Таным • 09 Ақпан, 2022

Галстугіңізді түзеңіз, мырза!

463 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Француз королі Людовик XIV өз дәуірінің басты трендсекторы болған деседі. Енді былай қарасаңыз он жасар бала ғой, бірақ ойына келгенін істегенін естіп, аздап тіліңіз қышиды екен. Ұлы державаның заңды мұрагері болсақ, біз де сөйтер ме едік… Кім білсін!?

Галстугіңізді түзеңіз, мырза!

Әйтеуір сәнгер бала патша галстуктің түпатасы болғаны айтылады. Үлкен қызметті уысында ұстап отырған азаматтың ажарына сән беріп, базарына қан жүгіртетін бұйым ретінде брендке айналдырған да сол әңгүдік әмірші.

1648 жылы француз сарайында қызмет ететін жалдамалы хорват полкі жеңісінің құрметіне Париж көшелерімен салтанатты шеруге шығады. Оны байқап қалған он жасар Людовик XIV хорват сарбаздарының мойнына байланған ерекше шарфқа ұқсас сәнді затқа қатты қызығады. Көрсеқызар патша бірден соны қалайтынын мәлімдейді. Қызығы сол, жаңа аксессуар сәнге еніп келе жатқан үлкен париктермен жақсы үйлесе кетеді. Сөйтіп, айналасындағы игі жақсылар, әсіресе сарай қызметкерлері бұйра шаштары шілтерлі киімдеріне сән есебінде мойынорамал таға бастайды.

Француздар бұл жаңалықты «cravate» – «крават» деп атады. Француз тілінде «croate» «хорваттық» деген мағынаға саяды. Бұл атау көптеген тілде солай өрбіді. Мәселен, украин­дықтар әлі күнге галстукты «крават» деп атайды.

Ақыры патша сарайында жаңа позиция пайда болды. Яғни «краватиер» мамандығы қосылды. Күн сайын таңертең патшаға бір себет галстук әкелетін және оны таңдап көмек­тесетін қызметші жұмысқа алынды. Бұл жерде сіз бен біздің таңданатындай ештеңеміз жоқ. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, әулекі неме сол дәуірде әр нәрсенің басын бір шалды емес пе!? Оны айтасыз, сарайда корольдік таяқты сақтаушы немесе қазан бақылаушы сияқты қызықты лауазымдар да болған екен.

Жалпы, «крават» шежіресінің күңгірт тұста­ры көп екенін айта кету керек. Кейбір дерек­көздер оның шығу тарихын 1648 жылға жатқызса, басқалары Людовик XIV 1646 жылы шілтерлі галстук таққан деп санайды. Ал хорват жалдамалылары Парижде одан да ертерек 1635 жылы Людовик XIII кезінде пайда болды деген пікір түзеді. Дегенмен хорваттардың ықпалын ешкім жоққа шығармайды. 1666  жылы даңғой Людовик XIV жалдамалы полктерге «Корольдік краваттар» деген атақ беріпті. Хорватия әлі күнге дейін бұл фактіні мақтан тұтады. Ол аз десеңіз, аталған мемлекетте 18 қазан – Халықаралық галстук күні ретінде салтанатты түрде атап өтіледі.

Хорват галстугінің бастапқы түсі белгісіз. Біреулер қызыл десе, басқалары аққа балайды. 1630 жылы хорват ақыны Иван Гундуличтің портретінде ақ галстук бейнеленген. Соған қарап, ақшыл деп болжауға болатындай. Қалай болғанда да, Людовик XIV ақ түсті галстуктердің  жанкүйері бола білді. Олардың түсі өзгеріп отырды, кейде түйінге тоқылған түрлі-түсті ленталармен безендірілді.

1692 жылы ойда жоқта галстуктің жаңа стилі шығады. Қалай дейсіз ғой,  «Испан мұрагерлігі» соғысы кезінде Людовик XIV әскері Бельгияның Штейнкерк ауылының маңында майданға түседі. Мойнындағы орамалдарын ұқыпты байлауға уақыт тапшы болғандықтан офицерлер оларды мойынға әшейін орап, ұшын форманың ілмектерінен өткізіп жібереді. Сонымен, аптап ыстықта орамал тағудың жаңа стилі – «штайнкерк» дүниеге келді.

Кейіннен галстук ерлердің артықшылығы болғанымен, әйелдер де тәжірибе жасауға кірісті. Патшаның сүйіктісі Луиза мойнына орамал тағып қана қоймай, оның ұштарын иегінің астына төрт қанатты көбелек түрінде жапты. Бұл стиль «лавальер» деп аталды.

XVIII ғасырда француздар бұйра шаштарын қысқартып, сәндеп қия бастады. Осыған байланысты жаңа аксессуар «солитер» пайда болды. Бұл – сәнді мойын орамалының үстіне байланған жіңішке қара лента. Оны түйреуішпен шаншып, немістер де таққан. Негізінде галстук атауы немістің Halstuch» сөзінен шыққан, мойын орамалы деген мағына береді.  

Немістер демекші, галстуктің Еуропада өркендеу дәуірі басталды. Англия Франциядан кейінгі галстук сәнінің орталығына айналды. Осылайша, XIX ғасырдың екінші жартысында біз осы күнге дейін қолданып жүрген галстуктердің байлау әдісі қалыптасты. Айта кетсек, аскот, төрт қол, виндзор, регата және көбелек. Бұл әдістердің әрқайсысы жеке-жеке танымдық маңызға ие. Мәселен, аскоттың ұштары қиылысып, кең түйінді құрады, түйін түйреуішпен бекітіліп, пиджак немесе куртка астына жасырылды. Бұл әдісті мерекелік кештерге пайдалануға болады. Ал төрт қол, регата әдістерімен жиналысқа барсаңыз жақсы. Көбелек әдісі нағыз үйлену тойының сәні деуге болады. Әрине, Черчилль сияқты үнемі солай тағып жүремін десеңіз өз еркіңіз.

Міне, патша XIV Людовиктің ерігіп тапқан ермегі Еуропаны айналып өтіп, әлемді жаулады. Қазір жігіт біткеннің сәніне айналған түрлі түсті галстуктер дүкендерде самсап тұр. Отаны – Франция, анасы – хорваттар. Ал қазақ­тар көшеде галстук таққан адамды көрсе, не бастық, не жоғары лауазымды адам санайды. Бұл түйсік бізге орыстардан жұққан. Әйтпесе, қарапайым қызметшіге галстук жараспайды деп кім айтты сізге!?