Руханият • 13 Ақпан, 2022

Алаштың дауысын асқақтатқан

396 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атанған белгілі қаламгер Сапарғали Бегалиннің отбасында дүниеге келіп, қазақ киносының іргетасын қалағандардың қатарында есімі тарих парағына жазылып, «Бұл Шұғылада болған еді», «Оның күні туады», «Тұлпардың ізі», «Мәншүк туралы баллада», «Артымызда Москва» сияқты сүбелі дүниелерімен ел есінде қастерленіп келе жатқан режиссер Мәжит Бегалиннің мерейлі 100 жасы – ұлттық кинематографиядағы атаулы күн. Он тоғыз жасында мектеп бітіре сала майдан шебінен табылған Мәжит бүкіл Бегалиндер әулетінен соғысқа аттанған алтаудың ең кішісі еді. Мәжит те Төлеген Тоқтаров, Мәншүк Мәметова, Сұлтан Қожықов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықовтармен бірге әйгілі 100-атқыштар бригадасының құрамында жаумен шайқасты. Жиырма жасында бір қолын соғысқа тастап кеткен ол, келешек асыл мұратын жаңадан қанат қаққан ұлттық кино өнерінің көкжиегін кеңейту жолына арнады.

Алаштың дауысын асқақтатқан

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»

Өнерге тыңғылықты дайындықпен келген Мәжит Бегалин атақты Сергей Герасимовтің шеберханасынан тәлім алып, Никита Михалков, Самсон Самсонов, Вячеслав Тихонов, Нонна Мордюкова, Клара Лучко, Инна Макарова, Леонид Гайдай, Михаил Глузский сынды кеңестік киноэкранның ең атақты саңлақтарымен бір курста оқып, өрелі ортада буынын бекітті. Мәскеулік майталмандардың бәрі де талантты экран шеберінің әр фильмін қазақ өнерінің ірі жетістігіне балап, сырт­та жүрсе де, сағынышын білдіріп, үнемі қолдау көрсетіп отырғаны туралы деректер өте көп. Бегалин түсірген фильм­нің бәрі де көрермен тарапынан жылы қабылданды, бірақ «Отқа оранған Орал» фильмі оның өміріне оқылған соңғы үкім болды.

«Отқа оранған Орал» фильмі туралы ең алғаш «Тақиялы періште» фильмінде ойнаған Тайлақтың – Әлімғазы Райымбековтің аузынан естіген едім. «Бұл өзі салған жерден жолы ауыр фильм болып, ғажап шеберлікпен түсірілгеніне қарамай, жарыққа шықпай жатып қалған фильм» деген еді. Бұдан кейін де жұмыс барысында тіпті жиі естуге тура келді. Сондайда кезінде жиырма миллион долларға түсіріліп, соңыра «жарамсыз» деп танылған Сергей Бондарчуктың «Тынық Донын» ресейліктер аршып алып, ақтап жатқанда, сөренің шаңы басқан деген не тәйірі, «отқа да өртеніп кеткен Оралды» енді қайта оралтудың мүмкіндігі жоқ па сонда?» деген ой көлденең тұра қалатын еді.

Азамат соғысы тақырыбына түсірілген мазмұны бүгінде ескірген болар, рево­люциялық оқиғалар енді ешкімді қызық­тырмай-ақ қойсын, тым болмаса тарихқа құрмет үшін, жұрт аузынан суы құритын Мәжит Бегалин шеберлігіне тағы бір тәнті болу үшін де қайтаруға болмай ма? Мәжиттей майталманның мың рет айтылғанымен, бір көруге зар еткен сол фильмі қайда қазір?

Режиссердің бауыры Қасым Бегалиннің естелігіне қарағанда, фильмнің сценарийін М.Бегалин Владимир Кунинмен бірге отырып жазған екен. Тақырыбы – азамат соғысы. Оқиға желісінің түйіні – Оралды ерлікпен қорғаушыларға Ленин жолдайтын жеделхат. «Отқа оранған Орал» мемлекеттік тапсырыс бойынша орталықтың қаржысына түсірілген бірінші фильм. Сондықтан бұл фильмге Мәскеудің бақылауы күшті болған. Қойылуы күрделі фильм ретінде қыруар қаражат бөлінеді. Кино саласы бойынша Мәскеу ешқашан да, ешкімге де дәл осылайша кеңқолтық болып, мырзалық танытқан емес. Өйткені Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азия бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша түсірілетін алғашқы фильм болғандықтан, материалдық ауыртпалықты Мәскеу өзі көтеріп, актерлерге кигізген сол за­ман­ғы жауынгерлердің киімінен бас­тап, қару-қалқан, құрал-сайманы жүз­деп жет­кізіліп, фильм түсіріліп біт­кен­ше жа­нын салып, жәрдем береді. Фильм­дегі жүздеген жауын­гер қиян-кескі шай­қасатын батальдық көріністер үшін «Мос­фильмнің» арнаулы кавалериялық полкі тұтасымен тартылады. Себебі кинода да кадр алдында жұмыс істей алатын аттар керек болатын. Фотосынақ та, киносынақ та Мәскеуде жасалады. Қа­зақстанның түсіру тобы үшін «Мос­фильмнің» бүкіл павильондары, фото, костюм цехтарының есігі ашық тұрады. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық киногерлер «туған әкесінен» де мұндай жақсылықты бұрын-соңды көрмеген.

Осы фильмде Мәжит Бегалиннің көмекшісі әрі екінші режиссер болған марқұм Сара Жорабаеваның әңгімесін де талай тыңдадық. Қанша рет әңгімелесе де, Сара апай бұл фильм туралы бей-жай айта алмайтын еді. Аса күйінішпен, көкірегі күрсініске толып отырып айтатын әңгімесін тыңдасаң, «уақыт салған жараның да жазылмайтыны болады екен-ау» деген ойда отырасың.

«Айта кететін ерекше жайт, бұл фильм­­нің мемлекеттік тапсырыспен тү­сі­рілген ең алғашқы фильм болғаны өз ал­дына, «Отқа оранған Орал» шетелдік «Kodak» пленкасында таспаланған бірінші «Қазақфильм» туындысы. Өте күрделі тарихи фильмді біз әбден дайындалып, тек бір дубльмен түсіріп отырдық. Бар ойымыз – таспаны бүлдіріп алмау. Ал кино процесінде бір дубльмен түсірудің не екенін және қаншалықты қиын болатынын тек осы кино маңайында жүрген адамдар ғана біледі. Мәжекең бұл фильміне тек ең жақын достарын – Глузский, Авдюшко, Рыбниковтерді шақырды. Бұлардың әрқайсысының Мәжит дегенде шығарға жаны бөлек еді, сондықтан болар олар фильмдегі кішкентай ғана эпизодтық рөлде ойнауды қомсынбай, жылт еткен бірді-екілі көрініс үшін сонау Мәскеуден қиналмай келіп қатысты. Тұтас алғанда, ұйымдастыру жұмысында мін болмады. ВГИК-ті бітірген, арнайы білімі бар мықты режиссер, аса күшті актерлер тобы, шектеусіз қаржыландыру, «Мосфильмнің» көмегі және Мәскеудің адам айтса нанғысыз мүдделілігі, жарқыраған көріністер... Қысқасы, төрткүл дүние төрт аяғын тең басқан туындының келуін ғана күтіп отыр. Бірақ...

Мәжит Бегалин жұмыстың ең ма­ңызды бөлігін – Мәскеудегі КСРО Қор­ғаныс министрлігінде әскери кеңесші болып отырған Лучинскийге сценарийді таныстыруға С.Жорабаеваны жібереді. Әрине, киноның тағдырын дәл осы әскери кеңесші шешеді деп ол кезде ешкім ойламайды. Сценариймен танысып шыққаннан кейін ол С.Жорабаеваның алдына көлдей етіп ақ қағазды жайып қойып, түрлі-түсті қарындаштармен тарихи деректер бойынша қай жерде қандай полк тұрғанын сызып, түсіндіре бастайды. Түсіндіргенде де әңгімесі мынандай ауанда болып келеді: «Бұл – қазақтың кавалерия полкі емес, орыс полкі, Қазақстанда отырғандар қара басып қазақтың әскері деп шатасып отыр», «мәтіннің ана бір тұсында шындық бұрмаланған», «мына жерде әскери операция сипаты өзгертіліп жіберілген». Әрине, Алматыға келген соң режиссердің көмекшісі Бегалинге бүкіл әңгіменің ұзын-ырғасын баяндап береді. «Осы жерде ол жүзі тасқа тиген шалғыдай шарт ете түсті. Сценарийді Мемкиноның төрағасы бекіткен, мен деректі фильм емес, көркем фильм түсірмекпін. Ендеше, төраға әскери кеңесшімен өзі сөйлессін де, өзі дәлелдеп берсін» дейді. Міне, бәрі де осы жерде басталады.

Түсіру тобы жаз бойы – үш ай Оралда болады. Ол кезде Оралда массовка үшін қазақтарды табу да, оларды жинап әкелу де өте қиын еді. Соған қарамастан Сара апамыз қаланың маңындағы колхоз-сов­хоздарды аралап жүріп, әр үйге кіріп, әр адамды үгіттеп, «ақша төлейміз» деп жалынып, киноға түсіруге әрең көндіреді. Сөйтіп жүріп бір автобус адам жинап, түс ауа түсіру алаңына оралатын.

Бірде мынандай да қызық жағдай болады. Сара апай асығып жүріп, «Мосфильм» киностудиясынан Уральский деген актерді шақырып, Мәскеуге жеделхат жолдайды: «Прошу командировать актера Уральского в город Уральск. Картина «Уральск в огне», гостиница «Урал». Мұндай жаңылтпаш сөздерге бүкіл түсіру тобы, әсіресе М.Бегалин ішек-сілесі қатқанша күліп, әзілге шаптырып, талайға дейін Уральскийді әртүрлі қуақы сөз, қалжыңмен қағытып жүріпті.

«Отқа оранған Орал» үшін Мәскеуден арнайы каскадерлер тобы шақырылады. Ол заманда каскадер дегенді кім көрген? М.Бегалиннің баласы Нартай да жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын, аттың құлағында ойнаған бала болған екен. Аттың үстінде жасалатын алуан түрлі трюкті өзі орындайтын болыпты. Сон­дайда Бегалиннің жары Олеся Иванова еріне қайта-қайта келіп: «Баланың түбіне жетейін деп пе едің? Жылдам аттан түсір де, дублерді отырғыз» дейтін көрінеді. Ал Бегалин дублерді отырғызбақ түгілі ат үстіндегі ұлының әрбір қимылына, жү­ректілігіне масаттанып, кеудесін мақ­таныш кернеп, көз алмай қарап тұрады.

Әрине, фильмнің көрерменге жетпегені өте өкінішті. Картинаны жасауға Олжас Сүлейменов те қатысады, кадр сыртында ол өзінің зор әрі екпінді даусымен өлеңдерін оқиды. Өлең оқылғанда, картинаны салтанатты, әсем көңіл күй билеп ала жөнелетін. Бұл сәттің кере­метін тек жүрекпен сезіну керек. Әттең, қи­ындықтарға толы болғанына қара­мастан, фильм тамаша түсіріледі. Бірақ Сара Жорабаеваның жорамалы бойынша, фильмнің түбіне әскери кеңесші жетеді.

«Отқа оранған Орал» үшін көп күш жұмсалды, тер де аз төгілмеді. Бұл фильм үшін Мәжит Бегалин бала-шаға, жақын-жұрағатты тегіс ұмытып, таңды осы идеямен атырып, кешті осы мұратпен батырып, жанкешті жұмыс істейді. Алайда Одақтың кинематография басшылығы: «Сіздер келесіздер-кетесіздер. Ал бізге әрі қарай өмір сүру керек, сондықтан да Кеңес Одағының Қорғаныс министрлігімен ауыр сөзге барып, арамызды салқындатқымыз келмейді» деп бұл фильмнің жарыққа шықпайтынын ашық айтады. Сөйтіп, Бегалиннің жан-тәнімен жасаған туындысы жөргегінде тұншықтырылып, фильм қапасқа қамалады. Өйткені бұл фильм­нен кейін Орал ғана отқа оранған жоқ, Бегалиннің де жанын күйік шалды. Ауыр соққыдан күрт күйреп түседі. Қайтіп оңала алмайды. Мәскеуге кетеді де, ұзақ уақыт Алматыға оралмай қояды. Ал келген кезде, пышақ жанығандай қуарған жүзіне, жүдеп-жабырқаған түріне тура қарау мүмкін емес еді. Бұдан соң ол қуана да алмайды, күле де алмайды. Қайсар мінез иесі морт сынады. Суреткердің нәзік жаны әділетсіздікті көтере алмай, семіп бара жатқандай еді. Көп ұзамай қазақ даласы «қайтыс болды» деген хабар естиді...

Бұл Мәжит Бегалиннің соңғы фильмі еді. Режиссердің тарихты тым терең біле­тіндігі мен революция кезінде қы­­зыл­­дарға қырын қабақ танытқан алаш­­­ордашылардың үнін тым асыра саң­қылдатып қойған «шеберлігі», қа­зақ даласын казактың атамандары да, қызылдар да емес, ең алдымен қа­зақтардың өздері қорғағанын, сол ойының дәлелі ретінде қазақ атты полкінің жауынгерлерін көбірек көр­сете беретін «бұрмалаушылықтары» Мәс­кеуге ұнамасы бесенеден белгілі еді. Фильм түсірілімі аяқтала сала Гера­си­мов бастаған ұстаздары мен мәскеулік жолдас­тары, зиялы қауымның назарына ұсынады. Бірақ Мәскеу мен Алматыда үш-төрт рет көрсетілгеннен кейін Ор­талық Комитеттің бұйрығымен экраннан біржола алынып тасталады. Кезінде керемет әспеттелген шетелдік пленка әлде «Мосфильмнің» әлде «Қазақфильмнің» сөресінде сүрленіп жатып, әбден дымданып, суреттері өшіп, есіл еңбек қор болады. Адамның, біртуар тұлғаның тағдырын талқандап, өмірін қиған жанкешті еңбек көзкөргендердің есінде сақталғанымен, еш нәрсеге жарамайды. КСРО кезінде саяси сипаты сай келмей, сөреде жатып қалған фильмдерді экранға қайта шығару туралы комиссияның құрамында жұмыс істеген режиссерлер Плахов пен Кли­мов «Отқа оранған Орал» – өз хал­қына адалдық пен жас ұрпақты патриот­тық рухта тәрбиелеуде қызмет ететін фильм» деп қорытынды шығарып, тіпті фильмді ВГИК-тің режиссерлік факультетіне әдістемелік құрал ретінде ұсын­бақ та болған, бірақ кәсіби биік деңгейде түсірілген туындыны сол күйі таба алмаған...

АЛМАТЫ