Әдебиет • 10 Ақпан, 2022

Жабық бәйгенің жалынан ұстасақ

3092 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жабық бәйге жабықтан сығалағандардың сыбағасы емес, ол – ентігіп келген шын жүйріктердің шабысы. Бәйгеден жүйрігі бұрын келген атбегі қалай шаттанса, әділ сарапшыдан оң бағасын алған шығарма иесі де қопаңдап қалған атбегіден бір де кем түспейді. Айтпағымыз – бір кездері, өзіміз бетіне күйе жағып шығарып салған социализм кезеңінде, жабық конкурс деп аталған әдеби бәсеке болатын. Оның жарқын мысалы – Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет пен «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармаларға жарияланған жыл сайынғы жабық конкурсы еді.

Жабық бәйгенің жалынан ұстасақ

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл 70-80 жылдары көркем әде­битеттің маңдайын жарқыратқан жарық сәуле болды. Осы күн сәулесі түскен сүрлеуге аттарын қосқан үз­діктер бәйге алып, әдебиеттің беде­ліне айналды. Олар кімдер еді? Әрине, бәрін тізімдеп шығу мүм­кін емес. Әдебиетте осы бәйге­мен шығармасы қоса аталатын қа­лам­­герлер бар. Олар: М.Ма­ғауин­­нің «Бір атаның балалары», О.Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлы­ным?», Т.Нұрмағанбеттің «Қош бол, ата!» М.Қаназдың «Чика – Дабылдың баласы», П.Дүйсенбиннің «Жұлдыздар неге жылайды?», М.Қабанбайдың «Арыстан, виоленчель, қасапхана және мен», т.б. Ұ.Есдәулеттің «Қара пима» поэ­ма­сы кеңес адамының толыққанды бейнесін көрсете алмағандықтан баспасөзде жария болмай жүргенде, жабық бәйгенің сыйлығын алып, оқырманға жол тартты. Е.Раушанның «Ғайша Бибі», Б.Қошым-Ноғайдың «Жеті ертегі», С.Оспанның «Ащы қауын, тәтті қауын», т.б. поэзиялық шығармалардың тұсауы осы жабық бәйгеде кесіліп, кітапқа енді. Осы жабық бәйгенің ошағында әділдік деген бір тәтті иіс бұрқырап тұратын. Ш.Елеукенов,З.Серікқалиев, С.Бер­ді­құлов, С.Әшімбаев секілді әдебиет білгірлері бас қосқан сарапшылар шоғыры жастарды қолтықтан демеп, «барды бар, жоқты жоқ» деп жалтармай айтып, бірауыз болып сәтті шығарманың тұсауын кесіп жіберетін. Бұған автор да, оқырман да дән риза. Осы жолдардың авторы пақырыңыз да бұл бәйгеден кенде қалған емес. Есімнен кетпейді, бәйге алған шығармама жазылған жабық пікірді тұшына оқыдым. З.Серікқалиев «Біздің үйдің солдаттары» деген хикаятымды бірінші орынға ұсыныпты, бірақ қазылар алқасы екінші бәйгеге лайық деп таныпты. Адал пікір, алғаусыз ниеттің өзі неге тұрады. Бір ғажабы – бәйге алған соң, жабық пікірмен танысып, өзіңнің жетістігің мен кемістігіңе қанығасың. Әдебиетте қаламгерді өсіретін де осындай алғаусыз адал пікірлер емес пе? Қайбір жылы «Қала және қазақ» деген тақырыпта әңгіме жанрының ашық бәйгесі өтіп, «Жас Алаш» тұшымды дүниелерді жа­риялап отырды. Сонда небір ілкімді дүниелер үзеңгіге аяқ іліктіре алмай жадағай шығармалар әспеттеліп, әңгіме табиғатын төмендетті. Сөйт­сек, кәсіпкер демеуші болған бәй­генің шылбыры да қожайынның қолында шырматылып тұрады екен. Көркем шығарма суреттері мен газет материалының арасына қа­зық қаға білмейтін сарапшылар қорқасоқтап, биліктің аузын бағып, әдебиетті шөміштен қағуды әдетке айналдырған бір заман туды. Ол заман өтіп кетті ме десек, әлі де айылын жимапты.

Біз бәйге дейміз, бұл өзі concrsus деген латын сөзі, бұған «Қазақ ті­лі­нің сөздігі» былайша түсінік бере­ді – «қатысушылар арасынан ең лайық­ты үздік шыққандарын анық­тауға мүмкіндік беретін жарыс». Осы сөз­дік­те «консилиум» деген сөз­дің «конкурс»-пен қатар тұрғанын қара­шы. Әділетсіз бәйгеден аты келмей қалып, талмасы ұстап, дәрігерлер «кон­си­лиумын» жинаған талайды көрдік. Онан кейін «коньюктура» де­ген сөз қоныс теуіпті. Бұл сөз­ге «қоғам­дық өмірдің белгілі бір аума­ғында туған жағдай» деп түсінік бері­­ліпті. Бәрін конкурс бастап тұр. Адам жүрген жерде тосын жағдайлар да жүреді. Бірақ әдеби процеске тосын жағдайдан гөрі тазалық керек емес пе?

Біз қазір «Жалынның» жабық бәйгесіндей майдан қыл суырған кіршіксіз конкурсты сағынамыз. Біразымызды әдебиет әлеміне аяқ бастырған осы алтын босаға, әділ адамдардың оң көзі еді ғой. Түгел сөздің түбі – дәл осындай әдебиетке деген қамқорлық қайта қолға алынса деген тілек бар. Бұған кәсіпкер­лер емес, мемлекеттік мекемелер, мәсе­лен, Баспасөз және қоғамдық келісім, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрліктері демеуші болып, жақсы іс заңды түрде жалғасын тапса, әдебиет ахуалы артпай ма? Көкірегі кең жайлау әдебиет біл­гірлері аз емес, коньюнктураға ба­ғын­байтын әділ қазылар алқасы топтасып, «Жалынның» жабық бәйгесіндей конкурсқа төрелік айтып отырса, бұл – қалам ұстағандар үшін зор демеу болар еді. Конкурс тақырыбы тек балалар мен жас­өспірімдерге арналмай ауқымы ке­ңейе түссе, тартпада жатқан талай қолжазбаның бағы жанып, авторы әдеби керуенге ілесері айдан анық. Бәйге жас талғамайды, шығарманы талдайды.

Тәттінің дәмі аузыңнан кетпейді. Тамсанып тұрамыз, уақыт шіркіннің дәмі тәтті де ащы. Қызыл тілдің ұшы бәріне куә.

Ұсыныс біз жақтан, қаламгер қауым үндемей бас изейтіні белгілі. Біз­­ге қолдау керек. Бұл – әдебиетті қол­дау.

 

Қуандық Түменбай,

жазушы, Халықаралық «Алаш» және Махмұд Қашқари атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты