Бүгінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтердің 45 түрі бар. 42 қызметті (93%) электрондық форматта алуға болады. Соның ішінде 21 қызмет (43%) – проактивті. Сол 21 қызметтің 18-і былтыр зерделеніп, талданып, көрсетілетін қызметтердің мәселелері мен тежеуіш факторлары анықталды.
– Әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың басым бағыттарының бірі – оларды электронды, әсіресе проактивті форматта көрсету. Мысалы, бала тууға байланысты төлемақыны алсақ, былтыр жыл басында бұл қызметті азаматтардың тек 12%-ы ғана алған еді. Трансформациялау жұмыстарының аясында бизнес процестер оңтайландырылып, 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 53%-ға дейін өсті. Яғни жылына шамамен жаңа туған 440 мың сәбидің 230 мыңға жуық анасы үйден шықпай-ақ қызметті СМС арқылы алады. Бұл өте ыңғайлы. Азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, уақыт жоғалтпайды. Сонымен қатар көпбалалы аналарға өткен жылдың басында проактивті түрде қызмет көрсету көрсеткіші небәрі 1% ғана болса, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 41%-ға дейін артты. Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында 2025 жылға қарай барлық мемлекеттік қызметтің 100%-ы электрондық форматқа, соның ішінде кемінде 60%-ын проактивті форматқа көшіру міндеті тұр, – деді спикер.
Вице-министрдің айтуынша, өткен жыл қорытындысы бойынша 700 мың азамат қызметтерді проактивті түрде алған болса, 2025 жылға қарай осы форматта мемлекеттік қызметтер көрсету көлемін жылына 6 млн-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
– Денсаулығынан айырылған азаматтарға мүгедектік белгіленген кезде, сондай-ақ жәрдемақылар мен техникалық оңалту құралдарын алған кезде төрт түрлі инстанцияға жүгінуге тура келді. Алдымен тексерілу үшін мұқтаж жан емханаға жүгінеді. Соның нәтижесі бойынша дәрігерлер қажетті медициналық нысанды қағаз форматта толтырады. Содан кейін осы қағаз құжаттарымен адам мүгедектікті анықтау үшін медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне барады. Одан кейін жәрдемақы алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына, ал техникалық оңалту құралдарын рәсімдеу және әлеуметтік қызметтер алу үшін әкімдіктерге жүгіну қажет болды, – деді Е.Оспанов.
Осыған байланысты 2021 жылғы ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ел Президенті мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанцияларда жүруін, қағазбастылыққа салынбауын, сондай-ақ қызмет көрсетушілер мен сол қызметті тұтынушылардың байланысын болдырмауды тапсырды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде біз Денсаулық сақтау министрлігімен және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарға кешенді қызмет көрсетуді трансформациялау жөнінде жұмыс жүргіздік. Яғни азамат тек тұрғылықты жері бойынша емханаға баруы керек. Қалғанының бәрі ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен адамның қатысуынсыз өтеді. Барлық дерек тиісті мемлекеттік органдарға беріледі және құзыретті сарапшылар қажетті шешімдер қабылдайды. Осы жоба аясында 2021 жылғы қазан айынан бастап, бүгінге дейін 5 мыңнан аса азамат өтінім берді. Сол өтінімдердің негізінде тиісті қызмет алды. Бұл кешенді жоба биылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде іске қосылды. Жұмыс әлі де жалғасады әрі ауқымы кеңейтіледі. Жыл соңына дейін біз осы формат бойынша өтініш білдіргендер санын жалпы жүгінген азаматтар санының 20%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл шамамен айына 4-5 мың мүгедектігі бар адам деген сөз, – деді вице-министр.
Тағы бір мәселе шешілді. Бұған дейін мүгедектік белгіленгеннен кейін азаматтар жыл сайын әкімдік жанындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне барып, оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін алуға өтініш жазатын еді. Содан кейін кейде бірнеше айға созылатын мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтіп жататын.
– Осындай проблемалық мәселелерді болдырмау үшін былтырдан бастап әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Онда азаматтар тауар немесе қызмет жеткізушісін өз бетінше таңдай алады. Мемлекетке тек жеткізіп берушіге шығындарды өтеу ғана қалады. Осы порталды енгізу есебінен 2019 жылмен салыстырғанда (қамтамасыз ету көрсеткіштері 62% деңгейінде болды) көрсеткіш 2021 жылы 88%-ға дейін ұлғайды. Бұл бұрын мүгедектігі бар адамдар үшін әртүрлі себептермен 100 мың қызмет көрсетілмегенін білдіреді, – деді спикер.
Биыл министрлік порталда қанатқақты режімде инватакси қызметін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам инватаксидің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ биылдан бастап 17 қызмет түрі қызмет көрсетудің экстерриториялы қағидаты бойынша ұсынылады.
– Бірінші кезекте былтыр 3 қызмет түрі іске қосылды. Сол жылдың соңына қарай тағы 14 түрі қосылып, жалпы, 17 қызмет түрі экстерриториялы принциппен көрсетіледі. Бұл дегеніміз не? Мысалы, бір адам Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны бола тұрып, уақытша Алматы қаласында болса, ол Алматы қаласының кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады және өзіне тиесілі әлеуметтік төлемді алу үшін өтініш бере алады. Бұл барынша ыңғайлы әрі азаматтардың қызмет алу шығындарын азайтады. Жоба іске қосылған сәттен бастап, 2021 жылдың төртінші тоқсанында 22 мың азамат пайдаланып үлгерді, – деді Е.Оспанов.
Сонымен қатар процестерді оңтайландыру есебінен әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыруға арналған операциялық шығыстарды төмендету қадамдары да жоспарланып отыр.
– Қызмет көрсетуге қатысты операциялық шығындарды үнемдеу мақсатында азаматтардың шоттарына әлеуметтік төлемдерді аудару үдерістерін өзгерту бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл өзгерістер 2021 жылдың 7 айында ғана мемлекетке шамамен 3 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Ал тұтастай алғанда, бұл тетік биыл шығыстарды 6 млрд теңгеге дейін үнемдеуге жол ашады. Бұл көрсеткіш одан артық болуы мүмкін, – деді вице-министр.
Тағы бір жоба – мемлекеттік қызметтерді банк платформаларында ұсыну. Былтыр қазан айында министрлік екі банкпен бірлесіп, олардың платформаларында баланың тууына байланысты мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жұмыс атқарды. 2021 жылдың IV тоқсанында 16 мың азамат банк платформалары арқылы қызмет алды. Қазіргі кезде басқа банктер де бірге жұмыс істеуге ұсыныстарын білдіруде. Ведомство осы бағыттағы ашық әрі тиімді жұмысты алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін негізгі басымдықтардың бірі 2021 жылы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтерді трансформациялау болды. Цифрлы жұмыспен қамту орталықтары енгізілді. 2020 жылдың қараша айынан бастап кезең-кезеңімен қанатқақты жоба іске қосылды.
– Жоғалған немесе жұмыс іздеп жүрген адам электрондық еңбек биржасы порталы арқылы онлайн режімде қызмет ала алады. Соның есебінен уақыт үнемдеуге, шығынды қысқартуға, жұмысқа орналасудағы адами факторды болдырмауға болады. 2021 жылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге өтініш білдірген адамдардың арасынан 143 мың азамат оны электрондық еңбек биржасы порталы арқылы алуына мүмкіндік пайда болды. Бұл – өтініштердің жалпы санының 33%-ы ғана. Бұл адамдардың 66%-ы онлайн режімде жұмысқа орналасты. Қызмет көрсету мерзімі 10 күннен 3 күнге дейін қысқартылды. Онлайн тіркеу мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына да қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деді спикер.
Е.Оспанов бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатынын жеткізді. Биыл жұмыспен қамту сервистерін электрондық үкімет порталына шығару және оларды онлайн режімде көрсету жоспарланып отыр.