Қазақстан • 06 Ақпан, 2022

Қош, қайран Әбеке!

425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық руханиятымыздың бір ғасырлық дәуірі тарихқа кетті. Қазақ әдебиетінің не­гізін қалаған, Мұхтар Әуе­зов баста­ған алыптар тобы­ның ең соңғы тұяғы, әйгілі жазушы Әбді­жәміл Нұрпейісов қайтыс болды деген хабар жетті.

Қош, қайран Әбеке!

Біздер оның «Қан мен терін» оқып, көркем әдебиет­тің құдіретін түйсініп, шығар­машылық өнердің жанкешті еңбек пен ымырасыз күрестен тұратынын көріп, жаңа түсі­нікпен әдебиетке келген ұр­пақтың өкілдеріміз.

Әбекең әдебиеттің шын­шыл­дығын, шынайылығын, стилдік таза­лығын талап етті, қаламгердің хақысы үшін кү­ресті, әр шы­ғармасы үшін, әр сөйлемі үшін кү­ресті. Өзінің шы­ғарма­шы­лы­ғына дәл мұн­дай ерекше жауап­кер­шілік­пен қарайтын жазушы кемде-кем шығар. Тіпті бі­реудің шығармасын оқы­ғанда да қолына қалам алып, астын сызып, ұнаған жеріне «ұнады» деп, ұнамаса, «ұна­мады» деп жазып отыратын ыж­дағаттылығын қайтерсіз! Тоқ­саннан асқан шағында да жазуын доғарған емес. Әлдеқалай сәлем беру үшін үйіне бара қалсаң, сені отырғызып қойып, жазып жатқан затын ұзақ оқып, самолеттен қалып барам дегеніңді тыңдамайтын кезін талай көрдік.

Айтып-айтпай не керек, әдебиетімізді әлемге таныт­қан ұлы тұлға дүниеден өтті. Алдымызда асқар таудай болып тұрушы еді. Көңіл шіркін қия алмайды. Дүниенің өткіншілігін айтып, зарлануға құдайдан қорқып отырмыз. 98 деген жас, бір қарасаң, арман секілді. Әбекең – шын мәнінде арманына жеткен адам. Халықтың алтын қазынасына қосылатын шығармаларды тудыру, еліңнің тәуелсіздігін көру, халықтың мақтанышына айналу, ыстық ықы­ласына бөлену, ғасырға жуық жемісті ғұмыр кешу – бұ­дан артық қандай бақыт болуы мүмкін!

Қош, қайран Әбеке! Барша қазақ халқына, марқұмның артында қалған ұрпағына аман­дық тілеп, көңіл айтамын!

 

Төлен ӘБДІК,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты