Кейде бейнелеу өнерін немесе бір суретші жайлы айту үшін терең ойдың қойнауына сүңгігіңіз келеді. Өйткені кешегілердің келісті кескіндемесін, кестелі ойын былай қойғанда, дара дарынын аңсаумен келеміз. Қазақ өзі теңіздің дәмін тамшысынан тұшына білетін сезімтал халық қой. Содан ба жарқ еткен дүние көрсе жақсылыққа жориды. Біз бүгін сол күйді қайта кештік. Қашан десеңіз? Қазақтың белгілі суретші қызы Айгүл Хакімжанованың шығармашылығына үңілген сәтте.
Қылқалам шебері әрбір жұмысына идеяны ғажайып түстей ғайып болған балалық шақтың базарынан іздейді. Сол мөлдір сәттің аяулы естеліктері сана биігінде жаңғырып, кенеп бетінде шебер стилистикалық шешім табады. Жан әлемі сүйіспеншілік пен мейірімге толы шебердің көңіл айдыны лайланбай, тазалықтан нәр алатыны анық. Бұл – хас суреткер болудың алғышарты. Өнер иесі адам жанының жылуын дәл, анық беретін пастель техникасын артық көреді. Оның ерекшелігі де сонда.
Біз мысалға алған «Есік тау бөктеріндегі таң» картинасы 2013 жазылған туынды. Пейзажда суретшінің сезімі, көңіл күйі, түсінігі, табиғатқа деген эстетикалық, этностық көзқарасы аңғарылады. Адам өмірімен салыстырып қарағанда табиғат өмірі мәңгілік. Суретші аталған шығармасы арқылы табиғаттың мінез-құлқын ұлттың болмыс-бітімімен астастырып жазған. Түстер палитрасы табиғаттағы бояулар мен жарықтың құбылуын дәл көрсете алған.
Айгүл Хакімжанова өз шығармашылығында табиғатты тікелей тамашалап, түстердің өзгеше тұстарын көрсете отырып, ерекше әсерлікке, жаңашылдыққа қол жеткізді. Түспен және формамен, кеңістікпен және сызықпен батыл жұмыс істеді. Рухтың күшімен өріле біткен жігерлі де көркем, сиқырлы образдар тудырды. Ең ғажабы, оның картинасында ұлттық колорит басым.