Спорт • 11 Ақпан, 2022

Шаңғышыларымыз тағы шаң қауып қалды

294 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бейжіңдегі Қысқы Олимпия ойындарының бәсекелері бел ортасына жетті. Әзірше әлемнің 23 елінің спортшылары өз елдеріне медаль сыйлап үлгерді. Өкінішке қарай, бұл тізімде қазақстандық олимпиадашылар жоқ.
Сәрсенбі және бейсенбі күндергі жарыс жолына жерлестерімізден Шыңғыс Ракпаров (шаңғы қоссайысы), Ольга Тихонова, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша (шорт-трек), Валерия Тюленева, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина (шаңғы жарысы) және Даниил Васильев, Сергей Ткаченколар (шаңғымен тұғырдан секіру) шықты.

Шаңғышыларымыз тағы шаң қауып қалды

Бұл күндері ең үздік нәти­жеге шорт-трекшілеріміз қол жет­кізді. Анығын айтқанда, Орал қаласының тумасы Әділ Ғалиах­метов 1 500 метрге жарысу­да әлемнің ең мықты деген 8 спорт­шысының қатарынан көрініп, Олимпия ойындарының финалында бақ сынады. Бұл – Әділ Ғалиахметов үшін үлкен жетістік. Себебі ол ересектер арасындағы Олимпиадаға тұңғыш рет қаты­сып, бірінші мүмкіндігінде-ақ финалға жолдама алды.

23 жастағы отандасымыз «ә» дегеннен ширек финал бәсекесін сәтті бастады. Жартылай финалда қандасымыз біраз уақыт көш басында келе жатты. Мә­реге жақындаған тұста оны қар­сыластары басып озып, кейін Әділ қайтадан шабуылға шыққан бола­тын. Осы тұста қытайлық Жэнь Цзэ Вэй алға озбақ болған қазақстандық спортшыға қарсы ойын ережесін бұзып, жарыс жолағынан шығарып жіберді. Төрешілер ереже бұзылған сәтті ұзақ уақыт талқылап, нәтижесінде қытайлық спортшыға пенальти беріп, жарыстан шеттетті. Ал Әділ А финалына тікелей жолдама алды.

Отандасымыз Олимпиаданың алтыны үшін өткен жарыста әлем­нің мықтыларымен бір қатарда өнер көрсетіп, сегізінші орынға табан тіреді. Бұл қашықтықта алтынды 2016 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы оңтүстіккореялық Хван Дэ Хон, күмісті төрт құрлық чем­пионатының бес дүркін күміс жүлдегері канадалық Стивен Дюбуа, қоланы Қазақстан құ­рамасымен бірге жаттығатын ре­сейлік Семен Елистратов иеленді. Елистратов 2014 жылы Сочиде ко­мандалық жарыста алтын алса, төрт жыл бұрынғы Пхенчхан Олимпиадасында 1 500 метрде қола медальды олжалаған еді.

Өкінішке қарай, 1 500 метрде бақ сынаған тағы бір жерлесіміз Денис Никиша ширек финалда құлап, өзімен бірге канадалық спортшыны да жарыс жолынан шығарып жіберді. Сөйтіп ол жартылай финалдан тыс қалды. Сонымен қатар әйелдер арасында 1000 метрге жүгіруде ірік­теу жа­­рыстарына қатысқан Ольга Ти­хо­нова да қарсыласына соқ­ты­ғы­сып құлап қалды. Сөйтіп, тө­ре­­шілер Тихонованы да жарыстан шеттетті. Енді ол 16 ақпан күні
1 500 метрге жүгіруден сынға түседі.

Финалдық бәсекеден кейін Әділ Ғалиахметов БАҚ өкілдеріне арнап сұхбат берді. Ол өзінің тұңғыш Олимпиадасында финалға шыққанын үлкен жетістікке балап, алдағы ірі жарыстарда шеберлігін шыңдай түсетінін айтты. «Осы Олимпиадаға қаты­сып, финалға шыққаным үшін ерекше қуаныштымын. Себе­бі бұл – менің алғашқы Олим­пиадам. Сондықтан кіл мықты­лармен бірге жүлдеге таласу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Финалдың соңына қарай күшім жетпей қалды. Мойындау керек. Енді келесі Олимпиадаға дейін тәжірибемді арттырып, талай әлемдік сындарға қатысып, жүл­де алуға тырысамын. Бұл нәти­жені өзім сеніммен алға бас­қан қадамым деп есептеймін. Бір қызығы, биылғы маусымда екі рет финалға шықтым. Екеу­ін­де де Бейжің айдынында өнер көрсеттім. Әлем кубогын­да кү­міс алып едім, бұл жолы жүл­де бұйыр­мады. Десе де, маған үлкен сенім сыйлаған жарыс болды. Финалдағы қарсы­ла­с­тарымның барлығын бала күнімнен білемін. Олардың жа­рысқан сәтін теледи­дардан көріп өс­кенмін. Осы орайда, бізді үне­мі алға жете­лейтін бапкеріміз Мәдіғали Қар­сыбековке, дәрігер, массажшы, психологтерге рахмет», деді ол.

Әділ 2017 жылдан бері Қазақ­стан құрамасы сапында өнер көрсетіп келеді. Сол уақыттан бері ол әлем чемпионаттары мен Әлем кубогы кезеңдерінде ел намы­сын қорғап, 2021 жылдың қаза­нында Бейжіңдегі Әлем кубогы кезеңінде 1 500 метрде күміс медаль алған. 2021 жылы Нидер­ландтағы әлем чемпионатында 1 500 метрлік жарыста 9-орынға табан тіреген. Сондай-ақ Бейжің Олимпиадасында аралас командалық эстафетада 5-орын иеленген-ді.

Шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері Мәді­ғали Қарсыбеков 1 500 метрде финалда өнер көрсеткен шәкіртіне жоғары баға берді. «Әділ өзінің тұңғыш Олимпиадасында фи­налға шығып, үздік сегіздікке еніп отыр. Бұл – төртжылдық додасына алғаш қатысқан спортшы үшін үлкен жетістік. Әділ биылғы маусымда нәтижесін жақсарта түсті. Әлем кубогы кезеңінде күміс медаль алды. Міне, енді Олимпиаданың фина­лында үздіктермен иық тірестіріп, жүлдеге таласа алатынын көрсетті. Одан бөлек, аралас эстафетада бақ сынады. Алда 500 метрлік жарыс бар. Сол сында Әділ Ғалиахметов, Абзал Әжі­ға­лиев пен Денис Никиша ел на­мы­сын қорғайды», деді бас бапкер.

Шаңғы қоссайысында Қазақ­стан құрамасынан жалғыз өзі қатысып жатқан Шыңғыс Рак­паров көш соңында қалып қойды. Алдымен спортшылар шаңғымен тұғырдан секіруден сынға түсті. Бұл сында жерлесіміз 79,5 метр­ге секіріп, қорытынды есепте 69,9 ұпай иеленді. Ал шаңғымен жарысуда ол жарыс жолына 38-ші болып шығып, мәре сызығын 41-ші болып кесті. Бұл сында алтын медальды германиялық Вин­ченц Гайгер жеңіп алды. Екін­ші орынға норвегиялық Йорген Граабак, үшінші сатыға аустрия­лық Лукас Грайдерер жайғасты.

Әйелдер арасындағы шаң­ғы­шылардың скиатлон жары­сында норвегиялық Тереза Йо­хауг жасындай жарқылдады. Ол қатарынан екінші жарыста Олим­пиада чемпионы атанып отыр. Күміс жүлдені мойнына іл­ген финляндиялық Кертту Нис­канен осымен үшінші Олим­пиадасында екінші орынға табан тіреді. Нисканен Сочидегі додада командалық және эстафетада күміс алған еді. Қола жүлде Керттудің отандасы, бұған дейінгі Олимпия ойындарының күміс және қола жүлдегері Криста Пярмякоскиге бұйырды.

Қазақстандық шаңғышы қыздар бұл жолы да үздік 50 спортшының қатарына ене алмай, жанкүйерлерді жерге қаратты. Атап айтқанда, Ангелина Шурыга мәреге – 52-ші, Ксения Шалыгина – 53-ші, Надежда Степашкина – 57-ші және Валерия Тюленева 59-шы болып жетті.