Өзгелердің есебінен пайда табуды, сыйлық, ақша алуды жаны қалайтындардың қатарында кейбір әріптестеріміздің көрінуіне не түрткі, педагогтер арасында жемқорлық белгілері қалайша көрініс табады, олардың қандай әрекеттерін парақорлыққа жатқызуға болады? Педагог деген құрметті атауға, жат әрекетке тойтарыс беру амалдары бар ма? Жемқорлыққа қатысты әріптестер тарапынан байқағандарымды, естігендерімді ешбір боямасыз, қаз-қалпында жеткізіп, осынау мәртебелі мамандық иелері арасында арды ойламай, пайданы ойлайтын мұғалімдерге сөз арнап көрейін.
Мектептерде түрлі мереке қарсаңында немесе мұғалімнің туған күніне орай сыйлық ұсыну «дәстүрі» бар. Мұндай кездері ата-аналар комитеті ақша жинап, мұғалімге гүлмен қоса бағалы зат сыйлап жатады. Бірде жас әріптесімнің үйінде қонақта отырғанымда, бір оқушысының анасы қоңырау шалып, «...үтік алып берейік пе?» дегенін естіп қалдым. Демек сыйлық алуға итермелейтін әрекет ата-аналар тарапынан болғаны ғой. Алайда мұғалімнің сыйлықтан бас тартуына болар еді... Сондай-ақ кейбір ата-аналардың өз баласына көңіл бөліп жүрсін деген ниетпен жеке сый-сияпат жасайтыны да өтірік емес. Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының «Алушы да, беруші де өзіне жағымды жағын іздейді» деген сөзі тілге оралады. Алайда алмай да, бермей де, Шәкәрім бабамыздың «Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл» деген өсиетін өмір сүру қағидасына айналдыру қиын ба?! Мемлекет тарапынан педагог мәртебесін көтерудің, сапалы жұмыс істеудің түрлі жағдайлары жасалып жатыр. Алайда алу-беру үрдісі білім беру ұйымдарының барлық деңгейінде қылаң беріп қалады.
2000 жылдардың басы. Колледжде бір жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеді. Сырттай бөлімнің филология факультетіне бірден жүзге тарта студент қабылданды. Жоғары білім алу немесе екінші мамандыққа ие болу мақсатымен оқуға түскендердің дені мектепте және балабақшада жұмыс істейтіндер еді. Кейбірі жұмыс істемесе де, жақсы баға алу үшін несін аясын, қарызданса да, қажет ақшаны тауып беруге мәжбүр. Осы тұста арамыздан оңай олжаға кенеліп қалуды көздеген педагог табыла кетіпті. Онысы кейін жария болды. Берген адам бәрібір айтады. Сөйтсек, сол оқытушымыз әр білім алушыдан жүз теңгеден жинап алып, қалтаға басқан көрінеді. Ол кезде бұл – әжептәуір ақша. Қош дейік, кейін сол оқытушымыз бір мектепке директор болып тағайындалды. Әдет қалсын ба, сұғанақ қол қарпып қалуды қалайды. Тағы бір жайт. Шалғай ауданнан қалаға қоныс аударған мұғалім келіншек даярлық тобына жұмысқа тұруға болатынын естіп, сол мектепке келеді. Директор үшін оңтайлы сәт: соғым сұрайды. Амал не, жағдайы шамалы болса да, отбасы мүшелері ауылдағы жалғыз жылқысын сойып, бір бөлігін әкеп береді. Құрыққа ілікпей жүрген сол басшы кейін коттедж сатып алыпты деп естідік...
Білім саласындағы басшы қызметкерлердің арасынан оңай олжаға кенелемін деп темір тордың ар жағынан бір-ақ шығып жатқандары да баршылық. Мәселен, ақтөбелік бір мектеп директорының 300 мың теңге парамен ұсталғаны туралы көпшілік хабардар болар. Киімге түскен дақ кетер, ал арға түскен кірден арылу мүмкін бе?! «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген халық едік. Арды ақшаға айырбастайтындай не күн туды басымызға?!
Бұл енді беріректе болған оқиға. Үлкен үзілісте мұғалімдер кабинетінде әркім өз ісімізбен айналысып отырғанбыз. Бір кезде есік қағып, сырттай оқитын топтың старостасы кіріп келді. Қолында – ашылмаған бір қорап файл. «Апай, мынау сізге» деп, бір әріптесіміздің қолына ұстата берді. Демек студенттерге өзіне не керегін бұрын ескерткен болып тұр ғой. Бірақ о байғұс өзгелердің көзінше әкеп береді деп ойламаған болар, қызарақтап, ыңғайсызданып қалды. Тағы бір әріптесіміз сырттай оқитын топ студенттерінің қымбат әтір сыйлағанын ризалық кейіппен сөз еткенде, мұның ақыры жақсылыққа жеткізбейтінін сезген едік. Бір құныққан адамның араны алған сайын ашыла түседі. Мектепке директор болып барған сол әріптесіміз кейін істі болды, жегені желкесінен шығып, абыройсыздыққа ұшырады. Осындайда пайдакүнем педагогтер оқушыларына «адам бол, адал бол» деген сөздерді айта ма екен деп ойлайсың. Әй, қайдам. Орыс педагогі В.Сухомлинский: «Жамандықтың үлкені – пайдакүнемдік. Пайда қуған адам шыншыл да, принципшіл де, ержүрек те, өз парызына адал да бола алмайды» деп дөп басып айтқан екен.
Тағы бір жоғары лауазымды тұлғаның пайдакүнемдік әрекеті жөнінде бір гимназияның оқу ісі меңгерушісінің өз аузынан естідік. «Ол кісіге кейбір мектеп басшылары ақша апарып беретін көрінеді. Оны білген біз де ұжымнан ақша жинадық. Апарып беру маған жүктелді. Қызмет бабымен барған болып, кабинетіне кірдім. Оңашада сөйлесіп отырып, әлгі конвертті жайлап басшының үстеліне қойдым. Ол үшін бұл үйреншікті әдет болса керек, әлгі конвертті үндеместен үстелінің тартпасына сала салды», деген еді сол әріптесіміз. Талай мінберлерден сөйлеп, көпшілік құрмет көрсетіп, өнеге тұтатын үлкен кісінің сиқы осындай дегенге сенгің келмейді, бірақ бұл да болған оқиға. Тағы бір дерек. Өзі сабақ жүргізіп жүрген пәні бойынша екінші мамандық алғысы келген әріптесім осыдан біршама жыл бұрын институтқа сырттай оқуға түсті. Белсенді, тындырымды оқытушы. Сонысын байқаған болар, оны кураторы топ старостасы етіп сайлапты. Қысқы сессия кезі. Старостаға емтихан қабылдаушы оқытушыға ақша жинап беру «міндеті» жүктеледі. Кейін сол «алым жинаушының» «ақшаны целлофан қалташаға салып жүріп жинадым ғой» деп мысқылдап айтқаны әлі күнге естен кетер емес. Неге десеңіз, «ұстаз» деген мәртебелі мамандыққа нұқсан келтіретін мұндай әрекеттер ұмытылмайды екен.
Алғаның ұсақ па, ірі ме, бәрібір қылмыс болып саналады. Себебі параның үлкен-кішісі болмайды. Ол мысқалдап кіретін дерт секілді бірте-бірте асқынып, ақыр соңында адамды құрдымға кетіреді, бірақ соны көре, біле тұра, сабақ ала алмай жүргеніміз алаңдатады. Жемқорлыққа қарсы күрес тынымсыз жүргізіліп келеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талаптары қатайды. Әйтсе де, жемқорлыққа бару әрекеттері, өкінішке қарай, жалғасып келеді. Тек жазалау шараларын қолдану түбегейлі нәтижеге жеткізген жоқ.
Жемқорлықпен күресті тек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне артып қойдық. Ақын С.Торайғыровтың «Ел түзелсін десең, әуелі өзіңді түзе» деген сөзі бар. Әрбір қазақстандық, әрбір педагог, әрбір отбасы жемқорлыққа қарсы күрес бүкілхалықтық іс екенін сезінуге тиіс. Осынау әлеуметтік зұлымдыққа қарсы күреске, әсіресе зиялы қауым өкілдері, санасы сергек, ары таза педагогтер белсене атсалысқаны жөн. Облыстық білім басқармалары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарына сәйкес барлық білім беру ұйымдары жемқорлыққа қарсы күресті тиімді, жүйелі түрде жүргізуі қажет. Педагогтер әлемнің барынша дамыған елдерінің қатарына қосылу, адами капитал сапасын жақсарту сынды өршіл міндеттерді орындау парасатты қоғамда ғана жүзеге асатынын пайымдауы қажет. Әрбір педагогикалық ұжым сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін, парақорлықты қабылдамау ахуалын қалыптастыруға қол жеткізер болса, бұл білім ордасының жетістік критерийлерінің біріне айналса, ортақ күреске қосылған үлес болары анық. Ол үшін әр педагог парасатты болуға тырысуы керек. Өйткені жемқорлықты адалдық қана ауыздықтайды. Бұл тұрғыда «Қазақстан Республикасында 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында»: «Парасатты қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік әрбір адамның ішкі нанымына, ойлауы мен мінез-құлқының негізіне айналады» деп атап көрсетілген.
Еліміз дамудың жаңа кезеңіне өтті. Жемқорлықпен күрес те жаңаша сипатқа ие болып, қарқын ала түсті. Олай болса, пайда ойлауды естен шығарып, ар ойлауды санамызға сіңіріп, жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыруға жұдырықтай жұмылайық, жамағат!
Биалаш СҮЙІНКИНА,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі
ҚОСТАНАЙ