![Аты өшпейтін асыл аға](/media/2022/02/06/photo.jpg)
Ағамыз тоқсанға келгенде «Еңбек Ері» деген атақ алды. Оған дейін Қазақстан өкіметінен ешқандай сый-сыяпат алған жоқ. Мемлекеттік сыйлықты Мәскеуден алды. КСРО берді. Сонымен қатар Әбдіжәміл ағамыз өзінің мерейтойын жасап көрген адам емес. 50, 60, 70, 80 жасқа толғанында мерейтойларының ешқайсысын жасамаған. Тоқсаннан асқанда ғана бір рет мерейтойын жасады. Бұл да бір ерекшелігі.
Біздің көзіміз көрген аға жазушылар ішінде ұзақ жасағаны да осы кісі. Жүзге жетеді деп ойлағанбыз, жатқан жері жайлы болсын, 97-де жаман жас емес қой. Және бұл кісінің шынымен өз жасы бұдан үлкендеу болуы мүмкін деген сөз бар. Осыншама жасқа келсе де, қаламы қолынан бір түскен жоқ. Осыдан екі жыл бұрын «Тасжүрек індеті» деген мақаласын орысша жазды, «Вирус бессердечия» деп. Сонда біздің қоғамдағы қазіргі кемшіліктерді, ол кемшіліктердің қайдан шыққанын бастан-аяқ тізіп шықты. Сондай-ақ онда жастар тәрбиесінің дұрыс еместігін, адамдардың бір-біріне деген мейірімі суып қалғандығын, мейірбандыққа тәрбиелемек тұрмақ, бізді ақша билеп кетіп жатқанын – бәрін үлкен бір толғаныспен, күйінішпен жеткізді. Өкінішке қарай оны іліп әкеткен ағаларымыз да, інілеріміз де болған жоқ. Ермек Тұрсынов қана үн қатты. «Ағамыз өте дұрыс айтып отыр. Мұндай індетті дереу қолға алмасақ, үлкен дағдарысқа апарады», деп пікір қосты. Және жазушының сол айтқаны тура келді. Мына қаңтардағы бүліншілік жастардың жұмыссыздығынан, мемлекеттің оларға жөндеп көңіл бөлмеуінен болып, бетімен кеткендіктің аяғы осындай берекесіздікке ұшыратты. Міне, осындай індетті алдын ала болжай білген нағыз үлкен адам.
Бұл кісі соғысты көрген, соғыстан кейінгі заманды көрген, одан кейін жариялылықты, өтірікті, шындықты, бәрін көріп, соның барлығын таразылап отырып сөйлейтін адамның соңы ма деп шошимын. Ағамыздың аңғарып білгенін біз көре қойғанымыз жоқ. Көпті көрген адам көп біледі және білген сайын халқына жаны ашиды. Өйткені ол кісіге халқынан басқа ештеңе керек жоқ еді. Атағы да, таланты да, жағдайы да, бәрі бар еді. Сондықтан жаңағы «Тасжүрек індетін» жаны күйіп тұрып жазды. Мемлекет басындағыларға ескертті. Мұндай кеселді мемлекет тоқтатпаса, жеке адам тоқтата алмайды. Мысалдарына шейін көрсетті. Солай айта білетін, жасы келсе де жады мықты адам еді.
Бұл кісінің атақты жазушы болуына негіз болған шығармасы – атақты «Қан мен тер» романы. Біздің қатарымызда «Қан мен терді» оқымаған адам жоқ қой деп ойлаймын. Романның атында да тұр ғой: бір жағы қан – қырғын, екінші жағы тер – еңбек. Осының бәрін қазақ халқы басынан кешті. Кеңес өкіметінің келуі, ақтардың қазақты қырып-жоюы, Кеңес қоғамының орнауы, осының бәрі – қазақ халқының басынан өткен тарих. Бұл – тарихи роман. Сол дүниесімен атағы шыққан, халқына еңбегі сіңген ардагер ағамыз. Адам баласының бәрі баратын жерге ата-бабасының ізімен ағамыз да кетті. Жазған еңбегін, соңына қалдырған мұрасын жастар оқыса, талқылап үйренсе, нұр үстіне нұр. Сонда бұл кісінің де аты өлмейді.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты