Футбол • 15 Ақпан, 2022

Жақын резервтің деңгейін байқадық

207 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жексенбі күні ішкі біріншілікте бақ сынайтын командалардың легионер футболшыларымен жолдастық матч өткізді. Түркияның Анталия қаласында кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Талғат Байсуфинов шәкірттері бұл ойында 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Жақын резервтің деңгейін байқадық

Ақпан айының басында Қазақстан футбол федерация­сының баспасөз қызметі Ұлттар лигасы аясында Молдова құрамасымен болатын ойынға дайындық ретінде ҚПЛ клубтарының легионерлері командасымен жолдастық матч өтетіні туралы хабарлады. Ресми мәлімдемеден кейін кейбір футбол жанкүйерлері ҚФФ-ның бұл шешімін түсін­бей: «Легионерлермен ойнағанша, неге өзге елдің құрамаларымен матч өткізбейді? Федерацияның мұнысы несі?» деп таңданыс білдірген еді. Кейіннен ҚФФ мұны ақпан айында ФИФА-ның ресми күндері жоқ екенін, сондық­тан өзге құрамалармен матч өткізу мүмкін емес екенін көлденең тартқан еді.

Жалпы, бұл жерде маңыздысы кіммен ойнауда емес, Қазақстан құрамасының алдағы жауапты ойынға дайындығы, қандай тактика ұстанатыны және жаңа футболшыларды сынақтан өткізіп алуда еді. Дәл осы жағдай туралы футбол сарапшысы Айдын Қожахмет өзінің телеграмм арнасында былай деп жазды: «Кез келген әрекеттің мағынасы және түпкі нәтижесі болуы керек. Егер сізге бірдеңе керек болса, соған қол жеткізу үшін бәрін жасайсыз. Яғни сізде қандай да бір мақсат болу керек. Алайда біз Қазақстан құрамасының кешегі ойындағы түпкі мақсатын түсіне алмадық. Егер бапкерлер құраманың жақын болашақтағы резервін тексеріп көргісі келген болса, бұл бөлек әңгіме еді. Сондай-ақ маңызды ойын алдындағы жолдастық матчқа шетелдік клубтарда өнер көрсететін Бақтиер Зайнутдинов, Марат Быстров, Алексей Щеткин, Георгий Жуков, Стас Покатилов, Ян Вороговский, Игорь Шацкий және тағы басқа футболшылар қатыспаған соң мұны дайындық деп те айтуға келмейді. Жалпы, кешегі ойын мағынасыз матч болды». Бұл пікірмен келісуге де, келіспеуге де болады.

Легионерлермен өткен жолдастық ойында Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Жалпы, шеттен келген­дердің шеберлігі жергілікті футболшылардан бір бас жоғары болуға тиіс. Бірақ бұл ойында ондай артық­шылық байқалмады. Ал кездесуге келсек, бірінші таймда жерлестерімізден Асхат Тағыберген (5-минут) мен Оралхан Өміртаев (21) мергендігімен көзге түссе, екінші таймда қарсыластардан «Қызылжардың» белоруссиялық шабуылшысы Кирилл Сидоренко гол соқты.

Ұлттық құраманың ойындар тарихына зер салар болсақ, бұл Қазақстан футболындағы тұңғыш жағдай емес екенін аңғарамыз. 2012 жылдың тамызында Алматыдағы Орталық стадионда да Мирослав Беранек баптаған ұлттық құрамамыз сол кездегі ҚПЛ легионерлер командасымен кездескен еді. Тартысты өткен матчта 4 гол соғылып, 15 мың жанкүйердің көңілінен шыққан ойын болған-тын.

Қазақстан – Легионерлер арасындағы ойынның ресми хаттамасы:

Қазақстан құрамасы: қақпашы – Мұхамеджан Сейсен, қорғаушылар – Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Александр Марочкин, Әділбек Жұмаханов, Бағдат Қайыров, жартылай қорғаушылар – Асхат Тағыберген, Серікжан Мұжықов (капитан), Арман Кеңесов, шабуылшылар – Оралхан Өміртаев, Абылайхан Жұмабек.

Екінші таймдағы құрам: қақпашы – Бекхан Шайзада, қорғаушылар – Сергей Малый, Дінмұхамед Қашкен, Саға­дат Тұрсынбай, Мақсат Тәйкенов, Әлібек Қасым, Нұр­лан Дайыров, жартылай қорғаушылар – Исламбек Қуат, Элхан Астанов, шабуылшылар – Станислав Басманов, Абат Айымбетов.

Легионерлер құрамы: қақпашы – Марко Милошевич («Астана»), қорғаушылар – Евгений Козлов («Қызылжар»), Али Гаджибеков («Ақсу»), Тарас Бондаренко («Каспий»), Бруно («Ордабасы»), жартылай қорғаушылар – Сергей Тихонов­ский («Қызылжар»), Рати Арзадашвили («Ақ­жайық»), Шафик Тигруджа («Каспий»), шабуылшылар – Эйдер Коста («Тараз»), Симонас Урбис (клубсыз), Рафаэль Оливейра («Қызылжар»).

Қосалқы құрам: қақпашы – Сергей Литовченко («Мақтаарал»), қорғаушылар – Ислам Жилов («Ақсу»), Пламен Димов, Владимир Гиняитис (екеуі де – клубсыз), жартылай қорғаушылар – Тодор Петрович («Атырау»), Паро Юсуф (клубсыз), Никита Маляров («Ақтөбе»), Анатолий Катрич («Атырау»), Расамбек Ахматов («Мақтаарал»), шабуылшылар – Кирилл Сидоренко («Қызылжар»), Корома. Бас бапкер – Андрей Карпович.

Айта кетейік, наурыздың соңында Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясында Молдовамен електік ойын өткізеді. Сол матчта жерлестеріміз жеңіске жетсе, С лигадағы орнын сақтап қалады, егер жеңіліп қалса, D лигаға түсіп қалады.