Өнер • 14 Ақпан, 2022

Бақтияр Адамжан: Менің бағым – балет

84 рет көрсетілді

Сонау бір жылы теледидардан тек жарнамасын көріп, Алматыдағы А.В.Селезнев атындағы хореография училищесіне ата-анасының нұсқауымен кездейсоқ келген баламен бүгінде тек ұстаздары ғана емес, күллі қазақ мақтанады. Өнеріне әлем таңырқай қол соғады. Қайталанбас талантымен жаһанның ең үздік байқауларын бағындырып, шығармашылық қоржынын балеттегі небір күрделі бейнелердің жарқырай сомдалған шуақты шоғырымен байытқан дүлдүлдің әр қойылымы – құбылыс. Бекзат өнердің биігін бағындырған Бақтияр – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі.  Бақтияр Адамжанның сахнадағы биі қандай көркем болса, өмір мен өнер туралы толғамдары да сондай өрнекті.

 

– Бақтиярдың балетпен дос­тығы қалай басталды? Әдетте, ауыл баласының табиғатына би­ден гөрі күрес жақын болып жататын еді?

– Оныңыз рас. Әу баста мен де төрт жыл күреспен ай­на­лыс­­қанмын. Ағама еріп ба­рып, дайын­дықтарынан қалмай қа­тысып жүрдім. Тіпті жат­тық­ты­ру­шымыз менің күрестегі бо­лашағыма зор үміт те артқан. Өйткені денем жұмсақ, иілгіш, яғни пластикалық тұрғыдан өте епті болатынмын, қарсыластарым мені жыға алмай жанталасатын. Бір күні теледидардан балет туралы бағдарламаны көріп отырып әкем маған: «Балетке барасың ба?» деп тосыннан сұрақ қойды. Біздің отбасындағы тәрбиеміз солай болды ма, ата-ананың айтқа­нына қарсы келмейтінбіз, сол кісілердің айтқаны бұлжымас заң­дай көрінетін. Ол кезде баламыз ғой, бойдағы қабілетіміз өзімізден гөрі сол әке-шешемізге айқынырақ көрінетіні анық еді.

– Сөйтіп, әке тілегін ойланбастан құп алдыңыз...

– Білесіз бе, бала күнімде бо­ла­шағым балетпен байланыс­ты бо­лады деп тіпті елестетіп те көр­ген емеспін. Ауылдың ба­ла­­сы балет дегенді қайдан біл­сін?! Бірақ әкемнің айтқаны болып, сол жылы Алматыдағы А.Селезнев атындағы хореография училищесіне оқуға тапсырып, қабылдандым. Сөйтіп, ауылдағы алаңсыз, жайбарақат жүрген өміріме түбегейлі өзгеріс еніп, тағдырым би өнеріне байланды. Шынын айту керек, оқу­ға түскеннен кейін екі жылдай не істеп жүргенімді өзім тү­сін­бедім. Тек ұстаздарымның айтқанын бұлжытпай ғана орын­дап, барынша ол кісілердің кө­зіне көрінбеуге тырысатынмын. Солай бола тұрса да менің бойымдағы жақсы қасиеттің бірі өзімді қамшылай алуым деп ойлаймын. «Қанша қиналса да, тапсырманы орындау басқалардың қолынан келіп жатыр ғой. Мен неге әлсіздік танытуым керек?» деп жанымды салып дайындал­дым. Әке-шешем ауылда бол­ғандықтан, 8 жыл интернатта тұрдым. Жатақханамыз төртінші қабатта болатын. Сабақтың ауыр болғандығы соншалық, бұл­­шық етіміз, тұла бойымыз тұтас ауырып, бөлмемізге әзер көтерілетінбіз. Әкем төтенше жағ­дай қызметінің, анам мұға­лім болғаннан кейін де шығар, мен училищенің тәртібіне әкем­нің айтқанындай бағынып, ұстаз­дарды анамдай құрмет тұттым. Өйткені анамның мектептегі жұ­мы­сының қандай қиын екенін есімізді білгелі көріп, сезіп өстік. Сондықтан да мен үшін ұстаздың жұмысы – ұлы еңбек.

– Өнер жолында кімдерден сабақ алдыңыз?

– Балет өнеріндегі алғаш­қы ұстаздарым – Фарида Асылбек­қызы мен Нәзира Сәр­сенбайқызы Абдуллина, одан кейін Қазақ мәдениетінің қайраткері Ахмет Ғалиұлы Бүркітбаев ағамыздан тәлім алдым. Ол кісінің айрық­ша стилі басқалардан даралап тұ­ра­тын. Болмысы да, тұлғасы да ерекше адам. Аяқтары да оқ­таудай түзу еді. Ал аттың жалында өскен қазақ балаларының бәріне ортақ ерекшелік – аяқта­ры қисық болатын. Соны түзе­темін деп ағайымыз түрлі жат­ты­ғу жасататын. Бізге үнемі: «Аяқ­тарың менікіндей болғанша жаттығасыңдар» деп әзілдейтін. Бірақ, бақытыма орай, ол жағынан мен аса қатты қинала қоймадым, өйткені аяғым түзу болды. Ахмет Ғалиұлының даналығы сол – шәкірттеріне айрықша қамқор бола отырып, үлкен мақсаттарға ұмтылдыратын. Қиындықтан қаш­­пауға, керісінше оны жеңіп шы­­­ғуға шыңдайтын. Соның ар­қа­­­­сы болса керек, бүгінде театр сахнасында көптеген қиын пар­­­тияны қиналмай орындап жүр­мін деп айта аламын. Жал­пы, ұстазымызды бір сөзбен айт­­қанда, әзілі мен қаталдығы жарасқан жан дер едім. Ол кі­сі­ге айрықша ризамын және қа­рыздармын. Кейін «Астана Опера» театрына келіп, әлемдік деңгейдегі балет жұлдызы, Ре­сейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қамқорлығын көрдім. Менің бақытым сол – жолымда кездескен ұстаздарымның барлығы менің тұлға болып шыңдалуыма ерекше еңбек сіңірген жандар. Сондықтан да ұстаздарымның бәріне алғыс айтқым келеді.

– Өнер туабітті қанмен дариды, болмаса үздіксіз еңбек­пен келеді деп жатады. Сіз қай топқа жатасыз?

– Мен өзі Алматы облысының Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылында өмірге келдім. Отбасында төрт ағайындымыз, алдымда ағам бар. Әкем төтенше жағдай қызметінде, анам математика пәнінен сабақ береді. Ата-анам өнерде болмаса да, өнерлі кісілер. Әкем гитарада ойнап, тәп-тәуір ән салады. Ал анам керемет билейді. Ата-тегімде атақты бишілер болмағанымен, жалпы өзімнің табиғатым, дене бітімім пластикалық қимылдауға бейім болды. Бала күнімнен өте ширақ және төзімді болатынмын. Бұлшық етімнің туабітті жұмсақтығы да сахнада сәтті өнер көрсетуге септесетіні анық. Көптеген кемшілік кейде осы ерекшеліктің арқасында көрін­бей кешіріліп кетеді. Ең­бек пен тәртіп те маңызды рөл ойнайды. Соңында осының бар­лы­ғы келіп басқа тіреледі ғой. Сахнадағы әрбір әрекетіңді түсі­ніп, түйсіне білу де өте қажет қасиет. Жасалмай жатыр екен деп дамылсыз билей бергеннен кейде түйткілдің шешімі та­был­май жатады. Ойлануға сұра­натын ситуациялар да көп болады сахнада. Кейде туын­дының табиғатын түсініп, логи­ка­лық тұр­ғыдан әрекет ету кейіп­кер мінезіндегі жұмбақтың бар­лы­­ғын шешіп беруі мүмкін. Сон­дықтан балетке мінсіз пластикамен бірге ми мен білім де керек. Меніңше, басың мен денең тату болса, балетте көп нәрсеге қол жеткізуге болады.

Жалпы, балет өнеріне келген адам немен айналысып жүргенін, бұл оған шын керек пе, сонша уақытын бөліп, өмірін арнап, денсаулығын осы өнерге бе­руге келісе ме, жоқ па – осы жа­ғын ертерек түсінгені жақсы. Сон­да мақсаты жүйелі, бағыты айқын, нәтижесі жемісті болады. Өйткені балетке балалар тым жастайынан келіп, ненің неге бастайтынын мен секілді алға­шында түсіне бермейді. Сөйтіп, би өнерінің ішіне ене жүріп көкейдегі сұрақтарына жауап алады. Талмай тер төгіп, ақырын-ақырын жетістіктерінің жемісін жегеннен кейін шабыт алып, балетпен біртұтас әлемге айналып кетеді. Жалпы, балет деген – еңбек. Талмай ең­бек­тене алған адам ғана үлкен же­тістікке жетеді. Мәселен, біз­де – балетте талантты жастар өте көп. Олардың жетістікке жетуге де мүмкіндігі мол. Ал ол үшін көп тер төгу керек. Еңбек бар жерде жеміс те бар. Бұл менің бү­гін­гі жетістігімнің басы ғана. Ізденіс те, жеңіс те алда деп сенемін. Менің бағым – балет.

– Рас, шығармашылық өмір­­­баяныңызға зер салсақ, не­бір күрделі классиканың көр­­кін кіргізгеніңізге көз жет­кізуге болады. Соның бір­қа­та­рын «Ас­тана Опера» сахнасы­нан тамашалау мүмкіндігі бұйыр­­­ғанын мақтаныш ете­міз. Байқағанымыз – сіз­дің қай рөлді алсаңыз да тап­тау­рын­­мен жүруден қа­шып, үне­мі өз меніңізді, өз ерек­­шелі­гіңіз­ді алып келуге ұмты­ла­тын­­ды­ғыңыз көңіл­ге құрмет ор­нық­тырады. Сон­дық­тан болса керек, әр кейіп­керіңізді тамашалау көрермен ретінде қызық.

– Рахмет. Мен қай балетке кіріспейін, оның маған дейін ойналған нұсқаларын көрмеуге тырысамын. Өзіммен өзім қалып, кейіпкеріммен сырласамын. «Оның орнында болсам мен не істер едім?» деген сауалға жа­уап іздеймін. Соған жауап тапқан сәттен бастап кейіпкерімнің мінезі ашыла түседі. Өнерде ешкімді қайталағым келмейді. Менің мақсатым – сахнадағы өз сүрлеуімді табу. Қалғанының төрешісі – көрермен.

– Әсіресе әйгілі «Париж Құдай Анасының соборы» ба­летіндегі Квазимодоңыз ерек­ше. Қайшылыққа то­лы бей­ненің кілтін дөп тапқан­дайсыз...

– Бұл партия өзіме де ұнай­ды. Квазимодо – мінезге бай кейіпкер. Сол себепті де оны же­те­сіне жеткізіп орындау үлкен ізденісті һәм төзімді талап етеді. Бірақ рөл, шығармашылық деген сонысымен қызық қой. Бұл тұрғыдан келгенде менің жолым болды. Енді осы рөлімді әлемнің белді сахналарында көрсетсем деген арманым бар. Жақында Италия мемлекетінен шақырту алдым. Бұйырса, осы жылдың шілде айында кәрі құрлыққа сапарға аттанбақ жос­­парымыз бар. Сол секілді ме­­нің шығармашылығымда А.Хачату­рянның «Спартак» ба­ле­тінің орны бөлек. Ол жерде мен толықтай ашыламын. Техникалық жағынан болсын, актерлік шеберлік тұрғысынан болсын. Бұл балетте адамзаттың бәріне тән махаббат, сатқындық, қаһармандық сынды түрлі эмоцияларды көрсетуге болады. «Спартак» маған сонысымен ұнайды. Бұл партияны ең алғаш небәрі 23 жасымда орындадым. Кейіпкерім екеуміздің жас айырмашылығымыз айтарлықтай алшақ болғаннан кейін, оның үстіне Спартактай қаһарманның қатпарға толы күрделі әлемін жеткізу біраз сарсаңға салды. Оны жасырмаймын. Есесіне ең­бе­гім ақталып, балеттің хорео­г­рафы Юрий Николаевич Гри­горовичтің өзінен жоғары баға алдым. Бұл – мен үшін үлкен же­тіс­тік. Одан артық бағаның қажеті жоқ еді сол сәтте. Әлі де солай.

– Юрий Григоровичтей атақ­ты хореографтың жоғары бағасын алу, сөз жоқ, үлкен дең­гей. Тағы да басқа қандай театр мамандарынан алған ба­ғаңыз сіз үшін ерекше қымбат? Жалпы, мақтау мен атаққа көз­­қа­расыңыз қалай?

– Шүкір, сахнада сараптаған әр бейнеме үнемі оң баға естіп келемін. Бұл да бір Алланың маған берген нығметі болса ке­рек. Бірақ мақтау естідім екен деп дандайсып кету менің дағ­дымда жоқ. Керісінше, әр би маманының тарапынан берілген жоғары баға – әртіс үшін зор жауапкершілік. Сол биіктен түспеу үшін үздіксіз еңбек етуді талап етеді. Мақтауды солай түсінемін. Мәселен, мені сахнада «мысық» деген лақап атпен атайды. Өйткені әңгімеміздің басында айтып өткенімдей, менің денем жұмсақ, иілгіш. Пластикам сахнада дыбыс шығармай секі­руге мүмкіндік береді. Осы жа­ғым мысықты елестетсе керек. Бұл да әріптестер, мамандар тарапынан берілген жоғары баға деп білемін. Ал атаққа мән беріп, соның соңына түсіп кетуден аулақпын. Әрине, еңбегіңе сай марапатталып тұрған жақсы. Ол шығармашылығыңа жаңа серпін, шабыт береді. Бірақ марапатталу үшін өнер көрсетуді құп көрмеймін. Ондай мақсат араласса, өнер тазалығынан айырылады. Ал өнер тазалығын сақтай алған жерде бағалы.

– Десе де, сіз үшін осы күнге дейін алған атақтарыңыздың ішінде ең қымбаты әрі маңыз­дысы қайсы?

– 2007 жылы Мәскеуде өткен ХІІІ халықаралық балет әртістері мен хореографтар байқауынан алтын медаль алғаным қымбат. Бұл мен үшін қиын сын әрі өзімді үздік балет әртісі ретінде дәлелдеуіме мүмкіндік берген байқау болды. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын бай­қауға ал­ғаш рет қатысып, бас жүл­де алуым – Мәскеудегі бекзат өнер сарап­шылары мен жан­күйер­­леріне Қазақстан өне­рі­нің қай деңгейде екенін көрсетті, ұғын­дырды деп ойлаймын. Жал­пы, қазақтың балет өнері артық бол­маса, ешкімнен кем емес. Оны мен нық сеніммен айта ала­мын. Өйткені қазақ өнерінде өр­леу бар. Мәселен, Еуропа елде­­рін­де балет дамитын шегіне же­тіп, дәл қазір тұралап тұр. Ал Қа­зақ­станның балеті даму үстін­де. Жаңа қойылымдармен бірге жаңа­лықтар да өмірге келуде. Бұл балет өнеріне жаңа тыныс пен дең­гей һәм тың бағыт сыйлайтыны анық.

– «Әртістің жарты бағы – сах­налық серіктесінің шебер­лігі» деп жатамыз. Сахнадағы үздік серіктесім деп кімді атар едіңіз?

– Бұл жағынан менің жолым болған. Серіктестерімнің қай-қайсысы да аса талантты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Әйгерім Беке­таева мен Мәдина Баспаева, жақында ғана Аустралия елінде бірге өнер көрсетіп қайтқан Шұғыла Әдепхан да лайықты серіктес деп сеніммен айта аламын. Әйтсе де, осы жерде бір нәрсені қоса айтқым келеді. Ме­нің алаңсыз өнер көрсетіп, тұрмысты ойламай сахнада жар­қырап жүруіме жағдай жасап отырған өмірлік серігім, үш баламның анасына айтар алғысым зор. Ел мен жер аралап айлап үйде болмайтын сәттер­де шаңырағымның бағын шайқалтпай, бала-шағамды тәрбиелеп отырған сол кісінің де балет өнерінде менің Бақтияр Адамжан болып қалыптасуыма сіңірген еңбегі ересен.

– Әдетте классикалық өнер, оның ішінде опера мен балет әрт­істерінің көпшілігі, тіпті бар­лығы дерлік қазақ тілі­не шор­қақ. Шынын айтайын, ті­ліңіздің жатықтығына таңға­лып отырмын.

– Бала күнімізден әкеміз бен анамыздың құлағымызға құйып, бойымызға сіңірген тәрбиесі бұл. Әкем: «Ұлтыңды сүй, біреудің ала жібін аттама», деп үнемі айтып отыратын. Айтып қана қоймай, өзі де адал өмір кешті. Әкем қаталдығымен қоса, өте әділ кісі. Талай жыл басшылықта болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарса да, біз отбасымызда өте қарапайым өмір сүрдік. Ол кісі біздің ең әуелі жақсы адам болып өсуімізге күш салды. Одан кейінгі талабы – ұлтқа, қазаққа адал қызмет ету. Сол қасиет пен тәрбие ержетіп, тұлға болып қалыптасу жолымда да құн­ды­лығын титтей бәсеңсіткен жоқ. Мен өзге тілдерде де таза сөй­леймін. Негізінен қазақ тілінде сөйлеуге тырысамын. Басқадан ерекшеленейін немесе біреуге ұнайыншы дегеннен емес, жай ғана бұл – менің табиғатым.

– Сіздің ұғымда ұлтқа қыз­мет ету деген не?

– Қай салада қызмет қылсаң да, сол арқылы еліңнің өркендеуіне үлес қосу, пайдаңды тигізу. Бастысы қазақы табиғатыңды жоғалтпау, тамырыңнан алыс­тамау. Әлі есімде, 2013 жы­лы «Астана Опера» театры ашыл­ғанда оқу бітіріп, ең­бек жолымды енді бастаған Ал­матыдағы Абай атындағы Қа­зақ ұлттық опера және балет театрынан өз еркіммен жұмыстан шығып, елордаға қоныс аудардым. Жаңа театрға жұмысқа қабылдандым. Ондағы мақсатым – жаңа театр­мен бірге жас астананың рухани дамуына, бас қаланың көрерменін тәрбиелеуге атсалысу әрі жас театрмен, жас шаһармен бірге өзім де қалыптасып, дамығым келді. Сондықтан да алдыма үлкен мұраттар қойдым. Шүкір, біртіндеп барлығы орындалып келе жатыр. Шығармашылық тұрғыдан театр ұжымы барлық жағдайды жасап, кордебалеттен бастап, «Астана Операның» бас солисіне дейін сатылап көтерілдім. Мемлекетіміздің қол­дауымен балет труппасының көркемдік жетекшісі, ұстазымыз Алтынай Асылмұратова да жас­тардың сахнада еркін өнер тудырып, ұлттық балет өнерінің шетелдерде насихатталуына бар жағдайды жасап берді. Соның арқасында қазақ өнерін жаһанға танытып жүрміз. Мәсе­лен, бүгінде мен әлем бойынша сұран­ысқа ие балет әртістерінің қатарындамын. Ай сайын ше­телдің үздік театр­ларынан шақырту алып, өнер көрсетіп қайтамын. Тіпті барлық жағдайды жасап, түбегейлі жұмыс істеуге шақыратын театрлар да өте көп. Бірақ менің мақсатым – шетелде тұру, жағдайымды ж­а­сау емес, елде жүріп қазақ өне­­­рі­­нің мерейін асқақтату, ұлт­тық өнерімізді жаһанға таныту, Қазақстандағы балет өнерінің еш­бір елден артық болмаса, кем емес екенін дәлелдеу, нақты іс­пен көрсету. Біздің жат елдерге жасаған әрбір өнер сапарымыз – үлкен жауапкершілік. Ол жаққа біз өзімізбен бірге еліміздің абыройын қоса арқалап барамыз. Сол себепті қай жағынан да әлсіздік танытып, нашар өнер көрсетуге хақымыз жоқ. Қайда жүрсек те Қазақстанды аузымыздан тастамаймыз. Оның бәрі не үшін? Өйткені Отанымыз бізді, біз Отанымызды сүйеміз. Ал туған елге деген махаббат, менің тү­сінігімде, ең әуелі туған тілден, Отанға деген құрметтен басталуы керек.

Мені қуантатыны – бас қа­ла­мыздың жастарының балет өнеріне деген айрықша қызы­ғушылығы. Мәселен, Алматының көрермендері негізінен үлкен кісілер, өнерді терең түсінетін адамдар болса, астанада кері­сінше жастар балетті ерекше жақсы көріп, үнемі пікірін біл­діріп, ризашылықтарын жеткізіп жатады. Қазірдің өзінде біздің ойнауымызды күтіп, арнайы соған келіп тамашалайтын тұрақты көрер­мендеріміз қалыптасты. Бір қойылымды бірнеше мәрте көріп, талдай алатын сауатты көру­ші­леріміздің бары шын қуантады, шабыт сыйлайды. Ал өнер адамы ретінде мен сол көремендеріммен қазақ тілінде тілдесіп, түсінісе алсам, адам ретінде де, әртіс ретінде де шын бақытты болғаным.

– Балет – қарапайым көрер­мен үшін жұмбақ әлем. Сахнада сұлу өнер тудырып жүрген ба­лет әртістерінің өмір сүру қа­лыбы тіпті қызық. Бақ­тияр Адамжанның бір күндік күн тәртібімен бөлісіңізші.

– Бізде өзгелерден ерекше­ленетін айтарлықтай күн тәртібі жоқ. Басты ерекшелігіміз, бәлкім, көп жаттығып, сахнада күні-түні тер төгетіндігімізде шығар. Жеке өз басым ешқандай диета ұстамаймын. Тамақтың бар­лық түріне, әсіресе ет пен қымыз­ға шектеу қоймаймын. Артық салмақ қосып аламын деген қауіп болмайды. Өйткені жұмсаған энергияның орнын міндетті түрде толтырып отыру керек. Ол тамақ қазы-қарта, жал-жая сынды қазақы құнарлы астан болса, тіпті жақсы. Ал қимыл аз болған күндерде тәбет те болмайды. Өйткені табиғи тұрғыда ағзаның өз тәртібі бар. Соған бағынамыз.

– Сол саланың ішінде жүр­ген мамансыз, балет өнерінде бүгінде түйткілі шешілмеген қан­дай мәселе бар?

 – Балет әртістеріне ортақ шешілмеген мәселенің бірі –  денсаулығы.

Өздеріңіз білетіндей, балет өнері қауіпті. Біз жеңіл жа­ра­қаттар алғанда оларды өз есе­бімізден емдетуге тырысамыз. Ал егер үлкен жарақат алып қалсақ, онда әлбетте шығындарымызды өтеуге мемлекет көмектеседі. Де­г­ен­мен де, жеңіл жарақат ал­ғанда да, ауыр жарақат алғанда да тегін емделіп шығуға жағдай жасалса деген тілегіміз бар. Сол уақытта біз де алаңсыз өнері­мізді халқымызға арнай береміз. Бастысы, еліміз аман болып, өнеріміз өрлей берсін!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар арзандады

Экономика • Бүгін, 16:42

Мұнай бағасы арзандады

Экономика • Бүгін, 13:23

Ұқсас жаңалықтар