Қазақстан • 09 Ақпан, 2022

Сенатор: Еңбек дауларына қатысты шешім әділ қабылдануы тиіс

328 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов еліміздің егемендігі мен тұтастығына қатер төндірген «Қаңтар оқиғасы» еліміз үшін үлкен сынақ болғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенатор: Еңбек дауларына қатысты шешім әділ қабылдануы тиіс

«Осынау қиын кезеңде Мемлекет басшысы бар жауапкершілікті өз мойнына алып, еліміз, халқымыз үшін аса маңызды шешімдер қабылдады. Президентіміз нақты тапсырмалар беріп, Қазақстанның ендігі даму бағытын анықтап берді.

Біздің ендігі мақсатымыз – алдағы уақытта біз мұндай жағдайдың орын алуына ешқашан жол бермеуіміз қажет.  Ол үшін әрбір қадамымызды парасаттылықпен, ақылға салып, сабырмен сараптап жасауымыз керек. Ең бастысы – ауызбіршілігімізді сары алтындай сақтай алсақ, қандай сынақ болса да қайыспай біртұтас ел болып еңсере аламыз», деді сенатор.

Сондай-ақ ол 8 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз үшін өте маңызды бірнеше мәселелер аталғанын айтты.

«Еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында Президентімізбен жыл басынан Үкіметке 108 тапсырма берілген, олардың бүгінгі таңда 44-і орындалғанын Үкімет басшысы атап өтті. Утилизациялық алым мөлшеріне қатысты тұрғындар арасында шағымдар көптеп түседі, іс жүзінде ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне қосымша салыққа айналғаны, ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге қосымша қаржы жүктемесі екендігі Сенат қабырғасында айтылып та келеді. Утилизациялық алым мөлшерін төмендету мәселесін қарастыруда ең бастысы – тұтынушылар үшін автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру екендігін айтты. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы техникасы базасының жаңаруына өзінің оң септігін тигізеді деп ойлаймын», деді ол.

Оның ойынша, бір адамның қанша жерге иелік ете алатынын нормативпен бекіту - экономикадағы инвестицияның үлесін арттырып, ауылшаруашылығы саласының одан әрі дамуына оң әсерін береді.

«Цифрлық майнингтің рөліне қатысты да әлеуметтік-экономикалық тиімділігі мардымсыз екенін, жаппай жұмыс орындары ашылып жатпағанын, шығарып жатқан материалдық өнімі де жоқ екендігін, оған қоса бұл сала бірнеше облыстың тұтынатын энергиясын тұтынатынын да атап өтті.  Оларға қатысты тарифтер мен салық салу мәселесін қарастыруды да тапсырды», деді депутат.

Сонымен қатар Маңғыстау облысындағы ахуал да Президенттің назарынан тыс қалмағанын тілге тиек етті. 

«Өңірді дамытуға қатысты кешенді жоспар қабылданып, қомақты қаржы да бөлінуде. Осы жағдайда кәсіподақтың жұмысын жетілдіруге қатысты шаралар да қабылдануы тиіс деп есептеймін. Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін жарғылық тапсырмаларға сүйене отырып ұсынатын және қорғайтын қоғамдық бірлестік ретіндегі кәсіподақтардың рөлін күшейту – заман талабы болып отыр, бір сөзбен айтқанда жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы алтын көпірге айналуы тиіс.   Қазіргі жағдайда еңбек дауларын уақытылы және объективті шешу ерекше маңызға ие. Алдағы уақытта еңбек дауларын қараудың тетіктерін одан әрі оңтайландыруға, еңбек дауларын қарау мен шешу механизмдерінің тиімді жүйесін құруға, еңбек даулары бойынша шешімдердің әділ әрі дұрыс қабылдануына жұмыс жасауымыз керек», деді Сұлтан Дүйсембинов.