Аймақтар • 16 Ақпан, 2022

Қарағай дәрі

936 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елдің өркендеп, дамуы үшін өнертапқыштардың, техникалық мамандардың тынбай еңбек етуі керек. Ол туралы өткенде ғана Президент сөз еткен. Ал жуықта Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушылары екі бағытта ғылыми зерттеу жүргізіп, жаңалық ашты.

Қарағай дәрі

Кішкентай өнертап­қыш­тар жұмыстарына бір жыл уақыт жұмсаған. Мысалы, Әмина Тұрсынғалиева мен Рада Кенченбаевалардың «Қарағай – денсаулық ке­пілі» атты жобасы мынау індет өршіген заманда өте өзекті тақырып. Күрделі жобаны қолға алған олар кәдімгі қарағайдан дә­рілік препарат дайындау мүм­кіндігін дәлелдеді. Бал, қант, спирт қосылған қа­рағай бүрлерінен емдік си­роптар жасап көрді. Жа­саған дәрілік шырындары жоғарғы тыныс алу жолдары ауруларының алдын алуға пайдалы деседі. Сон­дай-ақ иммунитетті кү­шейтеді. Дәл осы ғылыми жұ­­мыста қарағай шайырын алудың тиімді жолдары да көр­сетілген. Шайырдың өзі мың да бір ауруға ем. Ме­­­дицина тілімен айтсақ, ауыз қуысының ауруларына қарсы фитонцид болып есеп­теледі екен. Зиянды ми­кро­­ағзалардың өсуін тоқ­та­тып, барын өлтіреді.

– Оқушыларымыз жа­­сап жатқан дәрілік шы­рындардың құрамына ұқ­сас дәрілер нарықта саты­­лым­­да бар. Біздікі серти­фи­кат­талмаған дегені бол­маса, дәрілік қасиеті зор. Шәкірттеріміз алда­ғы уа­қытта емдейтін аромате­ра­пиялық шамдар жасауды ойластырып жатыр, – дейді ғылыми жетекшілердің бірі Альбина Ишмухаметова.

Ал Дархан Поезқанов пен Аружан Махамбетовалардың «Картоптың өнімділігіне тыңайт­қыштың әсері» тақы­ры­бындағы жоба Се­мей­де бұрын-соңды қолға алын­баған.

– Картоп өнімділігін арттыру мақсатында жұмыс істеген оқушыларымыз да аз тер төкпеді. Зерттеу жұмысы үшін жұмыртқа қабығы, ағаш күлі, көң және пияз қабығы сынды тұрмыстағы органикалық және бей­органикалық заттарды қол­данды. Зерттеу кезінде ағаш күлі мен жұмыртқа қа­­­­бы­ғының артықшылығы байқалды. Өйткені осы ты­ңайтқыштар қосылған картоп түйіндерінің салмағы анағұрлым артық болды, – дейді жетекшілері Айнұр Садықова.

Сүйіншілі жаңалық, өнер­тапқыш оқушылар осы еңбектерімен Вi­lim-or­­kenieti ұлттық инно­ва­ция­лық ғылыми зерттеу ор­талығы ұйымдастырған рес­публикалық «Үздік ғы­лыми жоба авторы» бай­қауы­ның жеңімпазы атанды. Жас зерттеушілерге І дәрежелі диплом, куәлік, төсбелгі табысталып, ең­бек­тері материалдар жина­ғына енгізілді.

 

Шығыс Қазақстан облысы