Әдебиет • 13 Ақпан, 2022

...прототиптер ...тағдырлар

563 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін тағы да әдеби прототиптер туралы сөз қозғаймыз. Көркем шығарма жазуға жүректі қозғаған сәттер һәм оқиғалар, адамдар ғана емес, кейде ақынның өлеңі де себеп болады. Кейіпкердің поэзиядан прозаға ­ауысуы әдебиетте бар болғанымен, сирек кездеседі. Ақынның лирикалық өлеңін әңгімеге айналдыру үшін ол жырдың қуаты қандай болуы керек дейсің. Бәрінен бұрын ақын кешкен сезімнен туған өлеңді жазушы жазса, демек ол кейіпкер лирикалық параллельге айналады.

...прототиптер ...тағдырлар

Серік Сағынтайдың алғашқы әңгіме­лерінің бірі «Аңшы» – ауылда ғұмыр кешкен қарт саятшы жайында жазылыпты.

«Образы жиынтық тұлға еді. Ол кезде жазудан көп тәжірибе де жоқ, әңгімедегі кейіпкер тұлғасы да сараңдау суреттелген, толық ашылмаған. Сол әңгімені оқыған ауылдың бір ақсақалы көрші ауылға барып, «мен туралы жазылған әдеби шығар­ма бар» деп, қырып кете жаздапты...

Шындығында, прототип анық болмаса, жиынтық образ арқылы әркім шығармадан өзін таба алады ғой. Ал екінші жағынан көркем әдебиет болған соң, айтарыңды бір адамға байлап қойып жазу да аса ұтымды шешім болмайтын сыңайлы. Себебі өмір­лік шындық пен көркемдік шындық екеуі ортақ ақиқаттан туындайтын жеке әлемдер ғой», дейді жазушы.

Сондай-ақ ол ақын өлеңінен туған әңгімесі туралы да баяндады.

«Осыдан он жылдай бұрын «Гүлмира» атты әңгіме жаздым. Әңгіменің негізгі жүлгесі алғашқы махаббат, ауыл өмірі, бозбала бастан кешкен сезімге құрылған. Бұл шығарманы жазуға ақын Ғалым Жайлыбайдың «Гүлмира» атты өлеңі себеп болды. Оқиғасы да ақынның басынан бозбала күнінде өткерген хикаясы болатын. Ал әңгіме осы өлеңнің прозалық нұсқасы деуге де болады. Гүлмира кейіпкеріміз Қарағанды облысының аудандарының бірінде өмір сүрген екен. Өз басым көрген емеспін – яки бейтаныс танысым десе де болады».

Жазушының шығармашылық лабораториясында түрлі оқиғалар, бастамалар мен эксперименттер болып жатады. Лирикалық өлеңнің әсерінен туған бұл әңгіме де кейіпкердің проза кеңістігіне ауысып, образ ретінде қалыптаса түскенін көрсетеді. Осыдан соң әңгіме жазуға ықпал еткен ақын өлеңін тағатсыздана оқыдық (Сіз де оқып көріңіз).

Ақиқатында, жазушы прототиптің тұлғасын анық көрсеткісі келсе, көркем шындықтан гөрі, деректі дүниеге жақын­дай түседі. Сондықтан да көркем әдебиет негізінен жиынтық образға құрылған.

«Әу баста өнер атаулы, жазу атаулы синкретті құбылыс болғандықтан, прототиптер де жиынтық образдардан құралғаны сөзсіз. Меніңше, қазір де жазу-сызу синкретті қалыпқа еніп барады. Постмодернизм дейміз, интермәтін (интертекст) дейміз. Бәрі жиынтық үлгілер арқылы жасалатын шығармашылық. Қазір интермәтін өз алдына, әлемдік жазарман қауым интержанр деген дүниемен ­«ауы­рып» қалғандай. Бір дүниенің ішінде бірнеше жанрдың сілемі жүреді. Оның жанында прототип деген пендеңіз жазудың жабдықтарының біріне айналып кеткендей...» дейді С.Сағынтай.

Ел арасында автордың «Жарты қап кітап» атты шағын әфсанасы мәлім. Тіпті кей оқырман шығарманың прототиптерін де шырамытады.

«Бұл әфсанадағы кейіпкерлердің бәрінің прототипі анық, өмірде болған, бар адамдар. Басты кейіпкер ретінде әрекет еткен Ақын мен Сазгер әңгімеде есімдері аталмағанмен, кезінде қазақ өнеріне олжа салған қаламгер Свет Оразаев атты ақын мен сазгер Қасымхан Асанов болатын. Екеуін де көзіқарақты өлеңсүйер, өнерсүйгіш жандар жақсы біледі. Бірі Мұқағалимен, бірі Шәмшімен дос-жар болған. Екеуі де Қарағанды аумағынан аспай бақилық сапарға кетті. Шығармаларын ел біледі. Ал осы әңгімеде Граждан Шақшабаласы атты тағы бір кейіпкеріміз бар. Ол Қарағандыда тұратын қазақ – Азамат Шоқшин атты адам. Сонау 1990 жылдардың иінінде ел іші жадау тартқан тұста Қарағандыдағы талай қазақтың жағдайын ашып, әрі-бері өткен талай өнерпаздың жолын ашып, жайын ұққан сері жігіт еді. Қазір де сол қалыпта. Көрген-білгені, бастан кешкені біраз хикаят.

Алайда айтылмыш әңгіме де прото­типтер үшін жазылмаған еді. Тек әде­биет­тің асыл мұраттары жолында айтылар сөз салмақты болуы үшін оқиға да, кейіпкер де өмірден алынуы шарт. Онда да өмірдің өзіндей жер тістеген қарабайыр қалыпта суреттелсе, көркемдік талғам да, таным да биіктей алмайды. Сондықтан әдеби шығармадағы кез келген кейіпкер өз прототипінен анағұрлым асқақ, биік болуы керек. Әйтпесе, жаныңда жүрген жақсы жанның келбетін кескіндеуге журналистика да жетеді ғой», дейді жазушы.

Жер бетінде адам пайда болып, оған ақыл кіріп, саналы жанға айналып, жазу-сызуды үйреніп, көркем әдебиет деген түсінік қалыптасқан уақыттан бері мың сан жыл өтті. Алайда көркем шығарма жазудың нақты формуласы әлі белгісіз. Иә, әдебиеттің негізгі арқауы – адам һәм адамның жаны дейміз. Қым-қуыт тіршілікте шығармашыл адамға түрлі тағдыр, түрлі оқиға, түрлі мінез, түрлі сәт әсер етеді. Ал сезінген әсерді, куә болған сәтті көркем дүниеге айналдыру, әрине, жазушылық шеберлікке байланысты.