Аймақтар • 11 Ақпан, 2022

Браконьерлер бой бермей тұр

859 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыстың қай пұшпағында болсын, жортқан аң, ұшқан құс көп. Байқап отырсақ, олардың соңына түскен аңшылар, дұрысы браконьерлер аз емес. Жуықта полицейлер тағы да браконьерлікпен айналысып келген бірнеше топты ұстады. Тағы да деп отырғанымыз, өткен айда ғана сілеусін соғып алғандарға қатысты хаттама толтырылған еді.

Браконьерлер бой бермей тұр

Қаскөйлердің ізіне түскен құқық қорғаушылар тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы мобильді топтар құрды. Бұлар үш ауданда браконьерлікке қатысы бар бірнеше топты анықтады. Заңсыз аңға шыққан азаматтардың көліктерінен тіркелмеген қару да табылды. Бесқарағай ауданында 29-42 жас аралығындағы 4 ер адам ұсталып, олардың төрт елік атып алғаны белгілі болды. Сонымен қатар көлік салонынан «Сайга» және «ИЖ» маркалы екі мылтық, пышақтар, дүрбілер және 7,62 және 12 калибрлі көптеген патрон табылды.

Ал Тарбағатай ауданында тіркелмеген мылтықпен жабайы қабанды атып құлатқан 53 жастағы тұрғын ұсталды. Рұқсатсыз аң аулаған азаматтан қарумен қатар оқ-дәрілер тәркіленді. Үшінші браконьерлік жағдай Бородулиха ауданында орын алған. Мұнда екі азамат аңшылыққа қарда жүретін мотошанамен шыққан. Жүйрік шанамен жүріп, қос елікті қанжығаға басыпты. Тексеру кезінде «ИЖ» маркалы тегіс ұңғылы мылтық, оқ-дәрілер мен пышақтар алынды.

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметовтың айтуынша, күдікті азаматтарға қатысты аталған барлық фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабы (заңсыз аң аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оның санкциясы негізінде 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасы көзделген.

Тәртіп қатал болғанымен, табиғатқа залал келтіріп жүрген браконьерлер бой бермей тұр. Бәлкім заңды әлде де күшейту керек пе, кім білсін?! Әйтеуір, заңсыз қару асынып, көз жанары мөлдіреген еліктерді сұлатып салып жүрген азаматтардың бұл әрекеттері аштықтан емес, тоқтықтан екені айтпаса да түсінікті.

 

Шығыс Қазақстан облысы