Қосымшаның негізгі мақсаты – босану кезінде жүкті әйелдің өз жағдайын басқару деңгейін жоғарылату. Яғни жүкті әйелдер баланың тууына моральдық, эмоционалды және физикалық тұрғыдан дайындала алуы керек. Олардың болашақ бала тууының барлық деңгейінде жан-жақты болуы шарт.
Мобильді қосымша авторының айтуынша, болашақ аналарға арналған жобаны іске асыру идеясы Жезқазған қаласынан келген жүкті әйелдің On Moms онлайн курсына қатысқаннан кейін туды.
«Бұл әйелдің тұңғышы жүктілік кезінде дұрыс күтім жасалмаған соң, толғақ уақытында тұншығып, қайтыс болған. Осылайша, ол екінші баланы дүниеге әкелуден қорықты. Әрине, дені сау баласын туғысы келді. Алайда қазақ тілінде жүкті әйелдерге арналған бірде-бір курс болмағандықтан босануға дұрыс дайындала алмады. Мұндай жағдайлар елімізде көп кездеседі. Халықтың 62%-ы, қазақ тілінде сөйлейтін жүкті әйелдер көбіне ауылдық жерлерде босанады. Бірақ онда медициналық көмек қолжетімсіз, қалаға бару алыс, қаражат бола бермейді немесе климаттық жағдайлар, көктайғақ және 40 С0 ыстық әсерінен ұзақмерзімде жүру болашақ ананың денсаулығы үшін қауіпті. Біз бұл мәселені Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тереңірек зерттей бастадық. Себебі мұнда ел бойынша ең жоғары бала туу көрсеткіші тіркеледі. Алайда бұл жерде де тіл мәселесі өзекті. Яғни көптеген қала тұрғыны мен басқа да шеттен келушілер орыс тілін түсінбейді және білмейді», деді С.Кульчимбаева.
Жүктілік және баланың тууы – жиі қозғалатын өте өзекті мәселенің бірі. Сондықтан жүкті әйелдерге арналған мобильді қосымшалар шетелдерде белсенді түрде қолданысқа еніп, дамуда. Мысалы, мұндай мобильді қосымшалардың үздік бестігіне Flo, Hello, Baby және жүктілік күнтізбесі кіреді.
Ал қазақстандық On Moms қосымшасы жүктілік туралы барлық нұсқауды бейнеформатта жүргізеді. Сондай-ақ қосымшаға қазіргі пандемия жағдайына байланысты постковидтық оңалту бойынша интербелсенді диалог пен жүктілік кезіндегі болашақ ананың жағдайы бойынша тұрақты сауалдамалар енгізіледі. Сауалдамадан кейін пайдаланушыға алдын ала бағдарламаланған алгоритмдердің көмегімен ұсыныстар жүйесі беріледі.
«Босануға дайындық кезінде шетелдерде репродуктивті денсаулық пен мінез-құлық мәдениетін дамыту міндеттелген. Сақтандыру медицинасы оған көп көңіл бөліп, болашақ ұрпақ денсаулығы үшін зор жауапкершілік танытады. Алайда біздің мемлекетте бұл мәселе жеткілікті түрде дамымаған. Сондықтан біз осы мінез-құлық мәдениетінің маңыздылығын, өзектілігін қоғамдық санаға жеткізгенді жөн санаймыз. Яғни әр адам өз денсаулығына жауапты болуы керек. Сондай-ақ көптеген адам ғаламтор желілерін дұрыс пайдалануды немесе уатсап-боттан өтуді біле бермейді. Демек елімізде азаматтардың IT-технологияларды меңгеруге байланысты сауаттылық деңгейі ақсап тұр. Осыны ескеріп, бейнекурстар мен пайдалы модульдерді еліміздің кез келген нүктесінен ыңғайлы, қолжетімді еткіміз келеді. Онда жүкті әйелдер сау баланың тууы туралы медициналық көмек ала алады. Осылайша, біздің азаматшалар АТ-сауаттылық бойынша жүйеленген, сауатты, мамандар ұсынған ақпарат пен тәжірибе бойынша білімін арттыра алады. Жобаны іске асырудағы тағы бір мәселе – медициналық қызметкерлер тарапынан онлайн курстардың ұсынылмайтыны. Сондықтан жаңа ұсыныстардың бүкіл Қазақстан бойынша медицина арқылы қолданысқа енуіне қол жеткізгіміз келеді», деді жоба авторы.
Мобильді қосымша құрылымы екі бағытта жүзеге асып, екі түрлі міндетті атқарады. Біріншісінде, жүктілікке қалай дайындалу керек, босану кезінде нені білу керек және тағы басқа сұрақтарға жауап беріледі. Сондай-ақ халқымыздың дәстүріндегі босанғаннан кейінгі бағаланатын «қырық күн» кезеңнің маңызды мәселелері қамтылады. Яғни қырық күн ішінде жүкті әйелде байқалатын кейбір жағдайлар оның қандай босану циклінде екендігін көрсетеді. Мобильді қосымша авторының айтуынша, бұл бағыттағы қосымшаны қолданысқа енгізу үшін кемінде 150 мың доллар жұмсалады.
Екінші бағыт ақыл-ой, эмоционалды қатынас және ағза дамуы деңгейіндегі дайындықты қамтып, үштілділік әдісімен жүргізіледі. Жүктілік бойынша бірқатар сұраққа жауап беріп, оған жаңа контент пен бейнесабақтар түсіріледі. Бұл бағыт бойынша 50 мың доллар көлеміндегі қаражат жұмсалады.
Қазір жоба MVP сатысында, яғни минималды өміршең өнім жасалып, сатылымға шықпақ. Жоба авторы айтқандай, қосымшаны жүйелеу және барлық тұжырымдаманы құру үшін қаржы ресурстары қажет. Осы орайда мобильді қосымшаның дамуына жасалған мүмкіндіктің бірі – Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің ұсынған гранты. Соның негізінде алдағы уақытта жобаны қазақ тіліне аударуда қаржы мәселелері шешілмек.
Жоба авторлары мемлекеттік сегментпен жұмыс істейтіндіктен, онлайн-курсқа халықтың 80%-ын құрайтын, дәрігерлердің қарауындағы барлық жүкті әйел жүгінеді.
«Пандемияға байланысты курсқа жазылу бес есеге артты. Бұған мемлекеттік сегмент өте үлкен рөл атқарды. Яғни eGov электронды үкіметі арқылы өтінімдерді жасай отырып, бізге аудиторияның көп бөлігі тартылды», дейді жоба жетекшісі.
Қосымшаның артықшылығы ретінде жүкті әйелдің жағдайына байланысты мерзімді сауалдамаларды ескере отырып, жеке ұсыныстар беретін бағдарлама болады. On moms мобильді қосымшасының функционалы қарапайым әрі болашақ аналар үшін ең қажетті болмақ. Жүктілік күнтізбесінің модульдері енгізіліп, онда сәбидің апта сайынғы дамуы, сондай-ақ болашақ ананың саламатты өмір салты қағидалары және дәрігерге жоспардан тыс қаралу қажеттілігін ескертіп отыратын карта көрсетіледі. Сондықтан On Moms жобасы Қазақстан және ТМД компанияларымен жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Индира БЕРЖАНОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті