Руханият • 07 Ақпан, 2022

Тарлан мінезді тұлға

692 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қай заманда болмасын қазаның жеңілі жоқ. Ал қарға тамырлы қазаққа, айбынды Алты Алашқа ортақ тұлғаның дүниеден өтуі тұтас халықты күңірентіп кетеді. Бүгін қазақ қоғамы сондай ауыр, қайғылы күнді бастан өткеріп отыр. Қазақ әдебиетінің пат­­риархы, ұлт руханиятының көшбасшысы Әбдіжәміл Нұр­пейі­сов келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанды.

Тарлан мінезді тұлға

Ол қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің жауһарларымен иық тіресіп қатар тұратын «Қан мен тер» секілді сом дүние жазған классик жазушы еді. Жаратқан әр пендесіне әртүрлі өмір береді. Біреуге қысқа, енді біріне ұзақ. Әбді­жәміл Нұрпейісов – жалған­дағы жарық күні ғасырға жуық уақыт­қа жалғасқан жақсы адам. Ал сол өмірді өнегелі де өрнекті, мән­ді де мағыналы сүру екі­нің бі­рі­не бұйырмайды. Әбдіжә­міл аға – сондай бақты басынан өт­кер­ген, барақатын көрген жайсаң жан.

Әбе шеңберге сыймайтын, ешқандай өлшемге сай келмейтін тұлға болатын. Бір бойында сан түрлі мінез топтасқан өте ерекше кісі еді. Оған тіршілікте жақын араласып, сыйласып, сырласқан күндерімізде талай мәрте куә болдық. Ол өте еңбекқор еді. Құр отырған күні жоқ. Екі қолы алдына сыймай жүретін, бәтуасыз әңгімеге әуес талайға оның жанкештілігі үлгі болуы керек. Бір ғана дәлел: Әбдіжәміл Нұрпейісов атақты «Қан мен тер» романын орда бұзар шағынан асқанда жазса да, өмір бойына өңдеп, әр әріптің астарына үңіліп, сөздің сөлін сы­ғып, сөйлемнің құрылысын қай­­та-қайта қалыптап, балталаса бұ­зылмайтын шығарма жазып шы­ғу үшін де адамның жүйкесі темір­ден қатты болуы керек шы­ғар.

Әбе дана болатын. Даналығы сол әлемнің бар білімін бойына жинауға ұмтылды. Бабалардан қалған құндылықтарға қылаудай қиянат жасамады. Ұлы даланың заң­дылықтары мен жаһандық өрке­ниеттің талаптарын орайлас­тыра білді. Сондай дегдарлықтың арқасында Алаштың абызы атанды.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің көңілі бала сияқты ашық еді. Сәл нәрседен көңілі қалып, бір ауыз сөзге баладай өкпелеп қалатын. Болмашы дүниеге томсыра­йып, тоңтеріс қалатын мінезін баршаңыз білесіздер деп ойлаймын. Ардақты ақсақалымыздың қисайған жағына құлайтын, содан қайта тұрмайтын өзіне тән қырсықтығы да бар еді. Зейнолла Қабдолов Әбенің бұл мінезін «суырылмайтын қазық» деп сипаттаған екен. Тура теңеу, сұрапыл суреттеу ғой. Дулат Исабеков інісіне өкпелеп қалып, біраз араласпай кеткен оқиғасы күні кеше газеттердің біріне жарияланды. Сонда екеуінің қайта татуласуы жайында айтылады. Дулат Исабековтің ағасы қайтыс болып, Әбдіжәміл Нұрпейісов көңіл айтып келіп отырады. Ақсақал сөзінің соңында «Өзім де сенімен араласпай қалғанға уа­йымдап жүр едім. Ағаңның өлгені жақсы болды ғой», депті. Күлкілі әрі түрпілі сөз болса да, Әбенің бар болмысы осы болатын. Ол іскер-тін. Қазақтың ПЕН-клубын басқарған жылдарында сол іскер­лігі талай қаламгердің күнкөрісін арттыруға септік етті. Қаржы табуды, оны оңтайлы, пайдалы іске жаратуды жақсы білетін. ПЕН-клуб тізгінін өзінен кейінгі азаматтарға тапсырған сәт­тегі қаржының көлемін біле­тіндер әлі күнге жыр қылып айтады.

Әбе қанағатшыл болатын. Жастайынан жоқшылық көріп, тар заманда өскені де ықпал еткен шығар. Барға қанағат, жоққа шүкір етіп өмір сүрді. Өзінің ұзақ жасауының сырын жыл сайын Құдайдан тағы бір жыл өмір сүруді сұрайтынымен түсіндіретін. Сонда «Құдай да қанағатшылдарды жақсы көретін болса керек» деп жымиятын. Оның ешкім түсінбейтін, сырына бойлай алмайтын да мінезі бар еді. Сыйлас, сырлас інілері себепсіз, жағдайын білейін деп хабарласса, бас-көз жоқ ұрысатын да, телефонды өшіре салатын. «Әбе неге өйттіңіз?» десең, «Тонуста жүрсін, босаңсып кетпесін», деп күлетін. Ол нағыз қарапайымдылықтың үлгісі еді. Әлемдік деңгейдегі сөз ұсталары хабарласып, мақтап жатса да аспайтын, таспайтын. Дүниежүзілік семинарларға мыж-мыжы шыққан костюм мен жамбасы жамалған шалбар киіп барып, биік мінберден ғаламдық проблеманы айтып қайтқанын талай көргенбіз.

Туған күнін тойламайтын, мерейтойын атап өтпейтін қасиетін де «мақтау мен мадақтауға масайрап, қайтадан жерге түсуің қиын болады» деп түсіндіретін. Қарапайымдылықтың бейнесі осы емес пе?! Өзіне тән қулығы да бар болатын. Бірде Әбе қазақтың ұлы тұлғалары туралы кесек туынды жазып жатқанын айтты. Сосын маған алғысөзін жазуға өтініш қылды. Мен басымды ала қаштым. Абыздың кітабына алғысөз жазатын мен кіммін?! Жасым әлі қырыққа жетпеген. Үлкен іс бітіргенім де ша­малы. Классиктің бұл құрме­тіне лайық емес екенімді өзім білемін. Бірақ ағамыз қолқалап қоймады. Айтқанынан қайтпады. Содан үлкен кісінің көңілін қалдырмайын деген ниетпен бар білгенімді салып, өтінішін орындадым. Әбеге бердім. Сөйтсең не болды дейсіз ғой? Ақсақал «Айқынға» өзінің түп-төркінін зерттеген шежірелік мақаласын шығарғалы жүр екен. Шежірені газетке баспай­тыны белгілі. Содан маған жаз­дырған сөзді қосып, газетке бе­ріпті. Партия хатшысының алғысөзімен келген мақаланы басылым басуға мәжбүр болыпты. Солайша, осы бір қызық оқиғадан кейін Әбдіжәміл ағаның ағайындарымен туыс адамдай араласып кеттік. Арманы асқақ адам еді. Арманы бір кезде айдыны асып жатқан, бүгінде табаны кепкен, тұзы шыққан Аралмен тікелей байланысты болатын. Осындай сан қырлы, түрлі мінезді талант, алып жүрек тоқтап, қайғы жұтып тұрмыз. Бірақ өмір жолына, өнегесіне, еңбегіне, оның лайықты бағалануына, бір сөзбен айтқанда, ғибратты ғұмырына қарап шүкіршілік қыламыз. Жаратқан сүйген пенденің парасатты өмірі осындай-ақ болар?! Қош, әлемнің Әбдіжәмілі! Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!

Ерлан ҚАРИН,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы