21 Наурыз, 2014

«Жоқ, ол ұмытылмайды!»

2476 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Тобық«Отамалы». Бұл – ақтөбелік талантты жазушы Тобық Жармағамбетовтың баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Қалам сілтесіне қарағанда, оның кітапқа шықпаған көркем дүниелері облыстық газетте жариялануы әбден мүмкін. Сөз еткелі отырған «Отама­­лы­сын», шатас­тырмасам, мектепте жүр­генімде «Жұлдыз» журналынан оқы­ған сияқтымын. Біледі-ау деген әр-әркімнен сұрастырғанымда көбі екіұшты дүдәмал пікірлерін білдірген. «Газет-журналдардың бірінде жарияланған болуы керек...». Ал ең ақиқаты бұдан елу жыл бұрын «Таңғы шық» жинағынан оқығам. Балаң шақтағы әсерімді майын тамызып, маңайымдағы сыныптас достарым мен көрші-қолаңның өзіме тетелес қара сирақтарына қос жанарым боталап тұрып шертіп бергенім еміс-еміс есімде... Содан бері осы аңыз-әңгіменің ұзын-ырғасы қанша мәрте қайталанып айтылды десейші. Оның да себебі бар. Әдеттегі қазақшылық әсірелікке басып мың мәрте, жүз мәрте демей-ақ қояйын, әйтеуір жыл сайын көктемнің соңына таман сүр қар сұйылып, жер жалаңаштана айналып соғар алай-дүлей ызғарлы боран кезінде еске түсіретінім анық. Өйткені, табиғат-құдірет ешқашан қателеспейді, өз амал-әрекетінен жаңылмайды да. Табан астынан, тұтқиылдан төнген сынақ сағатының салмағы мен сабағын өлшеп-екшеу мүмкін де емес. Ғажабы сол, осынау сұрапыл сәттің суретін сиқыр сөзбен сызған Тобықтың әңгімесін бейжай оқи алмайсың. Шамырқана шиыршық ата басталған хикая бірден баурап ала жөнеледі. Әл­қиссасына үңілген мезетте-ақ оқиға ішіне сүңгіп кеткеніңді аңғармайсың, аза бойың тітіреп, сай сүйегің сырқырайды. «...Қаптай жауған қар қиыршықтарының әрқайсысында осы аңыздың мұз боп қатқан түйіршіктері ұшып жүреді. Сол кезде аңыздың әлсіреп жеткен зар-шері кең даланы көктемгі тұмандай бүркеп кетеді. Бұл мұң біресе жазыққа жайылып, біресе бұлтқа сіңеді. Биік құздың басынан жел болып құлап, сай-салаға тығылады. Өзен бетінде шыны толқын болып ойнайды. Жер үсті, аспан асты жүрек зарына толып, төбелердің баурайын қайғы шарбысы қорғап алады». Аңыздан арна тартқан шып-шымыр әңгіменің көтерген жүгі зілмауыр. Желмен бірге жеткен шер құлазыған қазақ даласының тарих қатпарларына айналған көне кескінін көзіңе көлбеңдетеді. «Әр төбенің баурайында тілін жалаңдатып жұт жортады. Әр төбенің ар жағынан суырылып шығып, боран ышқынатын. Әр төбенің астында қасқыр жататын. Сол көп төбелердің бірінің баурайында Отамалы деген қойшы өмір сүрген екен». Мінеки, трагедиялы әңгіменің бас геройы – осы Отамалы қойшы. Бүкіл ғұмырын байдың есігінде, қойдың соңында өткізген талайсыз жанның ая­нышты халін өзек еткен шағын шы­ғар­маның мегзер ойы тұңғиық. Жалғыздық – Отамалыға тағдыр теліген сый. Қаршадайынан ата-анасынан айырылып, тұлдыр күн кешкен оның өксікті өмірі тауқыметке толы еді. Туыс-бауырды көрмеді, жақын-жуықтың жылы алақанын сезбеді, жар құшып, бала сүймеді. Баспанасы бай үйінің іргесіндегі шошайған жыртық лашық. Онда үш сирақты ошақтан басқа іліп алар ештеңе де жоқ. Оны мүсіркейтін, оны түсінетін тек қос мақұлық – қасындағы иті мен көктегі қарлығаш қана. Суық түсе қимай-қимай қоштасқан қарлығашы әзірге көрінбейді. Сыңар серігі екеуі ұзақ қысты әне-міне шығарып салмақ. Тақия төбелердің, жолбарыс жонды жоталардың жалаңаштанып, тіпті күнгей беттерінің көгеріңкі рең ала бастағаны байқалады. Сәл шыдаса, тәйірі немене бес күн де өте шығар. Бел босап, аяқ ұзарар күн таяу. Өмір өткелектерінің өткір өтінде шыңдалған Отамалы қойшы бәрін-бәрін аңғарады. Көмпіс те, байсал. Жаратқанның пешенесіне жазғанына мойынұсынса да, тіршіліктің қасіретті қамытын мойындамайды. Арыстан жалды асау ағысқа қарсы жүреді-ау әрдайым. Оның үстіне көкірегі сара қуаяқ жетімек табиғат тілін жетік меңгеріп, көңіл сарайына құйып алған. Оның жиған-терген тәжірибесі бір басына жететіндей-ақ. Өмірдің ауыр азабы мен даланың ащы сабағы үйреткен ғой. Қазір де ымырт үйіріле қолына таяғын ұстап шошаласынан шыққан Отамалының жүрегі әлденеден секем алғандай, басын шайқады. Расымен табиғат тамыршысы алапат бір сұмдықтың көз жетпес қияннан мысықтабандап келе жатқанын сезген-ді. «Күн шапыраштанып, қып-қызыл боп батып бара жатыр екен. Ол көзін қысыңқырап, күнге біраз қарады. Ішінен бірдеңелерді айтып күбірледі. Басын шайқады. Қырағы, әлі оты сөнбеген көздерін аспанға аударып, оған да барлай қараған болды. Алыстағы жардың басында бір топ қарға шуласып жүр. Отамалы басын тағы шайқады...» Иә, ежелден айтылар жоралғы бар. «Кешке қарай қарғалар ұясына кірмей, ұзақ ұшты... Ертең күн суық болады, бүгін түн суық болады». Отамалы осы түнде қой жаюдан біраз қашқақтап көріп еді. Бірақ, оны түсінетін, оның сөзіне құлақ асатын бұл жалғанда тірі пенде табылмады. Өкініштің уын жаламас үшін кәнігі малшы өз ойын төңірегіндегі байдың жандайшап қожайынсымақтарына да ескертеді. Амал нешік, миғұла месқарын көрсоқырлық танытады. Кешкі құбылыстың сүрепетін, күн райының қабағын жыға ажыратар білігі жоқ желжуан қолын сілтейді. «Ұнамайдысы не? Құр сандырақ. Қайдағы боран? Қар кетіп, көктем келді емес пе?!» Отамалы түңілмеді. Байдың қаһарынан ықпай, тура өзімен тілдесуді жөн санады. Алайда, әлгінде ғана жылтыраған үміт сәулесі дір-дір еткен күйі жалп етіп өшкен. Танауының астынан арғыны көрмейтін бай мен қойшы арасындағы әңгімені жазушы Жармағамбетов шымыр диалогтармен шебер өрнектейді. Жеңіл қағытпа сауал-жауаптасулардан характерлер шарпысуын айқын көреміз. Кәнеки, текетірес эпизодқа зер салайықшы: «Қара мұртты шұбатын ішіп болды. Зереңді кішірек қызына ұстатты да, біраз уақыт мұртын сүртіп отырды. Содан кейін көзін ашыңқырап, Отамалыға қарады: – Отамалы намаздыгерде келмейтін!.. – Я, байеке, Отамалы намаздыгерде келіп отыр, – деді сөзін бөліп-бөліп салмақтап айтты. – Отамалы намаздыгерде етігін жамайтын, я қойын қайыратын. Қойларын түнгі өріске алып шығуға дайындалатын. – Дұрыс, байеке. Бірақ бүгін Отамалы етігін жамаған жоқ. Бүгін кешке қарай қарға ұясына кірмей, қиналып біраз ұшты... Отамалыға киім керек. Ертең күн суық болады... Бүгін түн суық болады... – Оны Отамалыға кім айтты? – Оны Отамалыға батып бара жатқан күн айтты. –Күн батып кетті ме? – Күн батты. – Ендеше Отамалы мазасызданбасын. Күн айтты да кетті, ал Отамалы қойын өріске айдап шығуы керек. – Отамалының үйінде ештеңе жоқ. Отамалыға қалың тон керек. – Отамалыға көктем берілді. – Отамалыға тымақ керек. – Отамалыға жылы түн берілді. –Отамалыға жақсы ат керек. – Отамалыға екі аяқ, бір таяқ берілді. Отамалы түнеріп қалды. Көпке дейін үндеген жоқ. Қастары көзін жауып отыр. Ақы­рында еріндерін ашып, қою дауыс­пен: – Отамалы қойларды өріске шығар­майды. Күн суық болады. Түн суық болады. Қойлар ығып кетеді. Отамалы қой­ларды өріске шығармайды, – деді. Байдың көзі шапыраштанып кетті. – Қазірден бастап Отамалы қойға кетеді! – деп ақырды. Отамалы үндеген жоқ. Баяғы міз бақпас күйі. Бірақ бұл жолы байға қарап қалыпты. Түйіліңкірей қарағандай. Ас­­панда жүрген бүркіттің төмендегі жән­­діктерді байыппен шолатынындай көзқарас. Біраз отырыстан кейін жаймен ғана: – О, Жапан, мен айтып болдым, – деді. Осы кезде ұршығын тоқтатып қойып, манадан әңгімеге құлақ түріп отырған байдың әйелі шап ете түсті. – Ендеше жазығың да болды. Айтты ғой саған. Немене, тісіңді тіреу, жағыңды сүйеу қылып. Отамалы әйел жаққа қараған жоқ. Тек Жапан байға қадалып қалыпты. Жапан әйеліне бірдеме дер ме екен деп күтіп еді, бірақ ол әйелін қоштағандай үндемей қалды. Сосын Отамалы жайлап түрегелді де, бұрылып шығып кетті. Есіктің алдында иті әлі тұр екен. Ол күннің батып кеткен орнына қарап тұр. Иесін көріп, құйрығын бұлғаңдатты. Дала қараңғыланып қалыпты. Темір­қазық, Жетіқарақшылар көріне бастаған. Олар бір жанып, бір сөніп, селкілдеп тұр. Ауа салқын. Жер беті сәл тоңазып, кілегейлене қататын түрі бар. Отамалы үшінші рет басын шай­­қады...» Күштінің аты – күшті. «Әй қайдағы мықтылық. Таза мәңгүрттік та. Әйтпесе, өз малы – өз байлығы емес пе?! Айдың-күннің аманында тажал аузына тығылмас еді. Мейлі. Басқа түскенді көрермін». Отамалы байғұс ескертпесін жұқалап та, жұмбақтап та жеткізген. Елп етпеді ғой ешқайсысы да. Ең өкініштісі құлаққа ілмегені. Дәрменсіз, түңілген Отамалы бай үйінен мойны салбырап шықты. Еңсесін тіктей алмаған қалпы әлгінде күн ұясына жасырынған көкжиекке соңғы рет жанар жүгірте, бұлтсыз аспанды шола барлаған. Дереу құлазыған лашығына бас сұғып, қаңырап тұрған ошағымен іштей қоштасты. Бөгелместен кері оралған бойда күндегіше бір қора қойын алдына салып, түнгі өріске бет алды. Желдеп жайылған қой-ешкі көрінер-көрінбес көкті бытырлата үзіп, ашқарақтана ілгері ұмтылады. Әдеттегідей емес, денесі әп-сәтте мұздап қоя берген. Жұқалтаң кө­нетоз шапанының өңірін қапсыра орай бүркеген болды. Маңдай тұстан соққан ызғырық жел сумаңдап, етек-жеңінен бірдей кіріп, тұла бойын тінткілей бастады. Табанынан да сыз білініп, басындағы жылусыз құлақшынын милықтата қым­танған-ды. Әншейінде селк етпейтін Отамалының жүрегі де аспандағы дір-дір еткен жұлдыздардай, біртүрлі үрейлене, үркектей соғатын секілді. Жалма-жан күш-қуатын шақырып, маңайына сергек назар аударды. Қарлы құйын ақтүтекке ұласқандай. Найза қиыршық жер-дүниені бүркеп, іркес-тіркес төбелерді танымас­тай қымтап, сай-саланы қуалап жүр. Қылтанақтай бұта біткенді жұлмалап ызылдаған, ысқырған әлем-тапырық аласапыранмен жалғыз өзі алысып Отамалы келеді. Кірелі-шығасы есі бар ол отарынан көз жазып қалғысы жоқ. Үскірік боранмен жағаласып күнімен ықты, түнімен ықты. Ішін аяз қарып, аштық бүріп барады. Бірақ ащы өмір тұздығымен суарылған көнтері адам әлі келеді сүйретіліп. Қарлы қалың боран көз аштырар емес. Нешінші тәулік ығып келе жатыр? Анық бажайлай алмайтын тәрізді. Алдындағы жыланша ирелеңдеген қара-құраңнан біраз жайды ұққандай. Отары тоз-тоз болып шашылып қалғанға ұқсайды. Кеше ме, әлде алдыңғы күні ме, қойдың бетін ауылға бұрғаны?! Сонда бұ қалай? Ендігі ауылға жетіп жығылса керек еді? Мүмкін емес. Ә, сонда... Отамалы еңіреп жылап жіберді. Айғайлаған үнін естірткісі келмеген шыны боран бір уыс қарды оның бет-аузына тығындай түсті. «Алла бейшарам-ай! Сорлым-ау! Жарықтығым-ау, енді не істейін...» Ағыл-тегіл көз жасы іле-шала үсіген бетінде қатып жатыр. Дауысы да құмығып шығады. Жанарының алдына қою қара мұртын алтын зереңге батырып, шұбат ішіп отырған Жапан байдың сұлбасы көлбеңдеп тұра қалған. «Ашқарақ жауыз! Қарғыс атқыр!» Көңілге үміт сәулесін сыздықтатқан ұлпа мамық қар қойлардың жүрісін қиындатқан. Қатты аяз қайта тұрса, омбылаған қалыптарында серейіп-серейіп қатып қалары сөзсіз. Үсті-басына, құйрығына мұз моншақтарын қадап алған жалғыз серігі – иті де әбден қалжыраған. Иесінің қас-қабағын аңдап, мұңайысты қыңсылайды. «Енді не істейміз?» Қайтадан түн пердесін түсірді. Бұйрат төбелердің бозғылт бояуларын қараңғылық демде жұтып жібергендей. Ақ түтек қайтадан ішін тартып ызылдай бастаған. Қойлар да, ит те, боран да суық қараңғы түннің құшағына сіңіп кетті. Таяқ тастам жерді көре алмай қиналған Отамалының есіне бай мен оның әйелі, қыздары ауық-ауық оралады. Бейқам-ау, бейқам. Селк етпейтін сияқты. Көмек қолын созатын түрі жоқ. Бойындағы соңғы қайратын қайрап, жалынын қайта жаныған. Қойлар түнімен ықты. Боран ертеңіне ұзақ күнге толастамады. Сақал-мұртын мұз басқан Отамалы да долы дүлеймен кешке дейін арпалысып, қойлармен бірге ықты. Тұла бойын үсік шалып, өңменінен өткен өкпек жел әбден әлсіретіп, қатты қалжыратқан. Енді кішкене шыдаса, боран ашылмас па екен, көкек айында қар ұзақ жатқанда, ақирек ентігін баспай, осылайша тоқтамай соққанды кім көрген?! Бірақ тағдыр не деген қатал. Бұған хас таланттың оқиға шарықтауын суреттейтін тұсы көзіңді жеткізе түседі. Төмендегі көріністі толқымай оқу мүмкін емес. Отамалы түршігіп кетті. «О, аспан! О, көк! Тәңірі!» Желдің өтінде екі қолын қанатша жайып жіберіп теңселіп тұрып қалды. Көзі бұлдырап, ақ бораннан бөтен ештеңені көрмей кетті. Тағы қарады. Қойлар жаппай тоқтап, қарға ұйлығыса құлап жатыр. Отамалының есі тағы ауып кеткендей. Еріні кемсеңдеп, ақ қарға көз жастары үзіліп түсті. Кенет құшақтап тұрған қозысы сусып қарға құлады. Отамалы да жерге ұшып түсті. Тез арада-ақ қозыны қардан суырып алғысы келді. Бірақ, үсіген қолдары қозыны дұрыстап ұстай алмады. Саулық маңырап, жаны шығып барады. Қозы бір-екі рет тұншыға маңырады да, үні өшіп қалды. Отамалының демі тарылып, көмейіне суық толып кетті. Шапанын сыпырған болып, қолы жеткен жерді жапқыштап жүр. Боран ызалы иттей ырылдап тұр. Отамалы бешпетшең. Арқасынан жел өтіп барады. Қолдары икемге келуден кеткен. Кенет ол артына бұрылды. Қатып жатқан қозылар. Маңырап, жаны шы­ға қиналған әлсіз саулықтар. Көбі шоң­қиып-шоңқиып отыр. Қаншасы туа алмай қиналып жатқанын санап тауысу мүмкін емес. Боранның улы тілі бәрінің де маңайын жалап-жұқтап, зырғып жүр. Ол аяқтарын сүйретіп, бір саулыққа келді. Саулықтың көзіне де жас қатып қалыпты. Өлген мұз қозысын жалап, қақсап тұр. Отамалының жүрегі қарс айы­рылды. Жүгірген болып, ана саулыққа бір, мына саулыққа бір барды. Қозылар дүниеге келе сала қатып жатыр. Боран мен аяз жап-жас өмірлерді үзіп, топ үстінде ойнақтап, секіріп жүр». Бетпе-бет келген өлімге қасқайып қарсы тұрған Отамалы мейірімсіз тағдырмен аянбай арпалысуда. Өмірінің ақтық сәтінде де арын сатпай күреседі, адамдық һәм пенделік қажырлы қай­ратын көрсетеді. «Қайдасың тас жүрек! Буындырайын! Тоқтаңдар, иттер, тоқтаңдар!». Үскірік желге құшағын жа­йып сұлап түседі. Соңғы демі таусыларда «Тоқтаңдар, иттер!» деп ышқына айғайлап құ­лап түскенде, бес күн бойы бой бермей соқ­­қан ақтүтек боранның да омырт­­қа­сы сықыр-сықыр етіп үзіліпті-міс... Ысқырған желдің де аузына құм құйы­лып, тұншығып өліпті. Күннің көзі жадырап ашылып, қалың қар сел боп еріп кетіпті. Жетіқарақшы мен Темірқазық орындарына қайта келіп, селкілдемей бекем тұрыпты. Қойлар мен қозылар қызғалдақты баурайда мәңгі-бақи жайылып жүр деседі... Ал бес күн соққан боранды халық «Отамалы», «Бесқонақ», «Құралай» атап кетіпті. Жыл сайын дәл осы уақытта бір соғып тұрады екен... Жазушы Тобық Жармағамбетов ел ішіндегі аңызды арқау еткен қасіретке толы баянын серіппеше тартылған оқи­ғалар желісі арқылы ұтқыр өреді. Шойындай шымыр шығарманың әсері терең тебіреніске түсіріп қана қоймай, тікелей оқиғаның ішіне батырып жібереді. Тіпті кейіпкердің жанында жүргендей, ет жүрегің елжіреп, онымен бірге қиналып, онымен бірге күйзелесің-ау. Әңгіменің соңғы парағын жапқанда қос жанарың боталап, жан-дүниең құлазып, жүрегіңе жақын жайсаң жанды жоғалтып алғандай күй кешесің. Міне, жазушы шеберлігі – бұл. Қалам қуатының күштілігі – бұл. «Отамалы» – повестьке бергісіз әдемі әңгіме. Қазақ әдебиетіне қосылған кесек олжадай көрінген тұңғыш туындысында бірден кең тынысын байқатқан қаламгердің өзіндік қолтаңбасы атойлап-ақ тұр. Кейіпкерлер мүсінін кейіптеу, образдың ішкі әлемін ашудағы тебіреністі де, тегеурінді монологтар, адам мен табиғаттың шайқасын бейнелеудегі психологиялық ой-иірімдер, жан күйзе­лісін кескіндеудегі сөз бояуы мен реңкі көңіл тойдырып, көз қуантады. Белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев «Отамалы» әңгімесін аса жоғары бағалап, қордалы ойын төмендегіше түйеді. «Халық трагедиясы – халық твор­чествосының мотиві, аңыз мотиві жалаң қайталанып қана қойған жоқ, бүкіл бір дәуірдің бетпақ жүзін бір аударып тастаған, адамгершілік атынан ауыр үкім оқыған телегей-теңіз сырға айналып кетті. Кең әлем көпсінген, кең әлемге сыймаған жұдырықтай өмір, мұңға батып буланған көз жасы, қарс айырылған көңіл, түтеп, жарылып кетейін деп тұрған ашу, кек, ыза, арпалыс, адам рухының ұлы жеңісі – бір әңгіменің бойында қаншама да­ру. Бұл шығарма тұнып тұрған ой, образ». Иә, бұл әңгіме не үшін керек? Бұл әң­гіме ата-бабалардың өткен өлмеші өмірін, ауыр азалы тіршілігін танып, түсіну үшін керек. Бұл әңгіме уақыт үнімен сарындас. Бүгінгі бостан да, азат ойдың биігінен зерделесек те, өз мәнін еш жоймайтынын айқын сезінеміз. Қазіргі бақытты өмірді бағалау үшін де осындай ғұмырлы туындылар қажет-ақ! Кезінде өз бет-бейнесін қалам қары­мымен айшықтаған тума дарын иесі Тобық Жармағамбетов өнернамасы хақында көрнекті әдебиетші-ғалымдар, ақын-жазушылар мен замандастары жылы лебіздерін білдіргені мәлім. Тахауи Ахтанов, Қалихан Ысқақов, Мұхтар Мағауин, Мағзом Сүндетов, Төкен Әбдірахманов, Қажығали Мұ­хан­бетқалиев, т.б. тәрізді сөз киесін қас­терлеген қаламгерлердің ой-пікірлерін мерзімдік баспасөз беттерінен талай мәрте оқыдық та. Жақсы жазушы атанған Тобық аға­ны өз басым танымаймын. Бірде-бір рет көріп, жүздесудің сәті түспепті. Шал­ғайда жүргендіктен шығар. Қазақ­стан Жазушылар одағы шығарған анық­тамалықта да өмірден қырық жасында өткен суреткер жайында өте сараң жазылыпты. Үстіміздегі жылқы жылы сексеннің сеңгіріне шығар еді. ҚазМУ-дің филфагын бітіргеннен соң туып-өскен елінде мұғалім болыпты. Облыстық телевизия мен Ақтөбе облыстық газетінде жауапты қызметтер атқарған. Көзі тірісінде «Нәзік бұлттар», «Екі жүрек», «Сентябрь түні», «Соңғы хат» кітаптары жарық көріпті. Ал 1984 жылы «Жазушы» бас­пасы елу жылдық мерейтойына орайлас­­тырып повестер мен әңгімелерін «Ақ жауын» деген атпен шығарды. Көркем әдебиеттегі дара сүрлеу-соқпағын әуелден-ақ құрметтейтін Зейнолла Серікқалиев қазақ прозасының қазыналарын басып шығаратын төл жобасы «Раритет» баспасынан толғаныс-толғамы күйлі-мұңды прозашының «Отамалы» жинағын ұсынғаны оқырман қауымға белгілі. * * * ... Қадірлі оқырман, тақырып аясында өзім естіген мына бір жайды айта кеткім келеді. Әңгімеміздің тұздығына жарап қалар. Әлі есімде. 2009 жылдың қоңыр күзі еді. Ару Алматының мүлгіп тұрған шағы. Нағыз мизамшуақ. Жыл құсындай он екі айда бір айналып келер еңбек демалысын тиімді өткізуді ойлайсың ғой. Әдеттегідей екі аптаңда курортта «жөнделіп» алып, қалған күндеріңді туған-туыстарың мен дос-жарандарыңа арнайсың. Аман-саулығын біліп, сәлем беріп дегендей. Мәңгі ұмытылмас жастық дәуреніңнің куәсі болған гүл-қала, арман-қала Алматының әр бұрышы, әр ғимараты көзге ыстық. Сондай жүрекке жақын ұялардың бірі – Абай мен Гагарин даңғылдарының қиылысында бой көтерген Баспалар үйі. Қазақ қаламгерлерінің құттыханасы. Мен үшін әуелден киелі де, қасиетті саналатын Қазақстан Жазушылар одағының шаңырағынан кейінгі қастерлі мекен – түрлі баспалар орналасқан алты қабатты ғимарат. Қазақ әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов бастаған марқасқалар тобына ілескен классиктер мен сөз зергерлерінің дені осында еңбек етті. Қаламгерлердің талай буыны алмасып тер төгуде. Қазақ ақын-жазушыларының кітаптары, білім ордаларының оқулықтары тура осы жерде жазылып қалың оқырманға жол тартуда. Біз егжей-тегжейлі әңгіме тиегі етіп отырған жазушы Тобық Жармағамбетов повестері мен әңгімелері де дәл осында әзірленіп, кітап боп басуға жіберілетін. Бұл жолы да жақсылықтың үстінен түскенбіз. «Қайнар» баспасының директоры, белгілі қаламгер Оразбек Сәрсенбаев ағаға, «Ана тілінің» тізг­і­­нін ұстап отырған Жақау досқа (Дәуренбеков) кіріп шықтық. Мәре-сәреміз. «Жазушы» баспасының бас редакторы Дүйсенбайұлы Есенбай ағаға арнайы жолығып, сәлем берген едік. – Аман-есенсіңдер ме? Халдерің қалай? – Салмақты қалпынан жазбайтын Есаға бар ынты-шынтымен жөн сұраған. – Газеттеріңді оқып тұрамын. Бәрі жақсы ғой. Бірақ, өлеңді өте аз басасыңдар. Поэзияға орынды көбірек берген дұрыс. Ақынжанды қазаққа өлеңдер артық етпейді. – Пікіріңіздің жаны бар. Жұрттың дені біздің «Егеменнен» әдеби дүниелерді молынан күтетін секілді. – Міне, мен соны айтып отырмын емес пе, – деді де Есенбай аға алдында жатқан үш-төрт кітапты маған ұстатқан. Артынша жымиып күлді. – Түнеугүні маған Мұхтар Мағауин звондады. – Прагадан ба? – дедім шыдамсыздана килігіп. – Жо-ғ-а, – деді ақын аға қатты таңыр­қай. – Осы жерден, өзіміздің Алматының аэропортынан. Сенерімді де, сенбесімді де білмедім. «Жаңа ғана Чехиядан жеттім. Алмания арқылы ұшқанбыз. Әбден қалжырап тұрмын. Мұнда көп кідірмейміз. Ертең елге, Баршатасқа тартамыз. Қайтарда асықпай, жата-жастана шер тарқатамыз ғой. Есенбай, менің саған айтайын деген тығыз шаруам бар. Соны жылдамдатып қолға алшы. Біз Тобықты есімізден шығарған сықылдымыз. Биыл оның жетпіс бес жылдығы. Әзірге ешқайсымыз үндемейміз. Тездетіп өзің әдемі бір еске алу жазшы. Шіркін, өзім-ақ қағып тастар едім, бірақ уақытым жоқ. Өзің біліп тұрсың... Созылып кетеді ғой... Үш-төрт күн жатпай-тұрмай бірдеңе қылғайсың. Бая-ғы-да «Сентябрь түнін» бүкіл жатақхана кезекке тұрып оқығанымыз қайда?.. Соны шынымен-ақ ұмыттық па? Ә?.. Жоқ!.. Тобық ұмы­тылмайтын жазушы!» – Расында қызық екен. Бір жағынан Мұхаңның азаматтығы... – Сөйтіп, Жанатжан, сенің Мұхтар ағаң маған үлкен жұмыс тапсырып кетті. Жалпы, өзің Мағауин туралы жақсы жазып жүрсің. «Егемендегі» материалың ұнады. Сонымен Тобық жерлесім жайлы эссе жазбақпын. Мұхтар досымның сөзі біраз ой салды маған... Қазақтың ғажап жазушысы хақындағы жүрекжарды лебізі көкейімнен кетпейді-ау, кетпейді. «Жоқ, ол ұмытылмайды!» Мен де естелік-эссемді тура осылай атайтын шығармын... Бұдан артық тақырып таппаймыз. Әлгінде ғана қолыма ұстатқан кітап­­тарды аударып-төңкеріп қызыға қарағаным есте. Бәрі де әр жылдары жарық көрген Тобық Жармағамбетовтың кітаптары. Кейбірінде жазушының сыйға тартқан қолтаңбалары жазылыпты. Почеркі оқушы баланың жазуындай көркем көрінген. Толық мәтіні ойымда қалмапты. Көшіріп алуды ескермеппін. О кезде Тобық аға автографының қажет боларын білді дейсіз бе?! Орайлы тұста жадыдағы көріністі жаңғыртып жатқаным да. Есенбай ағаның бірде жазушы Тобық Жармағамбетовке қатысты жоғарыдағы Мағауиннің айтқандарын Қазақ радиосынан сыр ғып шерткенін де естігеніміз бар. Қаз-қалпында. Содан бері де төрт-бес жыл зулапты. Өмір-жалған соңына қарайлаушы ма еді? Таңдайында жырдың ұясы бар қазақтың Есенбай ақыны да мынау ғапыл-дүниеден озған. Бірер жылдың бедері... Жаныңыз жәннатта болғай, жайсаң аға! Өлең сүйер еліңіз бар да Сіздің де есіміңіз өшпейді. Тағы бір елең еткізер дерекке зер салыңызшы. Бұған дейін мән бермегенім рас. Қаламгерлер Тобық пен Есенбай бір топырақта туып-өсіпті. Ақтөбе облысының Байғанин ауданында. Миымда Мағауин сөзі жаңғырады: – Жоқ, ол ұмытылмайды! Жанат ЕЛШІБЕК, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.