тереңнен тартар ойы мен мұраты «Соңғы парызда» өз жалғасын тапты.
Мәңгілік жалғасын тапты!
Иманыңыз саламат болып, рухыңыз пейіш төрінде шалқысын!
Халқыңызбен бірге жасайтын кеңістікке бастаған көшіңіз көлікті болсын, жүз жасаған абыз ақсақал!
Жаныңыз жәннат төрінен мекенін тапсын!
Бақұл болыңыз, ұлттың көркемсөзі мен көркем ойының көшбастары!
Қош, ұлт патриархы!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты