25 Наурыз, 2014

Хоккей. «Салават Юлаев» серияда алға шықты

311 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

0-hokkey-barys-salavat-22-03-14-4

Кеше, 24 наурыз күні кешке Уфада жергілікті «Салават Юлаев» Құрлықтық хоккей лигасының ширек финалында Астананың «Барысын» қабылдап, 5:2 етіп ұтты. Сөйтіп, Астанадағы соңғы ойынның есебі қайталанды. Мұнда да алаң иелері басым түсті. Бұл туралы Vesti.kz хабарлады. Екі қарсыластың үшінші кездесуінде есепті алаң иелері ашты. Шайбаны форвард Егор Дубровский түсірді. 14-минутта астаналық Роман Савченко алаңнан қуылды. Осыны жақсы пайдаланған уфалық Андрей Зубарев есепті 2:0-ге жеткізді. Екінші кезеңнің 5-минутында Игорь Мирнов қонақтар қақпасына үшінші шайбаны сүңгітті. Осыдан кейін астаналықтар біраз жинақталды. Олар кезең соңына дейін екі шайбаның қарымтасын қайтарып үлгерді. Алдымен Дмитрий Уппен үздік шықса, сосын Брэндон Бочински көзге түсті. Дегенме, «Салават Юлаев» бұған дейінгі басымдығын үшінші кезеңде қайтарып алды. Олар 49-минутта (Теему Хартикайнен) тағы бір шайба соқты – 4:2. Осы есеп матч соңына дейін барды. Ал ойын бітуге бір жарым минут қалғанда, астаналықтар қақпашы Виталий Еремеевтің орнына алтыншы алаң ойыншысын шығарды. Сол кезде уфалықтар бос қақпаға тағы бір шайба салуға қол жеткізді. Осылайша төрт жеңіске дейін созылатын серияның үш матчтан кейінгі есебі 2:1 болды. Әзірге башқұрт хоккейшілері алда. Келесі кездесу 25 наурызда тағы Уфада өтеді. Содан кейінгі матчтың кезегі қайтадан Астанаға келеді. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: vesti.kz Фото: hcsalavat.ru.
Соңғы жаңалықтар