25 Наурыз, 2014

Малайзияның жоғалған ұшағы табылды

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Самолет-1«Malaysia Airlines» әуе компаниясының бұдан үш аптаға жуық уақыт бұрын жоғалған Boeing-777-200 ұшағы Австралияның оңтүстік-шығысындағы Үнді мұхитының акваториясынан табылды. 8 наурызда жоғал­ған бұл ұшақ туралы әртүрлі болжам айтылып келген еді. Сол ақпарлардың бірінде ұшақтың Вьетнамға қарасты Тхо-Чу аралынан 300 шақырым жерде, яғни солтүстік-батыстағы Камау мүйі­сінде апатқа ұшырағаны туралы болжам айтылған. Кейін әуе лай­нерінің Үнді мұхиты үстімен ұшып өтіп, Австралия жағалауына беттегені белгілі болды. Осыған орай іздеушілер өздерінің назарларын солай қарай аударған. Ақы­рында сол жорамал дұрыс шықты. Малайзия премьер-министрі 24 наурыз күні іздеу жұмыстарының қазірге дейінгі нәтижесі бойынша мәлімдеме жасап, жоғалған ұшақтың қаңқасы табылғанын жеткізді. Ол осы уақытқа дейін айтылғандардың бәрі болжам ғана екеніне тоқталып, лайнердің Австралияның оңтүстік-шығыс қапталындағы Үнді мұхитына құлағанын растады. Еске сала кетейік, наурыздың 8-іне қараған түні Малайзияның астанасы – Куала-Лумпур қаласы­нан ұшып шыққан «Боинг» арада екі сағаттай уақыт өткенде, бақылаушы радардың назарынан тысқары қалып қойған болатын. Содан бері оны қайтып көрген ешкім болған жоқ. Тек бақылаудан кетіп қалған ұшақтың әуеде тағы жеті сағаттан астам уақыт ұшып жүргені ғана белгілі болған. Енді, міне, оның қайда барып, қайда құлағаны анықталып отыр. Малайзия премьер-министрі оған қатысты кеңірек мәліметтің бүгін жүргізілетін баспасөз мәсли­хатында айтылатынын сөз етті. Жалпы, жоғалған ұшақта 227 жолаушы, 12 экипаж мүшесі, барлығы 239 адам болған еді. Өкінішке қарай, солардың бәрінің апат құрбандығына ұшырағандары енді айғақталып отыр. Малайзия үкіметі марқұм­да­р­дың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ, «Егемен Қазақстан».