Сыр өңірін Қоқан басқыншыларынан азат етуші әйгілі жүзбасы, би әрі батыр Көтібар Итаяқұлы шамамен 1825-30 жылдар аралығында қазіргі Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылы төңірегінде дүниеге келген. Жаппас руының беделді адамының бірі болған Көтібар Итаяқұлы туралы Ә.Диваевтың еңбегінде де жазылады. Батырдың әкесі Итаяқ дәулетті, судың жолын танитын мұрап болған кісі екен.
Биіктігі он метрге жуық, қам кесектен тұрғызылған мұнараның төменгі бөлігі цилиндрлі, ортасына қарай күрт тарыла түскен, жоғарғы бөлігі кесілген.
Отызыншы жылдар оқпанына Көтібардың ел ісіне араласа бастаған ұлдары Әлмағамбет, Пірмағамбет, Ибраһим, Жанғабылдар да түсіпті. Төртеудің арасынан елге кенжесі Жанғабыл ғана аман оралады.
Бидің 1871 жылы дүниеге келген тағы бір ұлы Әли Көтібаров жайлы әңгіме бөлек. Жөлек стансасындағы орыс-қазақ мектебін, Ташкенттегі гимназияны үздік бітірген қазақ баласына оқу орнының басшылары Санкт-Петербургтегі жоғары әскери-медициналық академиясына жолдама береді. Талапты жас академияда да үздік оқып, бес жыл патша армиясында дәрігер болады. Азамат соғысы жылдарында Жетісудағы Черкасск қорғанысында әскери лазаретті басқарып, мыңдаған жанды ажалдан аман алып қалады.
Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі Әли Көтібарұлы осыдан кейін Ташкентте қызмет етіп, кейін Перовск уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болады. 1925 жылы 54 жасында қайтыс болған дәрігер мұнара маңындағы әулеттік қорымға жерленеді. Қазір облыс орталығында дәрігер Әли атында көше бар.
Қызылорда