Аймақтар • 08 Ақпан, 2022

Халық қаласа, әкім орнын босата ма?

615 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Түркістанның іргесіндегі Кентау кезінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезов там­санып, «Қаратау тәжі» деп атаған, Қазақстан ғана емес, Кеңес Одағы көлеміндегі үлгілі қалалардың қатарында болған. Қара­тау жотасының етегінде орналасқан қала «Қазақстан­ның жасыл-желекті қаласы» деп те аталды.

Халық қаласа, әкім орнын босата ма?

Бүгінде қалаға қа­тысты мақтау емес сын көп айтылады. Облыс орта­лығына жақындаған қаланың тамырына қан жүгіріп, жай­қала түсуге тиіс болатын. Бұл мақсаттағы жоспарлар да бар. Дегенмен қала тұрғындарының арыз-шағымдары мен ой-пікірлері Кен­таудың абыройын асқақтатар істерді үйлестіріп, ұйымдастырар іскер де жанашыр басшының жоқтығын білдіреді.

Қала әкімінің өзі де қызметінен босатуды өтініп, арыз жазыпты. Бірақ... Ретімен баяндасақ. Кентау қаласында көпқабатты үйлерді сапалы жылумен қамту соңғы жылдары шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселеге айналған. Қыстыгүні дірдек қаққан тұрғындар пәтерлердің суықтығынан қабат-қабат киініп жүретіндерін, жиі ауыратындарын айтып шағым­дан­ады. Амалы таусылған кен­тау­лық­тар әр бөлмеде электр пешін пайдалануға мәжбүр. Бұл, әрине тиімсіз.

«Бізге берілмеген жылуға әр айда түбіртек келеді. «Төле» дейді, біз оны неге төлейміз? Тоққа төлейміз бе, жылуға төлейміз бе, мұздай үйге төлейміз бе?», дейді тұрғындар. Көпқабатты үй тұрғындарының бұл мәселені көтеріп жүргеніне де үш ай болыпты. Жылуға жауапты мамандар әуелде бірер күнде мәселе шешіледі деген. Кейін жылу батареясындағы ауаны шығара алмаған тұрғындарды кінәлаған. Бірақ жаураған жұрт құбырдағы ауаны күніне бірнеше мәрте шығаратынын айтады. «Кентау қаласы бойынша жылу маусымы проблема болып тұр. Әкім де, оның орынбасары да хабардар, ТЭЦ-тің бастығы да біледі. Бірақ ешқандай шешім жоқ. Бізді естіп жатқан жоқ», дейді қала тұрғыны Әлия Кенжебаева.

Тұрғындардың жиналып әкім­дікке бармақ болғанын естіп, кездесуге келген жылыту орта­лы­ғындағылардың да жауабы нақты емес. «Біздің жұмысымыз үйлердің жертөлесіне дейін жылу әкелу» деген олар үйдің астын­дағы жылы құбырларды көр­сеткен. Бірақ пәтерлердің үстінде неліктен жылу жоқ дегенді сол күйі түсіндіре алмапты. Ашуға мінген тұрғындар әкімдікке емес, қала әкімінің үйіне баратын­да­рын айтқан соң, жылыту орта­лы­ғы­ның директоры да бой көр­сетті. «Кентау-Сервис» ме­ке­месінің директоры Асхат Абдрасилов ор­талық жүйеге жер үйлер мен коммерциялық нысандар көптеп қосылып, соның салдарынан көпқабатты үйлерге қысым жетпей жатқанын айтады. Бұл мәселені бірер күнде шешуге тағы да уәде берген. Ал­дағы уақытта көпқабатты үй­лерде тұратындар үшін жер үй­лер­дегі тұрғындарды жылусыз қалдырамыз деген басшылар қо­сымша қоятын сорғыларға ақша қарастырып жатыр екен. Бірақ жылыту маусымы басталарда тәжірибе ретінде көпқабатты үйлердің біріне сондай сорғы қойғанымен нәтиже бермепті. Сондықтан кентаулықтар қон­дыр­ғы қой­ған­нан үйлердің жылып кетеріне мүлдем сенбейді.

Жылу ғана емес, қалада ауыз су мәселесі де жиі көтеріледі. Кен­тау қаласына қарасты Шаш­төбе ауылына осыдан бірне­ше жыл бұрын ауыз су тартылған. Алайда тір­ші­лік нәрі бірде болса, бірде жоқ. Амалы таусылған тұрғындар суды арықтан іше­ді, кейбірі бөшкесін 5 мың теңге­ден сатып алады. Ауылдағы жа­рық­тың жағдайы да мәз емес. Ескі трансформатордың күші жет­пей­ді.

Былтыр жылды облыс бас­шы­­сына қызметінен кету жөнін­де арыз берумен бастаған Кен­тау қаласының әкімі Дәурен Маха­жанов жергілікті ақпарат құрал­­да­рында жиі сыналады. Оған негіз де жоқ емес. Жо­ға­­рыдағы айтылған мәселе­лер­­мен қатар Кентаудың та­за­лығы да сын көтермейді. Соңғы жылдары лас қалаға айналып бара жатқанын, күл-қоқыс тастайтын контейнерлерді әкімдіктің көшеге шығарып тас­тағанын облыстық экология департаментінің басшысы Уәлихан Қайназаров брифингте мәлім етті. Сол үшін Кен­тау қаласының әкімі Дәурен Ма­ха­­жановқа 100 айлық есептік көр­сеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынғаны да сол жиында айтылды. «Көгілдір отынның» жоқтығын айтқан, электр қуаты, ауыз су мәселесі көтерілген арыз-шағымдар легі толастаған емес. Қала тұрғындарының бізге жол­да­ған шағымында нақты мысалдар да келтіріледі. Мысалы, былтыр көктемде дауылдың сал­дарынан электр бағаналары құла­ды. Жылу орталығында электр қуатының болмауынан жылу бе­ру тоқ­татылды. Содан құбырлар қа­тып, тұрғындар суық баспаналарында бірнеше күн жылусыз отырды. Яғни қала әкімдігі тө­тен­ше жағдайға дайын емес болып шықты. Дәл осындай жағдай қарашада тағы қайталанған. Ал пай­да­ла­нуға берілген 600 пәтерлік 10 көп­қабатты үйде жылу жоқ болып шықты. Әкімдік жаңа тұр­ғын үйлерге жылуды газбен жұ­мыс істейтін автономды пештер арқылы беруді жоспарлаған көрінеді. Алайда «көгілдір отын» іске қосылмаған. Тұрғындар әкім­дік әр пәтер иесіне екі электр жы­лытқыш құралын таратып беруден басқа амал таппағанын айтып, шағымданған болатын. Осы­лайша, коммуналдық мәселеге қатысты айқай-шуы жиі шығатын Кентауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы басшысының үс­тінен «аса ірі көлемдегі бөтеннің мүл­кін талан-таражға салу» бабы­мен қыл­­мыстық іс қозғалды. Об­лыс­тық сот­тың баспасөз қыз­меті хабарлағандай және ақ­парат құралдарында жариялаған рес­ми мәліметтерге қарағанда, бөлім бас­шысының қылмыстық ісі бойынша қазынаға келтірілген шығынның көлемі 58,8 млн теңгені құрайды. Осы арада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орнынан түсу инс­титуты енгізілгенін еске сала кетейік. Осыған орай қабылданған заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты тұлғасына қа­тыс­ты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң, күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қыл­мыстық іс тоқтатылғаннан кейін от­с­тав­­­каға кетуге міндетті. Мысалы, аудан­ әкімі өзінің орынбасарларына, ап­па­­рат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне жауап береді. Кентау қала­сы­ның әкімі Дәурен Махажанов жоғарыда айтылған заңсыздыққа дейін де қызметінен босату жөнінде облыс әкіміне бір рет арыз жаз­ған болатын. Оған Кентау қа­ла­сына қарасты Ескі Иқан ауыл­дық округінің әкімі Хасан Мус­лимовтың пара алды деген айыппен сотталуы негіз болған-ды.

Хасан Муслимов ауылдағы бір тұр­ғын­ның жерге қатысты мәселесіне оң қорытынды бе­ру үшін 4 млн 150 мың теңге пара сұрап, оның 2 млн теңгесін алу барысында ұс­тал­ды. Сот оны 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім күшіне енген соң Дәурен Махажанов қызметінен босауға арыз бергенімен, сөгіс жазасымен қызметінде қалдырылған еді. Яғни облыс басшысы оған сенім артып, мүмкіндік берді.

Облыс басшылығының сенімі ақтал­май отырғанын қала тұр­ғын­дарының әлеу­­меттік мәсе­лелерді жиі көтеріп ша­­ғым­да­н­уы, тіпті әкімнің үйіне барып талап-тілектерін білдіруге талпынуы аңғартады. Бұл орайда кентаулық тұр­ғын­дар арасында да әкімді жергілікті халық өзі ұсынып, өзі сайлап, сенімді ақ­та­маса, өздері орнынан босататын заңды мүмкіндік жасалғанын қа­лай­тындарын айтушылар аз емес. «Халық қаласа, хан тү­йесін соя­ды» дегенмен, халықтың талабын ескеріп, әкімнің әзірге орнын босата қояр ниеті байқалмайды.

Соңғы жаңалықтар