Аймақтар • 09 Ақпан, 2022

Жаңаөзендік жұмысшылардың талабы орындалды

3411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» қызметкерлерінің еңбекақы көлемі 30%-ға артатын болды. Бұл жайында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директоры Т. Есентүгелов өз үндеуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңаөзендік жұмысшылардың талабы орындалды

Аймақтық Мangystaumedia.kz сайтында кейбір айтулы мерекелерге сыйақы төлеу сұрақтары шешімін тапқаны жайлы хабарланған.

Т. Есентүгелов өз үндеуінде жұмысшылардың көтерген мәселесі алдағы уақытта қаралатынын тілге тиек етті.

«Соңғы 2 күн «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС үшін оңай болған жоқ. Өндіріс саласындағы жұмысшылар тарапынан айтылған жылдар бойы қордаланған мәселелерді бір күнде шешу мүмкін емес. Осыған орай алдағы уақытта осы мәселелерді толықтай шешу бағытындағы жұмыстар Энергетика министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесе отырып шешілетін болады», деді ол.

Сондай-ақ үндеуде кәсіпорын басшылығы барлық қызметкерлерге өз жұмыс орнына оралуды ұсынады.

«Уәде етілгендей, ешкім өз талаптары үшін қудаланбайды. Бұдан басқа, мұндай қолайсыз қатынастарды болдырмау үшін басшылық пен өндірістік персонал арасында тұрақты тікелей байланыс орнату жоспарлануда», деді Т. Есентүгелов.

Еске сала кетсек, жақында «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС қызметкерлері еңбекақыны 100% арттыру, мемлекеттік мерекелерге сыйақы тағайындау және тағы басқа еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері бойынша митингке шығып, жұмысты тоқтатқан болатын.