Спорт • 10 Ақпан, 2022

Бильярд: Естен кетпес бес кездесу

1032 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақсүйектердің ойыны саналатын бильярдта қазақ оғландарының ойып алар орны бар екені мәлім. Әлбетте, бильярдқа әуесқой көзқараспен қарайтындар бұл спорт түрінің интеллектуалдық маңызын ешқашан түсінбейді. Үстел үстіндегі әрбір шарды бақылау, қарсыласыңа мүмкіндік бермеуге ұмтылу – бұл кәсіби шеберліктің көрінісі. Содан да болар, жақсы ойнай білетін әуесқой ойыншыны көпшілік «кәсіпқой» деп атап жатады. Алдымен кәсіпқой ойыншы деңгейіне жету үшін үйренушіден әуесқойға, әуесқойдан мықты әуесқойға, одан кейін жартылай кәсіпқой деңгейіне көтерілуге тиіссің. Көпшілігіміз осыны түсінбей шатасып та жатамыз.

Бильярд: Естен кетпес бес кездесу

Қазақ тастаяқшылары десе алдымен Қаныбек Сағындықов (үш дүркін әлем чемпионы), Әлихан Қаранеев (үш дүркін әлем чемпионы), Ернар Шымбаев (екі дүркін әлем чемпионы), Әлібек Омаров (әлем чемпионы) сынды тастаяқ шеберлерінің есімдері есімізге оралады. Дегенмен біз бұл жолы бильярд әлеміндегі қазақстандық спортшылардың ең маңызды бес кездесуіне назар аударғымыз келеді.

Абрамовқа арналған «тәрбие сағаты»

Бәрі де әлеуметтік желіден басталған. 2020 жыл аяқталар тұста әлем чемпионы, отандасымыз Ернар Шымбаев инстаграмда жазба қалдырды.

«Барлықтарыңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. 2021 жылы посткеңестік елдердің кез келген спортшысымен коммерциялық кездесу өткізгім келеді. Барлық ұсынысты қарас­тырамын», деген Шымбаевтың жазбасы ресейлік Иосиф Абрамовтың шымбайына қатты батса керек. Жедел жауап берді. Жауап бергенде де әдепсіздігімен көзге түсті. 

«Сен әрқашан желіде жазудан жалықпайсың. Іс жүзіне келгенде сен қайда боласың? Бала, бұл саған турнир емес», деп жазды екі дүркін әлем чемпионы, әлемдік рейтингтің көшбасшысы Ио­сиф Абрамов өзінен 13 жас үлкен Ернар Шымбаевқа қаратып. Мұ­ны қалай әдепсіздік демейсің? Екеуара дауға Ернар нүкте қойды.

«Ақыры инстаграмда осындай сөз сайыс басталған екен. Мен саған келесідей ұсыныс жасаймын. Қай жерде жолымыз түйіссе де, бірінші кездесуде ескі Мәскеу ережесі бойынша коммерция ойнайық. Егер сен менің талабымды қабылдасаң, өзіңнен жауап күтемін», деді Ернар. Абрамов жазба астына пікір қалдырмады.

Екі спортшының жолы Ресейдегі әлем чемпионатында түйісті. Еркін пирамида бойынша өткен кездесу тағдыры соңғы кезеңде шешілді. Бір-бірін жақтырмаған екі спортшы да көп қателесті. Алайда шешуші сәтте салқынқандылық танытқан Ернар Шымбаев қарсыласынан 7:6 есебімен басым түсіп, Абрамовтың аузын жапты.

Сталевтен қарымта қайтарған қазақ

Бес маңызды кездесуді түзген кезде алғашқылардың бірі ретінде ойымызға Әлихан Қаранеев пен бильярд әлемінің аңызы, әлемнің сегіз дүркін чемпионы Евгений Сталев арасындағы қарымта кездесу оралады. 2007 жылы өткен «Еуразия қалалары: Гран-при» додасында жас пері Әлихан Каранеев пен бильярд аңызының жолы түйісті. Әлиханның бабы мен бағы қатар келіспей тұрғанын аңғарған Сталев әдетіне басты. Ыржалақтап жүріп отандасымызды 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Ойын біткеннен кейін сөз алған Әлихан сонда бүй деді:

«Бүгін дұрыс ойын көрсете алмадым. Евгений өз деңгейінде ойнады. Бұйыртса екеуміз Санкт-Петербург қаласында өтетін үздік сегіздік аламанында кездесеміз. Сол кезде есе қайтаруға бар күш-жігерімді саламын».

17 жастағы жампоз ешқандай эмоцияға ерік бермеді. Еркін, сабырлы сөйледі. Арада уақыт өтті. Сталевпен өзі айтқан жарыста жолы түйісті. «Үздік сегіздік» додасының жартылай финалында жұрт «невка» деп атап кеткен динамикалық пирамидадан өткен ойында Сталевтің жүзінен күлкінің табы ғайып болды. 17 жастағы бозбаланың дайындығы мығым екен. Бильярд ойынының барлық параметрі бойынша Женядан бір бас жоғары екенін байқатты. Қорытынды есеп 7:4. Әлихан сөзінде тұрды.

 пн

Кәсіпқой кездейсоқ шарға қуанбайды

2016 жылы еркін пирамидадан өткен әлем чемпионаты жұрт жадынан өшпек емес. Әлихан Қаранеев пен бүгінгі бильярд әлемінің көшбасшысы, молдовалық Сергей Крыжановский 1/8 финалда кездесті. Бірқалыпты өтіп жатқан ойынның ырғағын Крыжановский бұзды. Шешуші сәтте кездейсоқ шары лузаға топ ете қалғанда құдды бір кездесу тағдыры шешілгендей қуанды. Бильярдта «кездейсоқ шарға қуансаң, ойын сені жазалайды» деген ұғым бар. Дәл солай болды. Жеңіске жақын тұрған молдовалықты отандасымыз сабасына түсірді. Өте мұқият ойнаған Әлихан Сергей Крыжановскийді шешуші партияда жеңіп, үйіне қайтарды.

 ап

Мадаминовтің мысын басқан Алмаз

2021 жылы өткен әлем кубогы («Кремль кубогы» деп те аталады) додасына жаһандық рейтингте көш бастап тұрған мықтының бәрі қатысты. Әрине, қазақстандық Алмаз Әбсейіт бұл аламанда фавориттердің қатарында болған жоқ. Әйткенмен отандасымыз мықтыларды бірінен кейін бірін жеңіп, жанкүйерлерді желпінтті. Ол додада Сергей Крыжановскийді, Дмитрий Шкоданы жарыс жолынан ығыстырғаны мәлім. Сондай-ақ Дмитрий Шкодадан Саввиди додасында кеткен есесін қайтарды. Шешуші кезеңде бір деммен 8 шарды лузаға тоғытып, өзінің тас түйін дайындықпен келгенін көрсетті.

Дегенмен Алмаз ең үздік ойынын қырғыз Азиз Мадаминовке қарсы көрсетті деп пайымдаймыз. Қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберіп жатқан ол өзінің психологиялық дайындығының мы­ғым екенін айқын таныта білді. Қатарынан 5 партияда мерейі үстем болған Алмаз жеңісті жорығын финалда ғана тоқтатты. Әйткен­мен жарыс жолында кіл мықтыларды жеңген Алмаздың күміс жүлдесі алтынға пара-пар еді. Өйткені одан ешкім жүлде күтпеді.

 р

Соңғы қадам... Жеңіліс...

2014 жыл. Тараз қаласындағы «Тараз Арена» спорт сарайында өткен әлем чемпионатының финалына шыққан Дәурен Орынбаев қырғыз оғланы Қаныбек Сағынбаевпен кездесті. Қаныбек ә дегеннен басымдықты қолға алып, 3:0 есебімен есепте алға ұзап кетті. Бірақ Дәурен сасқан жоқ. Кейіннен 3:6 есебімен басым тұрған Қаныбекті қуып жетудің барлық амалын қарастырды. Қаныбектің де ойыны тоқтап қалды. Дәурен қаһарына мінді. Таблодағы есеп айырмасын 5:6-ға дейін қысқартты. Дәл осы сәтте әккі Қаныбек қазақ спортшысының мысын басу ниетімен үзіліс алды. Білуімізше үзіліс медициналық сипатқа ие болып, 20 минутқа созылды. Қайта басталған ойында Дәурен өзін жоғалтты. Қаныбек өз ойынын тауып, 7:5 есебімен басым түсіп, үш дүркін әлем чемпионы атанды. Әттең, Дәуреннің арманына бір ғана қадам қалып еді. Спортта қарсыластың қарқынын басу ниетінде жасалатын әрекеттер болады. Қаныбек дәл сол сәтте сондай қадамға барды. Ойыннан кейін Сағынбаевқа жақындадық. «Неге ұзақ үзіліс алдың?» деген сұрақпен қайырылдық. Жымиды. «Мен үшін Қаныбек Сағындықовты қуып жету маңызды болды. Енді мен де үш дүркін әлем чемпионымын». Жауабы осыдан аспады.

Жалпы, қазақстандық тастаяқ шеберлерінің әлем чемпионаты секілді өзге де маңызды додалардағы ғажап кездесулері көп-ақ. Алайда біз жанкүйерлердің жадынан өшпейтін бес матчты еске түсіріп көрдік. Әзірге осы.

вр