Қазақстан • 10 Ақпан, 2022

Сенаторлар: Президент мемлекеттілік пен елдің бірлігін сақтап қалды

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Әли Бектаев вице-премьердің атына жазған депутаттық сауалында биылғы жыл ел үшін оңай басталмағанын айтты. Оның айтуынша, қылмыстық топтар қарапайым халықты өз мүдделері үшін пайдаланды, нәтижесінде кінәсіз адамдар зардап шекті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар: Президент мемлекеттілік пен елдің бірлігін сақтап қалды

«Биылғы жыл еліміз үшін күрделі ахуалмен басталды. Бұл оқиға халыққа да, билікке де үлкен сабақ болды. Қиын-қыстау шақта жағдайды бақылауда ұстауға міндетті мемлекеттік органдардың қауқарсыздық танытқанын көрдік. Мемлекеттің Тәуелсіздігі мен болашағына қауіп төнген сондай қысылтаяң кезде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, уақтылы әрі батыл стратегиялық шешімдер қабылдады. Ең бастысы, Президентіміздің батыл шешімдерінің арқасында мемлекеттігіміз бен еліміздің тұтастығын сақтап қалдық. Мемлекет басшысы барлық жағдайды ашып айтып, теледидар арқылы халыққа дер кезінде бірнеше үндеу жариялап, ашық ақпараттық саясат ұстанды», делінген сенаторлар жолдаған сауалда.

Қазіргі уақытта Президент Үкімет алдына жаңа Қазақстанды құруға бағытталған нақты міндеттер қойды. Сенатор бұл бағытта ұлттық идеологияны қалыптастырып, жастармен жұмысты күшейту керектігін айтты. Оның айтуынша, қаңтардың қасіретті күндері алаңға шыққан жастардың көпшілігі деструктивті күштердің арандатуына бой алдырды.

Ол, сондай-ақ жастар саясаты заман талабынан да, жастар талабынан да қалып отырғанын назарға салды. Сенатор жастар саясатын формализмнен арылтып, оларды тәрбиелеу мәселесімен тыңғылықты айналысу, елімізде рұқсат етілмеген деструктивті діни ағымдармен күресудің нақты шараларын қолға алу маңызды екенін жеткізді.

Жедел шешуді талап ететін мәселелердің бірі – өскелең ұрпақ арасындағы жұмыссыздық. Сенатор өзінің депутаттық сауалында бұл мәселені шешу үшін де пәрменді шаралар қабылдау қажеттігін тілге тиек етті.

«Үкіметтің жыл сайынғы есептеріне қарап отырсақ, әр өңірде мыңдаған жұмыс орындары ашылып жатады. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде көптеген кәсіпорындар ашылып, жүздеген адам жұмыспен қамтылды деген жаңалықтарды да естиміз. Бірақ жастар арасындағы жұмыссыздық көбеймесе, азаймай отыр. Сондықтан Үкімет жұмыссыздықты жою ісінде жалған есепке жүгінбей, нақты істерге көшуі қажет», деп қорытындылады Әли Бектаев.