Қазақстан • 12 Ақпан, 2022

Билігін асыра пайдалану бойынша 170 қылмыстық іс қозғалған

442 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президенттің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл кеңесінде «қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты мәселелер назардан тыс қалған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Билігін асыра пайдалану бойынша 170 қылмыстық іс қозғалған

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов «қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Ол өз сөзінде қазіргі уақытта 3024 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын тіліне тиек етті. Арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен террорлық актілер бойынша 177 істі қарап жатқанын да айтып өтті.

Ұсталғандардың тұлғалары анықталған соң, сондай-ақ денсаулық жағдайларына байланысты және басқа да материалдар бойынша 109 азаматтың қамауға алу жазасы кетіп қалмау жөніндегі қолхатпен және жеке кепілдік берумен алмастырылған. Прокурорлар азаматтардың тәртіпсіздікке қатысы бар екені дәлелденбегенін негізге ала отырып, тағы да 103 адамды босатқан. Ұсталғандарды азаптау туралы әрбір хабарлама жіті тексерілген. Жалпы прокуратураға ұсталғандар тарапынан 305 шағым түскені белгілі болды. Құқық бұзушылыққа қатысты 62 шағым дәйектің жоқтығына байланысты расталмаған. Азаптау және билігін асыра пайдалану дерегі бойынша 170 қылмыстық іс қозғалған.

«Әрбір істі егжей-тегжейлі тексереміз және бұлтартпас дәлелдер болған жағдайда ғана кінәлілерді жауапкершілікке тартамыз», деді Бас прокурор шұғыл кеңесте өз ойын білдіріп.